Ел үкіметі республикалық «Аманат» партиясымен бірлескен түрде Қазақстан бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосып, жүзеге асыра бастады. Ол ауыл халқына қаржылай көмек беру арқылы олардың әл-ауқатын жақсартып, проблемаларын шұғыл шешуді көздейді.

Жоба ауылдағы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдардың кәсіпкерлікпен айналысып, жаңа жұмыс орындарын құрып, табыстарын арттырып, өз өндірісінің өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.
– Соған байланысты біздің Абай ауданының барлық 15 елдімекенінде скрининг өткізілді, – дейді Абай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанар Сұрауханова. – Зерттеулер кезінде тұрғындар өндірісінің көлемі, мал мен құсы, жер телімі болуы, жұмыспен қамтылуы, инфрақұрылымы, сондай-ақ, шағын несиелеуге әлеуеті ескерілді.
Жалпы, осы жобаны жүзеге асыру барысында өткен екі жылда абайлық ауыл тұрғындары 467,46 миллион теңгенің 59 шағын несиесін алған. Соның ішінде 4 шағын несие аудандағы ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтеріне (әрі қарай АӨК) беріліпті. Мәселен, Абай қаласындағы «Құрманов» АӨК алған 16,7 миллион теңгесіне 17 жылқы, Құлайғыр ауылдық округіндегі «Жаңа жол» АӨК 29,28 милион теңгесіне арнайы техника (аспалы жабдығы бар трактор) сатып алса, Ақбастау ауылдық округіндегі «Хадис» АӨК 29,4 миллион теңгеге ірі қара табынына асыл тұқымды 85 бас мал қосып, Дубовка ауылдық округіндегі «Динара 2024» АӨК 27,4 миллион теңгеге жартылай фабрикаттар өндіретін цех ашып, жұмысын жолға қойған көрінеді.
Абай ауданында халыққа пайдалы бұл жобаны жүзеге асыру одан әрі жалғасуда.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»