Бензин қымбаттамайды
Әзірге, бензин қымбаттамайды. Сондай-ақ, көктемгі егіс науқанына қажет отын қоры толық жасақталды. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.
Болат Оралұлының айтуынша, елімізде бензин мен дизель отын қоры жеткілікті.
«Бензин мен дизель отыны қорын егіс маусымына дейін қалыптастырдық және импорттау қажет болатын көлемді қосымша анықтадық. Биыл бұл көлем Ресей Федерациясымен екіжақты қарым-қатынас аясында шамамен 850 мың тонна деп бекітілді», – деді министр.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек көктемгі науқанға өңірлерге 413 мың тонна дизель отыны бөлінгенін айтқан еді. Бұл – өткен жылғы деңгейден 13 мың тоннаға артық. Фермерлер үшін орташа баға литріне 204 теңгені құрайды.
Сонымен қатар, Болат Оралұлы осы жерде бензин қымбаттамайтынын жеткізді.
«Бензин бағасының өсімі күтіліп отырған жоқ», – деді ведомство басшысы.
Қазіргі уақытта Қарағандыдағы жанармай бекеттерінде бензиннің АИ-92 маркасы литріне – 182-185 теңге, АИ-95 маркасы 210-215 теңге шамасында сатылуда. Ал, дизельдік отынның бір литрінің құны – 230 теңге мұғдарында.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ,
Оrtalyq.kz