Берекелі ауыл бар бұл өңірде
Тарихи деректермен аз да болса, жұмыс істеу дағдысы бар жандар бір жайтқа ден қойылғанын ұнатады. Ол – белгілі бір оқиға, құбылысты сандағы уақыт аясында қарастыру. Бұл ойымызға биыл құрылғанына 60 жыл толатын Кеншоқы ауылының тарихы да дәлел бола алады. Алпыс жылда бұл ауыл тарихы қалайша дамып еді? Бұл жерде нендей жайттар орын алып еді? Міне, осы төңірегінде ойларымызды ортаға салмақшымыз.
Бірден айтайық, біз тарихшы емеспіз, филология маманымыз, сондықтан, жекелеген кемістіктер болса, ол дәйектеліп жатса, қуана қабылдаймыз. Келесі бір мәселе мынада: адам баласының өмір деп аталатын мына ұлы көш-керуенінде із-түссіз жоғалар жайттар өте сирек. Сондықтан, дәстүр жалғастығы мен сабақтастығын сақтай отырып, көне дәуірден бүгінге дейінгі өз ауылымыздың тарихын жазуға бастама көтеріп жүрміз. Ғұмыр болса (қазір бір үлкен жоба және мемуарлық дүние жазудамыз), тиісті қолдау болса, сол тарихты, ата-бабаларымыз, күні кешегі абзал жандар туралы жазу ойда бар…
Бұл ауылда «Кеншоқы» деп аталатын совхоз 1965 жылы ашылды. Содан бері өткен 60 жыл тарих үшін үлкен мерзім емес.
1965 жылы ашылған совхоз неге Кеншоқы аталды? Ауыл маңында, бейнелеп айтсақ, жергілікті тұрғындар үшін белгілі бір дәрежеде киелі, қасиетті боп табылатын Түйетас, Қызылшоқы, Алмалы, Бесшоқы деген аласалау таулар және Нұра өзені бар. Солардың бірде-біреуінің атын алмай, неге Кеншоқы аталғанына қатысты аз болжамымызды айтайық. Қаныш Сәтбаев жазбаларында түсті металдар ерте дәуірде Қазақстанның орталық өңірінде болған және өндірілген деген дерек бар. Көптеген авторлардың кен орындары туралы жазбаларын қарадық. Бір ғана Шет ауданына қарасты Қайрақты, Ақшатау, Ақжал, Байназар, Батыстау, Кеншоқы деген жерлерде бірінде аз, бірінде мол кен табылды, олардың кейбіреуінде геологиялық барлау жұмыс істеді. Осындай жұмыс нәтижесінде Кеншоқыда (қазіргі Кеншоқы ауылынан 12 км, батысқа қарай орналасқан) кеніш ашу туралы жоғарғы жақтың шешімі шыққан. Кеніш 1950 жылдардан 1959 жылға дейін жұмыс істеді. Мырыш, мыс, қорғасын өндірілді, алайда, кен қоры бәлендей мол болмаған сияқты әрі шахта (карьер) жұмысына жер асты суы көтеріліп, үлкен кедергі келтіргендіктен жабылған. Әжептеуір кентті, халқын не істеген жөн?
Міне, сол тұста онда кәсіптік-техникалық училище ашылды. 1970 жылы әскери борышымызды өтеп, сол жердегі сегізжылдық мектепте мұғалім боп бір жыл істедік. Сол тұста Шет аупарткомының бірінші хатшысы Камали Дүйсембеков кеп, тұрғындармен кездесті. «Кеніш жабылған соң училище ашылды, халыққа жағдай жасау үшін бар мүмкіндікті пайдалана береміз, аудан орталығында училищенің ғимараты салынбақ, соған көшесіңдер» дегенді айтты. Бір кісінің «Бізге совхоз ашпақшы едіңіздер, анау Нұра бөлімшесін совхоз қып, атын да бізден алып, соған бердіңіздер, бұл қалай?» дегеніне басшы: «Совхоз ашу жоспарда болған, алайда, 1965 жылы №2 Нұра бөлімшесінен аштық, себебі, ол Қарағанды-Ақтоғай тасжолының бойында жатыр. Сіздерде жол байланысы өте ауыр, өздеріңіз де білесіздер» дегенді айтты. Міне, біздің ойымызша, осы жайтқа мән берген жөн…
Кеншоқы совхозына үш бөлімше: Нұра, Батыстау, Байназар қарады. Негізінен, жері үлкен, әрқайсында жеткілікті қыстаулары, жазғы жайылымдары мол болды. Қой шаруашылығымен айналысты. Ішінара сиыр малын өсіру әу басында болды, ал, жылқы фермасы жетпісінші жылдары ғана қолға алынды. 1961 жылы Орджоникидзе атындағы совхоз құрылып, оған Ақсу, Нұра, Еңбекшіл, Қайрақты, Ақтөбе, Кежек бөлімшелері қарады. 1965 жылы Нұра бөлімшесі совхозға айналып, «Кеншоқы» аталса, бұрынғы Кежек (Ақшоқы совхозына да қараған) 1975 жылы аудандық ауыл шаруашылығы бірлестігіне айналып, «Ақши» атанды. Биыл оның ашылғанына елу жыл толмақ.
