Бас тақырыпҰлытау

Берекелі істің бастауы

Елбасы барлық деңгейдегі атқарушы билік органдарына жүктеген міндеттерге сәйкес, Ұлытау ауданында ауылшаруашылығы саласын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолданысқа енгізуге жете мән беріле бастады. Мәселен, аудан орталығынан аса қашық емес аумақта орналасқан «Нұргүл» шаруа қожалығы – орайлы мүмкіндікті оңтайлы пайдаланғандардың бірі. Аталған шаруашылық жуырда ғана Ресейден асыл тұқымды герефорд торпақтарын сатып алып, Ұлытау баурайына жеткізді. Өз әрекеттерін берекелі етуді мұрат тұтқан қожалықтың тыныс-тірлігімен аудан әкімі Әнуар ОМАР арнайы барып танысты.

Игілікті іс «Сыбаға» бағдарламасы аясында «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамынан 43 млн. 200 мың теңге несие қаражатын алу нәтижесінде реттелді. Қазір бұл шаруа қожалығы бұрыннан бағымда бар мал түліктерімен қоса, 14-18 айлық асыл тұқымды 63 герефорд торпағы мен асыл тұқымды бір ақбас бұқаны күтімге алып отыр. Алыс аймақтан жеткізілген торпақтардың салмағы 250-300 келі шамасында. Олардың әрқайсысына талапқа сай сертификаттар берілген. Сөз орайы келгенде «Нұргүл» шаруа қожалығы герефорд тұқымды малды Қарағанды облысы аумағында өсіруге бел буған алғашқы шаруашылық екендігін айта кету артықшылық етпейді.

Өркендеуге бағыт алған шаруашылықтың күнделікті тіршілік ахуалын сараптамалы тұрғыда бағамдаған Әнуар Серікбайұлы малды баптау мен күту жұмыстарын ұтымды ұйымдастыра білген қожалық иегері Бағлан Дәріпбаев пен оның төңірегіндегі адамдарға шынайы ризашылығын білдіріп, еңбектеріне толайым табыс тіледі. Бұл жерде, шынымен де, іс тетігі табылғаны анық байқалады. Асыл тұқымды малға арналып жаңа қор салынған. Қораның ветеринарлық-санитарлық тазалық толық сәйкес келетіндігі де «көзге ұрып» тұр. 25 метр тереңдіктен су соратын ұңғымасы қалыпты жұмыс істейді, малды суаруға арналған астаулары да сақадай-сай, төңірегі әдеттегіден тыс тап-таза.

– Герефорд асыл тұқымды сиырлары бастапқыда Канадада будандастырылған екен. Суыққа төзімді, қораның жылы болуын аса қажетсіне қоймайды. Жемшөп талғамайтын қасиеті тағы бар. Әзірге бұлардың карантиндік мерзімі аяқтала қойған жоқ. Сондықтан, басқа малдан бөлек бағып отырмыз. Тәуекелмен қолға алған істің келешекте нәтижелі боларына шек келтірмейміз. Біз – төрт түлікті бағыпкүтудің ерекшеліктерін ерте бастан-ақ мейлінше меңгерген елдің ұрпақтарымыз, – дейді өзгелерге үлгі болар істің басы-қасында жүрген шаруашылық жетекшісі Бағлан Дәріпбаев.

Аудан әкімінің экономика және ауылшаруашылығы саласына жауапты орынбасары Мақсұт Оспановтың айтуынша, ет өндіру бағытындағы ірі қара малының экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы – ауылдағы мал өсіріп отырған, сол арқылы ырзық-несібесін еселей түсуге ниеттеніп отырған қалың елге берілген аса қолайлы мүмкіндік. Тиісінше, жағымды үрдіс алдағы уақытта жарасымды жалғасын табуы тиіс, себебі, мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тиімділігін түсіндіру мен насихаттау шаралары жүйелі жүргізіліп келеді. Қайтарымы мол бұл іспен тек сала мамандары мен селолық округтер әкімдіктері ғана емес, мақсатты негізде құрылған ақпараттық-насихат топтары да белсенді түрде айналысу үстінде.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button