Берекелі бірлік – ұлы күш
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында еліміз тәуелсіздігін алған отыз жылға жуық уақытта мемлекет іргесін нығайту мақсатында өзінің басшылығымен атқарылған халықаралық және ішкі саяси-экономикалық бағыттағы жұмыстарға қысқа әрі нақты шолу жасады. Азаттықтың алғашқы жылдарында берекелі бірлігі мен асқақ төзімділігінің, өршіл рухы мен жасампаз еңбекқорлығының, жарқын болашаққа сенімінің арқасында дағдарыс атаулыны дәрменді жеңе білген Қазақстан халқына зор ризашылығын білдірді.
Елбасы ел басқару тізгінін қолға алған сәттегі алғашқы қадамынан бастап-ақ, барлық деңгейдегі қарым-қатынасты татулық пен өзара тиімді ынтымақтастық саясаты негізінде құрып, халықаралық саяси аренада өзі де, республикамыз да зор бедел мен абыройға ие болды. Бейбітшілік пен достық қатынасты басты мұраты ретінде ұстанған елімізге деген әлем мемлекеттерінің қалтқысыз сенімі экономикамыздың қарыштап дамуы мен өркендеуіне серпін беріп, мемлекетіміздің экономикасына шетелдерден миллиардтаған доллар қаржы құйылды.
Аз ғана жылдар аясында Қазақстан қырандай түлеп, жаңарып-жаңғырып, экономика саласы әлемдегі ең озық, ең тиімді технологиялар негізінде қайта құрылды. Аса бай пайдалы қазбалары мен мұнайына ғана тәуелді болмай, әртараптандырылды. Бастауында Елбасының өзі тұрған «Қазақстан-2050» стратегиясы мен «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорындар ашылып, соның арқасында әлемдік бәсекеге қабілетті өнімдер өндіруге қол жеткізілді.
Ел аумағында бұрын-соңды болмаған мыңдаған шақырымды құрайтын теміржол мен автокөлік жолдары салынып, ішкі және сыртқы қарымқатынас пен тауар айналымына мінсіз қызмет ету мақсатында қолданысқа берілді.
Ауыл шаруашылығының тиімді технологиялар тәсілімен қайта құрылып, өркендеу жолына түсуі ел тұрғындарын азық-түлікпен жеткілікті қамтамасыз етіп, Қазақстанды әлемдегі астық экспорттаушы алты мемлекеттің қатарына қосты. Осындай мақсатты негіздегі аса маңызды әрі ауқымды мемлекеттік реформаларды жүзеге асыру үшін жұмсалған қаражат тиімді қайтарымын берді. Сол кездегі реформалардың дер кезінде әрі орынды жүргізілгенін ел тұрғындарының қазіргі өмір сапасы айқын көрсетіп отыр.
«Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі», – деп Ата Заңымыздың бірінші бабында нақты жазылған. Мемлекет өз халқының амандығы мен денсаулығын ең басты мәселе ретінде қарастырып, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын қабылдады. Осы бағдарлама бойынша жүздеген заманауи ауруханалар салынып, олар ең озық медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдердің медициналық жоғарғы оқу орындарында білім алған жас дәрігерлер мен сыртқары елдерде тәжірибеден өткен мамандар денсаулық сақтау саласында зор қажырмен сапалы қызмет етуде. Елорда төрінде орналасып, әлемдік деңгейдегі озық техникамен жабдықталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтар мамандарының кәсіби шеберлігі – кеңінен танымал. Медицина саласындағы алдын ала қамданыс жасалған осындай әрекеттердің нәтижесінде жалпы ұлтқа қатер төндірген коронавирус дертін жұқтырғандардың диагнозы дәл анықталып, дер кезіндегі тиісті емдеу шаралары қалтқысыз жүргізілуде. Сырқаттан айығып шыққандар қатарының күн санап артып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Елбасы өз мақаласында, сондай-ақ, коронавирус індеті бүкіл әлем мемлекеттеріне орасан қауіп төндірген қазіргідей уақытта отандастарын абыржымай, ерікжігер мен төзімділік танытуға, арандатушы ақпараттарға сенбеуге шақырды. Індетті жеңу үшін қажетті жағдайдың бәрі бар екенін, дертті міндетті түрде еңсеріп шығатынымызға сенімінің кәміл екенін ескертті. Ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын – валюта қорындағы 90 миллиард АҚШ долларын тиімділікпен үнемді пайдалану бүгінгідей ел басына түскен ауыртпалықтан алып шығатынын, уақыт сынынан сүріндірмей өтетінімізді атап айтты.
Сонымен бірге, Елбасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 31 наурыздағы халыққа арнаған үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы саласына жасалатын алуан түрлі көмек туралы мағлұмат бергенін айта келіп, «Егер Қазақстанның ұлттық экономикасындағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді», – деді. Кезінде бұл қордағы қаржыны таратып берейік дегендердің болғанын да еске салды және Ұлттық қорда жиналған қаражатты үнемді түрде, рет-ретімен жұмсап, тиімді жаратуды Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға, «Nur Otan» партиясының мүшелеріне тапсырды. Барлық күш-қуатты уақытша қиындықтан шығуға жұмылдыруға ынталандырды.
Ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі. Ұлт денсаулығына еліміздің әр азаматы жауапты, сондықтан, әркім өзінің жеке басының денсаулығына қоса, жақындарының да, басқалардың да денсаулығына ерекше жауапкершілікпен қарап, қажетінше бірбіріне көмек қолын созуы керек екенін, қамқорлық көрсетуге дайын болу – халқымыздың абзал қасиеті екенін еске салды.
Елбасы өз мақаласында қазақтың әйгілі данагөйлері – Әйтеке, Төле билердің, ұлы ақын, хакім Абайдың, даңқты қолбасшы, ұлттың батыр ұлы бауыржан Момышұлының, үнді халқының ұлы гуманисі, мемлекет қайраткері Махатма Гандидің даналық сөздері мен ұлтымыздың мақал-мәтелдерін ұтымды қолдана отырып, ортаға оралымды ойларын салды. Аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдерін, жаңа өскін – жас ұрпақты, кәсіпкерлерді жалпы қоғамға пайдалы әрекеттерге шақырды.
Тәуелсіздік жылдары еліміз сан алуан қиындық пен дағдарысты басынан өткерді. Қандай жағдайда болсын, Елбасы түйткілді мәселелерді ел алдында ашық айтып, өз ойы мен мемлекет тарапынан жасалатын барлық шараларды, жоспарлары мен бағдарламаларын Жолдаулары арқылы жария етіп отырды. Әр ісі мен әрекетінің нәтижелері елді дамудың берекелі белестеріне көтерген Көшбасшысына халқы кәміл сенді. Халқының жасампаз қажыр-қайратына, ұлттың ғажайып рухына елбасы да сенді. Осындай кіршіксіз сенім Қазақстанның әлемдегі абыройын асқақтатып, беделін биік деңгейге көтерді.
Халқымыздың төзімі мен тегеурінді тәртібі, жарқын болашаққа, мемлекетке, оның басшыларына деген қалтқысыз сенімі коронавирус індетін де жеңіп, келмеске кетіретіні, күні ертең-ақ, алаңсыз қалыптағы өмір ахуалына ауысып, жарқын дәуреннің салтанат құратыны ақиқат. Елбасы атап өткендей, оған мемлекетіміздің күш-қуаты да, халқымыздың қайрат-жігері де, дәрігерлеріміздің білімі мен біліктілігі, еліміздің қауіпсіздік, қорғаныс саласындағы қабілеті де жеткілікті.
Ғазым ЖАРЫЛҒАПОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы.