Берекелі жылдың биік белестері
Өңірлік коммуникациялық қызмет алаңында Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын журналистермен брифинг өткізіп, ауданның 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен биылғы жоспарлары туралы әңгімеледі.
– Бұқар жырау ауданы – облысымыздың іргелі аудандарының бірі. Мұнда өнеркәсіп те, ауыл шаруашылығы да, сонымен қатар, басқа да салалар үйлесімді даму үстінде, – деген Ерлан Бейсембайұлы одан әрі осы салалардың әрқайсына жеке-жеке тоқталды.
Атап айтқанда, жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 90,5 миллиард теңгені құрап, ол өткен жылғыдан 13,8 пайыз артық болған. Аудан аумағында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы орналасып, 3 көмір разрезі жұмыс істеп, осындағы ұқсату кәсіпорындары сыртқа 12,2 миллиард теңгенің өнімдерін экспорттаған.
Қазірде ауданда 3845 шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліп, оларда 8 мыңнан аса адам кәсіп қылады. Бұлардың бөлшек тауар айналымының көлемі өткен жылы 9,6 миллиард теңгеге жетіп, былтырғы деңгейдің 132,5 пайызын құраған. Кәсіпкерлікті дамыту және қолдау мақсатында 2024 жылы 20 жобаны қаржыландыруға 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініпті. Ал, өз кәсібін ашқысы келген жастарға 16,5 миллион теңгенің 13 гранты берілген екен.
Жалпы аудан бойынша бизнестің 35 субъектісі ашылып, олар 125,4 миллион теңгенің саудасы мен қызметін жасап, 47 адамды жұмысқа қабылдаған. Өткен жылдың қорытындысында ауданда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 87,6 миллиард теңге болды.
Аудан әкімі Ерлан Құсайын осы жылы өздерінде дәнді дақылдардан рекордтық өнім алынғанын мақтана айтты. Яғни, оның егістігінің әр гектарынан 15 центнерден өнім түсіп, 200 мың тоннадан артық астық жиналса, 47 мың тонна картоп, 5,6 мың тонна көкөніс теріліп алынған көрінеді.
Ауданның агроөнеркәсіп банкі кешенінде 2,5 миллиард теңге сомасына 8 жоба іске асырылып, 45 жұмыс орны құрылған. Қайта өңдеу саласында да 410 миллион теңгенің 2 жобасы, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде өсімдік шаруашылығында 2,5 пайызбен несие беру есебінен 1,7 теңгенің суармалы жерлерді ұлғайтудың 3 жобасы жүзеге асырылды. Несиелендіру бағытындағы жұмыс жалғасып, биыл 10,5 миллиард теңгенің 6 жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Сол сияқты биыл агроөнеркәсіп кешенінде басқа да қаржы институттары арқылы тағы да 3 жобаны жүзеге асыру көзделіпті.
Бұқар жырау ауданында да «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыра бастаған уақыттан бері 800 миллион теңгенің 94 несиесі беріліп, 180 жаңа жұмыс орны құрылған.
Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарының тәжірибесін ескере отырып, әлеуметтік кооперативтер құрудың 9 жобасын іске асыру жоспарда бар. Мәселен, Үштөбе ауылында балаларға арналған 29 миллион теңгенің Иппотерапия жобасын іске асыру барысында жылқылар сатып алынып, емдік тамақтануды ұйымдастыру мен ауруларды иппотерапиямен емдеу үшін кешен салынбақ.
Өңірде қалыптасқан пайдаланылмай және игерілмей жатқан 26,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, бұл жұмыс одан әрі жалғаспақ.
Жайылымдық жерлердің ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы үшін «Жайлау» жобасы облыс бойынша 2023 жылдан бастап, пилотты түрде бірінші рет осында жүзеге асырылып, екі жыл ішінде 13 ауылдың жайылымдық жерлерінің инфрақұрылымын жасақтау мәселесі шешіліп, бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 176,9 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылы аудан бойынша 30 миллиард теңге болып, 10 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Жеке үй саламын деушілерге қосымша 655 жер телімі беріліп, өткен жылы 1 миллиард теңгеден аса сомаға жаңадан салынған 38 пәтер мен қайтарма нарықтан 16 пәтер сатып алынып, неше жыл кезекте тұрғандар мен әлеуметтік осал топтағы отбасыларына берілген. Осы соңғы санаттағы адамдар үшін тағы да 10 пәтер сатып алып, Ғабиден Мұстафин кентінде жалға берілетін 24 пәтердің құрылысы аяқталмақ.
Доскей ауылындағы бес қабатты екі үйдің 60 пәтері қалпына келтіріліп, енді осындай бір үйдегі 30 пәтер жаңғыртылады. Үштөбе аулында тағы 4 пәтер жөнделеді. Сөйтіп, биыл аудан бойынша үй кезегінде тұрған 1001 адамның 170-інің баспана мәселесі шешілетін болады.
Ауданда 2024 жылы кентішілік 29,5 шақырым жолдарды жөндеуге 2 миллиард теңге жұмсалса, осы ағымдағы жылы 2,3 миллиард теңгеге тағы 56,6 шақырым жолдар жөнделмек.
Сол сияқты «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 8 елдімекеннің 41,1 ішкі жолдары мен Ақжар, Ащысу, Төрткөл, Ғабиден Мұстафин ауылдарына кіреберіс 15,5 шақырым жолдарға да орташа жөндеу жасалынып, Нұра станциясы мен Үштөбе ауылындағы жайлы мектептерге баратын жолдар да жөнделіп бітеді.
Бүгінгі таңда ауданның 63 елдімекені немесе тұрғын халқының 99 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етіліп отыр. Осы межені енді 100 пайызға жеткізіп, қалған 5 ауылды сапалы ауызсумен қамту белгіленген.
Республикалық «Ауыл – ел бесігі» жобасы бұл ауданның 46 ауылын, яғни, 70 пайызын қамтиды. Соның аясында өткен жылы 4,5 миллиард теңгенің 19 жобасы жүзеге асқан. Атап айтқанда, 8 ауылдың 22,7 шақырым жолы жөнделіп, Ғабиден Мұстафин кентінде Денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, Доскей ауылының су құбыры желілері жаңартылып, Үштөбе мен Доскей ауылдарында клуб құрылысы аяқталды.
Ал биыл 2,5 миллиард теңгенің 14 жобасын жүзеге асыру жоспарланған.
Бұқар жырау ауданында «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде Доскей, Үштөбе ауылдары мен Нұра станциясында әрқайсысы 300 орындық 3 мектеп салынуда. Новостройка ауылына жаңа мектеп салынды. Гагарин ауылы мектебіне қосымша жапсарлас құрылыс жүргізілуде. Негізі, өткен жылы 367 миллион теңгеге 20 білім ошағы жөндеуден өткен.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 20 медициналық нысан салу жоспарланса, бүгінге дейін соның алтауының құрылысы тәмамдалған. Қалғаны биыл салынып бітпек.
Өткен жылы ауданда жаңадан 3 мәдениет нысаны бой көтеріп, 7 нысанға 100 миллион теңгенің күрделі жөндеуі жасалған. Алдағы уақытта Қушоқы кенті мен Самарқанд ауылының клубтарына 52,8 миллион теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылы ауданның Центральное ауылындағы спорт залына күрделі жөндеу жасалып, Ботақарадағы орталық стадион ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен бірге Үштөбе мен Үміткер ауылдарында екі функционалды хоккей корттары және Төрткөл ауылы мен Қушоқы кентінде де шағын футбол алаңдары орнатылған.
Қарақұдық ауылы мен Ғабиден Мұстафин кентінде Денешынықтыру-сауықтыру кешендері салынып, ел игілігіне берілсе, ауданда «Арлан» спорт клубы құрылды.
Енді биыл «Самұрық-Қазына» қоры Баймырза мен Доскей ауылдарында, Қушоқы кентінде осындай спорт кешендерін салса, аудандық бюджет есебінен бірнеше елдімекенде спорт алаңдары орнатылмақ
Міне, өткен жылғы бағындырған биіктері мен биылғы жоспарларын осылайша баяндап, саралаған Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын брифинг соңында журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы
Сурет ұйымдастырушылардан