Енді аздаған тарихқа көшейік. Тарихтағы тас дәуірі ескерткіштері, ғалымдардың айтуынша, бұл өңірде де жеткілікті. Сақ қорғандарының белгілері, иссадондар кезіндегі жағдай, өңірдегі ру-тайпалардың оңтүстікпен байланысты олардың ғұндар этногенетикасымен ұқсастығын байқатуы, орталық өңірдің Батыс Түрік қағанатына қарағаны, Оғыз хан Орталық Қазақстанда мекендеген деген деректер бар. Сәл бертіндегі Есім-Тұрсын соғысындағы соңғысының қыздарынан қаракесектің тарауы, Абылай заманы, Бөкей хан (Әлиханның төртінші атасы) тұсындағы жағдай, Жақсы Жанқұтты сияқты көшбасшылар және Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы, бәрі-бәрі Кеншоқы өңірінің тарихын жазудың қажеттілігін көрсетсе керек.
1928 жылы Шет ауданы құрылды. Аудан бойынша 1930 жылдары бірі ерте, бірі сәл кештеу колхоздар құрыла бастады.
Осыдан бір-екі жыл бұрынғы Орджоникидзе атындағы совхоздың 60 жылдығы, ал, сол аттас колхоздың 90 жылдығы аталып арнайы кітап та шықты. Яғни, Орджоникидзе колхозы 1931 жылы құрылды. Өңір халқы ауылдық кеңестерге біріге бастады. 1934 жылы. 7-нші ауылдық кеңес ашылып, оған ұсақ Қарғалы, Еңбекшіл, Сталин атындағы колхоздар қарады. Техника жоқтың қасы, бүкіл шаруа қолмен атқарылды, қысқасы, бұлар стихиялы түрде құрылған еді. Олардың өте ұсақ шаруашылықтар болып, дүниеге келуі сәл бұрынырақ басталған. Ал, өнімді мол өндіру, ауыл шаруашылығының жалпы экономикада алатын орнын нығайту мақсатында болған еді бұндай біріктірулер 1950 жылдардың басында барлық өңірде колхоздарды ірілендіру одан әрмен жүргізілді. Іріленген колхоздың орталығы Сталин атындағы колхоз деп танылды. Ол 1961 жылы таратылды, бұрынғы колхоз жаңадан ашылған Орджоникидзе атындағы совхоздың бір бөлімшесіне айналды, ал, 1965 жылы өз алдына Кеншоқы совхозы боп құрылды. Сталин атындағы колхоз құрамында мал өнімдерін өндіретін бірнеше фермалар болғанын айтқан жөн.
Сондай-ақ, Кеншоқы ауылдық кеңесі 1967 жылы ашылды, оған бұрынғы Кеншоқы кеніші (сол кезде училище еді), Нұра, Мыңқауға, Батыстау, Байназар сияқты ауылдар енді. Облыс және өзі қараған Шет ауданы сияқты Кеншоқы ауылы да бірталай территориялық өзгерістерді басынан өткізді. Бұл ойымызға 1932 жылдары Алматы, одан кейінгі жылдардан бастап Қарағанды облысы, Қарқаралы (кеңес дәуірінде онда округ болып, кейін таратылды) округына қарауы, совхоз болған соң Шет, 1973 жылы Ақадыр, 1979 жылы Ақтоғай ауданының құрамына кіріп, сәл кейінірек қайтадан Шет ауданына берілуі дәлел. Совхоздар тарады, нарықтық экономика дүниеге келді…
Әрине, шағын жазбада ауыл тарихын, онда ғұмыр кешкен адамдар тағдырын, қай бабамыздың ұрпақтары дәл сол өңірде көп уақыт мекендегенін, т.б. туралы толық қамтып жазып шығу мүмкін емес. Ол жайттар туралы жазу алдағы уақыттар еншісінде болса керек. Біз тек маңызды деген кейбір мәселелерге ғана тоқталдық.
Мәуен ХАМЗИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі