Руханият

Берері мол бес томдық

Биыл − елімізде біртуар алып тұлғалардың мерейлі даталарына толы жыл. Ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің алыбы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойы да аталып өтуде. «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының таңдамалы шығармалар жинағы жарыққа шықты. Осыған орай облыстың ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарағанды облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қасым үйінде аталған бес томдықтың тұсаукесері өтті.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Шараға білім және дін істері басқармалар өкілдері, кітапханашылар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері қатысты. Шараға қатысушылар ең алдымен Қасым музейін тамашалады. «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігі республикада екі жыл бұрын құрылып, қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастырып, ұрпақ тәрбиесін, отбасылық, ұлттық құндылықтарды насихаттап келеді. Бүгінгі күні Қарағандыдағы филиал облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен, облыстың білім басқармасымен, Аналар кеңесімен, жастар ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан.

«Сенімен болашақ» ұйымы бұған дейін Алаш арыстарының жүз жыл бұрын жазылған еңбектерін қайта өңдеп шығарған болатын. Ол кітаптар барлық мектептердің, кітапханалардың игілігіне айналып, тәрбие құралы ретінде қолданылып жатыр. Биылғы жылдың маусым айында

«Сенімен болашақ» құрылтайшысы Нұркен Асановтың қолдауымен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бес томдық кітабы шығарылды. Кітап Астана қаласында ғалымдар мен тарихшыларға, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарына, министрліктер мен зиялы қауым өкілдеріне таныстырылып, ресми тұсаукесері өтті.

− «Сеніммен болашақ» құрылғанынан бастап, руханият саласына ерекше көңіл бөліп, Алаш арыстарының кітаптарын қайта жарыққа шығарды. Ол мектептерге таптырмас құрал десем де болады. Өйткені, оның ішінде Мағжан «педагогикасы» бар, Ахмет Байтұрсынов пен Жүсіпбек Аймауытовтың бірегей оқулықтары бар, – деді «Сеніммен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Индира Жанұзаққызы.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Рухани мәдениетімізді електен өткізу бағытында көптеген жұмыстар атқарылғаны баршамызға белгілі.

– Біріншіден бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға облыс басшылығы атынан үлкен алғыс айтамын. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы − ұлтымызға үлкен рухани азық қалдырған тұлға. Бұл − біз үшін үлкен мәртебе. Облыс тұрғындарының рухани тұрғыдан дамуына көптеген септігін тигізеді,– деп пікір білдірді облыстың дін істері басқармасының басшысы Жанболат Сектай.

Кітап тұсауын Жанболат Сектай және Әл-Машани мешітінің имамы Асылхан Темірханов кесті.

− Әр жұма уағызында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қозғап кеткен мәселелерін айтып отырамыз. Баланың тәрбиесі болсын, отбасындағы әкенің орны болсын, қоғамдағы тұрақтылық пен қоғамдағы дамудың өзіндік бір ерекшеліктері болсын, соның барлығында біз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын тілге тиек етеміз. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Қарағанды облысы өкілдігінің атынан, облысымыздың бас имамы Естай Айтуғанұлының атынан кітаптың тұсаукесерімен құттықтаймыз,− деді Әл-Машани мешітінің имамы Асылхан Темірханов.

Шара соңында ұлтымыздың мәдениеті мен руханиятына үлес қосар бұл жауһар мұра оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Рахат Қайратұлының табыстауымен облыстың алты кітапханасына, алты мешітіне, алты мектебіне сыйға тартылды.

Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің II курс студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button