Берекенің бастауы – «Отбасы күні»
Жер бетінде адамзат жаралғалы пенде баласы түрлі қауымдастыққа бөлінді. Соның ең баяндысы мен аяулысы отбасы болса керек. Отбасы – адам қоғамының қалыптасуымен бірге пайда болып, әлеуметтік институтқа айналды. Мемлекеттік бірліктің түп тамыры да, қазығы да отбасында жатыр. Сондықтан да, ұлы қазақ «Отан – отбасынан басталады» десе керек. Әр елдің өзіне тән отбасы құндылықтары бар. Ал, қазақ отбасының құндылығы неде?
Отбасының бақытты болуына, айрандай ұйыған шаңыраққа айналуына мемлекет қандай қолдау жасайды?
Құны да, мәні де зор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қарашаңырақтан бастау алады», – деген болатын «Отбасы күні» мерекесіндегі құттықтау сөзінде.
Расымен де, әрбір адам үшін өзінің өсіп-өнген шаңырағы, өзінің түлеп ұшқан ұясы – дүниедегі ең аяулы ортасы болып қала бермек. Қай елде де отбасының құны мен мәні жоғары. Бұл тұрғыда елімізде отбасылық құндылықтарды, туысқандық қатынасты нығайтуды, отбасы мүшелерінің бір-біріне қамқорлығын арттыруды көздейтін «Отбасы күні» мерекесі атап өтіледі. 2013 жылы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіліп, «Отбасы күні» қыркүйек айының екінші жексенбісіне белгіленіп, алғаш рет тойланған болатын.
Нуклеарлы отбасы қандай отбасы?
Отбасы – адам баласының дүние есігін айқара ашқан сәттен бастап енетін үйі, тәрбиеленетін жылу ошағы, орнын ешнәрсемен алмастыра алмайтын ең алғашқы ұжымы. Қай кезде де, отбасының ұрпақ тәрбиесіне ықпалын ештеңенің күшімен өлшеуге келмейді. Қоғамдық тәрбиенің өзі осы отбасылық тәрбиеден бастау алады.
Отбасынан бөлек, кез келген білім беру ошағында отбасы құндылығы насихатталып, тәрбие беріледі. Мәселен, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде студенттер ата-аналық әлеуметтану, адам әлеуметтануы пәндерінен сабақ өтеді. Саясаттану және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы Жанар Сапарғалиқызы «Қоғамның әлеуметтік институт ретінде отбасы ұрпақтан-ұрпаққа құндылықты тасымалдап жеткізуші» деді. Қоғамның әлеуметтік иммунитеті ретінде студенттерге тарих пен мәдени мұраны сақтау насихатталады екен.
– Қазақ халқы үшін отбасы құндылығының мәні жоғары, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, көз қарашығындай сақтап келеді. Алайда, бүгінгі күні урбанизация және цифрлану заманында отбасы рөлінің өзгеріске ұшырағанын көрудеміз, – деді оқытушы.
Оның айтуынша, отбасы құндылығының рөлі заман ауысқан сайын өзгеріске ұшырауда. Бұрын отбасы мүшелерінің барлығы бір шаңырақ астынан табылса, қазір қалаларға көшу нәтижесінде нуклеарлы отбасы (тек ата-ана мен балалар) пайда болды. «Бұл жастардың ата-анадан тәуелсіз шешім қабылдауына мүмкіндік берсе де, ұрпақтар арасындағы байланысты әлсіретеді. Қазіргі уақытта бір үйдің ішінде ата-анасы мен балалары арасында жылу жоқ, тек телефонмен ғана цифрлық жақындық бар. Бұл адамның шынайы қарым-қатынасын жоюға, жалғыздыққа әкеледі. Сондықтан, цифрлық тәуелділіктен арылып, аптаның бір күнін отбасы күніне арнау қажет», – деген маңызды ой айтты Жанар Сапарғалиқызы.
Қолдау орталықтары бар
Кез келген отбасы – қоғамның басты тірегі. Оларға жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттің маңызды міндеті. Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарға, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсететін облыста он Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Мұнда заңнамалық, психологиялық, әлеуметтік, білім беру және басқа да бағыттар бойынша ақпараттық кеңес беріледі, түсіндірме жұмыстары жасалады. Орталықтарда психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Бұдан бөлек, орталықтар отбасын нығайтуға да жан-жақты қолдау көрсетеді.
Бүгінгі күнге дейін облыстағы Отбасын қолдау орталықтары өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға «FSM Social» мобильді қосымшасы арқылы 1088 кеңес беріп, мемлекеттік органдарға 279 іс жолдады.
Мұндай орталық Теміртау қаласында да бар. Орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетумен қатар, дағдарыс орталығының қызметін де атқарады және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарға арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынады.
Биыл 196 адам, 58 отбасы қамтылған, оның 136-сы – балалар. Бұл отбасылар қатыгездікке ұшыраған, арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж.
Көмек әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге, жұмыспен қамтуға, балаларды мектепке дейінгі мекемелерге орналастыруға, жалпы білім беретін мектептерге тіркеуге, құқықтық кеңес көрсетуге, тиісті жәрдемақылар, өтемақылар мен төлемдерді алуға жәрдемдесіп, психологиялық және медициналық көмек көрсетуге бағытталған.
Орталық құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істейді. Көмекке жүгінген тұлғаларды аталған орталықтар құқық қорғау органдарымен байланыстырады.
Отбасы күні қарсаңында Отбасы қолдау орталықтарында түрлі іс-шаралар, семинарлар мен тренингтер өткізу жоспарланыпты.
Шаңырақ көтергендер көбейді
2009-2021 жылдар аралығындағы кезеңде еліміздегі отбасылар саны көбейгені байқалды. Атап айтар болсақ, 38,7%-ға өсіп, 5 578 947 отбасы санын құрады. 10 жыл ішінде өсу көрсеткіші 1,5 млн-нан асқан екен. Елдегі барлық өңірлерде отбасын құрғандар саны көбейіпті. Алайда, қарқындылығы әртүрлі болғанымен, азайып та жатыр. Оған – ажырасу себеп. Қаншалықты көбейсе де, жолы екіге бөлінген жандар көп. Мәселен, орташа отбасы мөлшері 2009 жылғы 3,5 адамнан 2021 жылы 3,2 адамға дейін азайыпты.
Ал Қарағанды облысында 2019 жылы 361 962 отбасы құрылса, 2021 жылы отау құрғандар саны көбейіп, 408 мыңға жуықтады. 2021 жылғы халық санағында балалы отбасылар саны да анықталды. Өңірімізде бір ғана баласы бар отбасы 140 мыңнан асады. Статистика мәліметінше, басқа аймақтармен салыстырғанда өңірде көпбалалы отбасылар үлесі көп емес. 4 немесе одан да көп балаларды өсіріп, тәрбиелеп отырған 12 мыңнан аса отбасы бар. Алайда, бұл төрт жыл бұрынғы көрсеткіш екенін ескерген жөн. Бұл халық санағының 2021 жылғы қорытындысынан және «Неке және отбасы» статистикалық жинағынан алынды.
Отбасы – қоғамның тірегі. Шаңырақ құрғандар көбейсе, мемлекет мерейі өседі, ел іргесін бекітетін күш арта түседі. Ал, оны шайқалтпау – тұлғаның адамдық болмысы мен ар-ұятына тән қасиет. Сондықтан, отбасының қадір-қасиеті, шаңырақтың беделі, отбасының абыройы – кез келгені үшін өмірлік жауапкершілік жүктейді.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»