Жаңалықтар

Берекелі болашақтың бағдары

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауын қазақстандықтар қызу талқылап жатыр. Мемлекет басшысы бұл жолы да тұтас мемлекет пен қоғам үшін маңызды мәселелерге тоқталды. Мұнда жаңа бастамалармен қатар, бұған дейінгі Жолдауларда айтылған мәселелерге, берілген тапсырмалардың орындалуы да сөз болды. Жаңа құжаттың өзегі жайлы облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Қарағанды облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Айжан Қиясова әңгіме өрбітті.

Сурет: Айжан Қиясованың жеке мұрағатынан

– Жолдауда идеялар мен жаңа бастамалар айтылды. Қоғам үшін маңызды мәселелер деген талай мәселе қаузалды. Сіз үшін жаңалық болғаны қайсы?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық бастамалары орынды. Десе де, ерекше атап өткім келетіні – банк жүйесіне қатысты өзгерістер. Мемлекет басшысы басты үш өзгерісті айтты. Онымен толықтай келісемін. Шынымен де, қазіргі таңда нақты секторда жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге өте қиын. Оларға қаражат жетіспейді, мәселе шешімін таппай келеді. Сондықтан, Президент банктер мен Үкіметке бірлесіп шешімін іздеуді тапсырды. Себебі, экономикаға қаржы құю қажетті деңгейде емес. Кәсіпкерлермен сөйлесе қалсаңыз, екінің бірі «Қаражат болса, оны алу рәсімі мен пайызы жеңіл болса» деп сұрайды.
Экономиканы қаржымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етпесек, кәсіпкерлер алдағы уақытта қиын жағдайға тап болуы ықтимал. Екінші жағынан, халықаралық сарапшылар айтқанындай, банктер өте көп пайда табатыны күмәнсіз. Сол пайдаға сәйкесінше төленетін салықты ойластыру керек. Инновациялық жаңалықтар мен технологияларға сәйкес жаңа механизмдерді енгізу үшін банк саласының заңнамаларын өзгертіп, толықтырулар қажет екені анық. Банк жүйесіндегі өзгерістер шағын және орта бизнеске тікелей әсер етеді. Жалпы Президент кәсіпкерлерді қолдау туралы үнемі айтады. Кәсіпкерлердің басты мәселесі – жоғарыда айтқанымдай, қаржы тапшылығы. Бюрократиялық ережелерді азайтып, сенімді кәсіпкерлерге берілетін кепілсіз несиеге қол жеткізсе, жақсы болар еді. Әйтпегенде, жоғары пайызбен кепілсіз несие берілді немесе кепілге қойылған мүлікті банк алып қойған жағдайлар бізде өте көп.

– Жеке инвестициялар тарту үшін салық саясаты тұрақты болуы керектігі айтылды Жолдауда. Президент айтқан өзгерістің мәні неде?

– Салық саласындағы өзгерістер қоғам үшін маңызды. Цифрлық қадағалау, бақылау жүйеге жеңілдік әкелді. Үкімет кәсіпкерлер, қауымдастық өкілдерімен бірлесіп Салық кодексін талқылады. Біз де жергілікті деңгейде кәсіпкерлермен сөйлестік, пікір алмастық. Президент халық үніне құлақ асып, құжатты қабылдау процесін келесі жылға қалдырды. Оған дейін әлі де жан-жақты талдап, пысықтар тұстары бар. Салық қарым-қатынастары – мемлекетіміздің кіріс бюджетінің ең маңызды бөлігі. Сондықтан, асықпай, барлық пікірлерді тыңдап, бірыңғай шешімге келген дұрыс. Мемлекет пен кәсіпкерлердің пікірі бірауыздан шықса, ол заңды халық жақсы қабылдайды. Жеке табыс салығын азаматтардың кірісіне қарай дефференциациялау – көптен күткен өзгеріс. Ол пайдасын тигізеді деп ойлаймын. Салықтық шараларды цифрлық форматқа ауыстырғаннан кейін бұл жұмыс жақсы деңгейде басталды. Президент бұл істе жазалау тәсілінен бас тартуды ұсынды. «Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс», – деді Президент. Іске асса, үлкен көмек.

– Иә, әр Жолдауда айтылған тапсырмалардың іске асуын қадағалау қоғам үшін маңызды. Сөзбен емес, іспен көрсетіп, көзін жеткізу керек. Бұл тұрғыда халықтың жалпы Жолдауларға деген көзқарасы туралы не айтасыз?

– Заңгер болғандықтан, Жолдауда айтылған нормативтік-құқықтық актілерге қатысты өзгерістер, барлық бастамалар мен үшін қызықты. Ол әр азаматтың өміріне қатысты болғандықтан, сарапшы ретінде жауапты қараймын. Экономикалық, саяси, қаржылық сауаттылық жоғарылап кетті десек те, кейінгі екі-үш жылда халықтың Жолдауға деген қызығушылығы артқаны байқалады. Оны тұрғындар біздің болашағымыз үшін қажетті, маңызды құжат деп тани бастады. Президенттің әр Жолдауда айтқандары іске асқан сайын халықтың күдігі сейіледі, өзгерістерден үміт күтеді. Түрлі салада жүрген көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың барлығы Жолдауда айтылғандарға құлақ түреді. Сол арқылы мемлекеттегі жаңа тенденцияларды біліп, даму бағытымен қатар жүреді.

– Келер жылды Президент «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осы кезде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажеттігін айтты. Кадр әлеуетін көтеру үшін Сіздің ойыңызша не істеу керек?

– Бүгінгі таңда мемлекетте, қоғамда кадр тапшылығы зор. Оны бәріміз біліп, байқап жүрміз. Мамандар жұмысқа құлықсыз, жастар еңбекақысы аз болғандықтан қызықпайды. Бұл жылы колледжге түсетін, орта білім алатын жастарды қолдау керек деп ойлаймын. Жас отбасылар болса, әлеуметтік көмек көрсетіп, түлектерге жұмыс тауып беріп. Сала мамандарды да назардан тыс қалдырмау қажет. Елімізде ашылатын шетелдік университеттердің филиалдарын елемеуге болмайды. Жастарға жағдай жасаумен қатар, түсіндіру қажет. «Мына сала болашақта сұраныста болады, мына сала еңбек нарығында қажет емес, я болмаса, мына жұмыста көп ақша табасың» деген сияқты айтылуы тиіс. Біздің қоғамда бір жылдары экономист пен заңгер көбейіп кетті. Қазір соның кері әсерін көріп отырмыз. Елдің дамуына кедергі келтіріп отыр. Жастар қара жұмыстан қашып, бастық болғысы келеді. Еңбек адамдарына қолдау көрсетіп, құрметпен қараса, жоғары еңбекақы болса, жастар келеді.

– Отбасының әлеуметтік мәселелері назардан тыс қалған емес. Отбасы институтын нығайтуға қатысты қабылданған шаралар қаншалықты нәтижелі? Бұл мақсатта тағы не істеуіміз қажет?

– Отбасыларды әлеуметтік қолдау жөнінде Президент барлық Жолдауында айтады. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалатыны рас. Президент тапсырмасынан кейін балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы төлемдер беріле бастады. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында елдегі барлық балаға Ұлттық қордың табысынан қаражат аударылып жатыр. зорлық-зомбылық құрбандарына көмек қолын созу, уақытқа тұрғынжаймен қамту, психологиялық, құқықтық көмек көрсету жолға қойылған. Осы салада жергілікті ақтару органдары, волонтерлер, полиция қызметкерлері және басқа да жанашыр жандар бас қосып, еңбек етуде. AMANAT партиясы азаматтардың қаржы сауатсыздығын жою бойынша жақсы бастаманы қолға алды. Шынында да, қарыз, несие алып, оны өтей алмай, шырмалып қалған, осының салдарынан отбасы ойрандалғандар көп. Бұл жағынан мемлекет те көмек берді, қарыздарын жауып берді. Жалпы, Президент қоғамдағы ең өзекті деген, халықтың көкейіндегі мәселелердің барлығын Жолдауына қосқан. Есірткі мәселесінің, қоғамның әлеуметтік кеселдері, әскердегі келеңсіздіктердің сөз болуы қоғам белсендісі ретінде, ана ретінде менің көңіліме жақты. Алдағы уақытта отбасының цифрлық картасы толық көлемде жүзеге асырылады, Президент тапсырған «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске қосылады деп ойлаймын.

– Қазір қазақстандықтар үшін АЭС салу өзекті мәселеге айналып отыр. Бұған қатысты Сіздің ойыңызды білуге бола ма?

– Бүгінгі күні елдегі энергетика инфрақұрылымының тозғанын ескерсек, қуат тапшылығын жоятын жалғыз шешім. Алайда, қоғам өкілі ретінде қауіпсіздік мәселесі маңызды екенін айтқым келеді. Экологиялық, техникалық қауіпсіздік мәселесі, оны қай елдің салатыны, қай елдің тәжірибесіне сүйенетінімізді ел болып шешуіміз керек. Одан кейін онда жұмыс істейтін ұлттық кадрлар мәселесі маңызды. Мұны қазірден бағдарлауымыз керек. Себебі, бұл біздің тәуелсіздігіміз үшін стратегиялық мәселе.
Ел болашағын ойласақ, энергия қуаты тапшылығын жоюымыз керек. Қазір оны шекаралас елдерден алып отырғандықтан, қарым-қатынасымыз тәуелді болып қала береді. Сондықтан, өзімізде АЭС-тың болғаны жөн. Тек қауіпсіздігіне баса мән беріп, өз мамандарымыздың болғанын қамтамасыз етуіміз керек.

– Бюджет қаражатын тиімді пайдалану Сіздің ойыңызша қалай? Не нәрседен бас тартуымыз қажет?

– Бюджетке ұқыпты қарау – нақты шығындарды ажырату. Білім, медицина, жол салу, ТШК мәселелері халықтың өмірін жақсартуға байланысты шығынды орынды деп санаймын. Онымен байланысты емес шығындарды азайту керек сияқты. Осы шақтағы жағдайымызды шешсек, мұндай қағида дұрыс. Өзіміз де отбасылық бюджетті қарастырғанда керек емес шығындарды азайтып, дәл қазіргі таңда маңызды деген салаларға молырақ жұмсаймыз ғой. Бұл жерде мемлекетіміздің қазір жүзеге асырып жатқан стратегиялық үлкен мақсаттары бар екенін ұмытпау керек. Мәселен, елдің энергетика саласын дамыту, жол салу сынды міндеттер бар. Оған қаражат табу керек. Сондай-ақ, қарапайым адамның күнделікті сұраныстары өтелуі керек.

– Әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button