«Belsendi azamat» әуелгі бағдар – әлеуметтік кәсіпкерлік
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен «Бірге» жалпыұлттық акциясы аясындағы ұсыныстарды іске асырудың іс-қимыл жоспарында «Жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындары» тарауы бар. Аталған тарауда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселесі айрықша айтылған болатын. Міне, осы бағытта облыс орталығында түрлі бастамалар іске асып жатыр. Мәселен, Қарағандыда тұрғындардың өмір сүру сапасы мен қала келбетін жақсартуға негізделген «Belsendi azamat» жобасы қолға алынды.
Аймақ жастарына – айрықша мүмкіндік
Бұл ретте, ұсыныстарды іске асырудың іс-қимыл жоспарындағы «Өрлеудің қозғаушы күші – жастарға арқа сүйеу» тарауында кәсіпкерлік әлеуеті бар жастарды әлеуметтік желілер, интернет-БАҚ арқылы жас кәсіпкерлердің үздік тәжірибесін тарату жобасына қатысуға тарту мәселесі де ескерусіз қалмады. Сол арқылы, «Жас кәсіпкер» жастар бизнес-бастамаларын дамыту бағдарламасын іске асыру да жүйелі жолға қойылып отыр.
Ел көлемінде ерекше назарға ие бұл бағдарлама жастар бастамаларындағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқататынына сенімдіміз. Алайда, аймақтық жобалар да жоқ емес. Айтайық, осы күні облыста «Жастар үшiн» жобасы қолға алынып отыр.
Бүгінгі жас буын үшін аса маңызды саналатын білім алу, қызметке орналасу, кәсіп ашу мәселелерін осы жоба толығымен қамтиды. Облыс тұрғындарының бестен бір бөлігін (290 мың) құрайтын жастар үшін бұл зор мүмкіндік болмақ. Сондай-ақ, облыста жастар саясатын дамытуға биыл 673 млн. теңге бөлініп отыр.
«Осы күні облыста «Жастар үшiн» жобасы қолға алынып отыр. Бүгінгі жас буын үшін аса маңызды саналатын білім алу, қызметке орналасу, кәсіп ашу мәселелерін осы жоба толығымен қамтиды. Облыс тұрғындарының бестен бір бөлігін (290 мың) құрайтын жастар үшін бұл зор мүмкіндік болмақ. Сондай-ақ, облыста жастар саясатын дамытуға биыл 673 млн. теңге бөлініп отыр».
Сондықтан, жастар кәсіпкерлігі мәселесі қашан да күн тәртібінен түспейді деуге болады. Ойдың озық үлгісі мен тың бастамалар серпіні нақ осы жастарға тиесілі екені дау тудыра қоймас. Ал, бұл бастамалар әлеуметтік кәсіпкерлікпен ұштасса, нұр үстіне нұр болғаны емес пе?! «Belsendi Azamat» жобасының көздегені де – осы! Әр қарағандылық тұрғын қаладағы келеңсіз жайтты суретке түсіріп, сайтқа орналастыра алады. Сайтта осы күні өтініш берудің 25 санаты бар. Өз кезегінде, сайт мамандары оны жауапты мемлекеттік органдарға, немесе, коммуналдық ұйымға жолдайды. Сондай-ақ, алдағы уақытта ұялы телефонға жүктеп алуға мүмкіндік беретін сайт қосымшасы жарық көрмек.
Тың жобаның тиімді мүмкіндігі
Жоба жетекшісі Сабыр Ниязовтың айтуынша, сайт қызметкерлері қала әкімі Нұрлан Әубәкіровпен де жиі кездеседі екен. Онда көбіне-көп шаһар келбетін жақсарту, арыз-шағымдардың қысқа мерзім аралығында шешімін табу үшін қала әкімдігінің ішкі жүйесін интеграциялау мәселесі сөз болады. Яғни, жоба авторлары B2G – мемлекетке арналған бизнесті ұсынуда. Бұл бағыт – өте тиімді. Себебі, портал әр ай сайын статистикалық талдау да жасап отырады. Өз кезегінде, талдау қорытындысы қала әкімінің төтенше жағдайлар, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика мәселелері жөніндегі орынбасарларына жолданады. Түсінгеніміздей, жобаның басты мақсаты да қысқа мерзім аралығында шешімін табуға болатын қаладағы коммуналдық мәселелердің салдарын жоюға негізделген.
Бұл жоба қарағандылықтар үшін жаңалық болғанымен, Елордада, шет мемлекеттерде таңсық емес. Сондықтан, портал өз жұмысын бастамас бұрын, жоба авторлары ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мәселен, Аустралияда «Citizenship», Ресей астанасы Мәскеу шаһарында «Біздің қала», Санкт-Петербург қаласында «Біздің Санкт-Петербург», Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан шаһарында «Ikomek109» жобалары жүйелі жүзеге асуда. Нәтижесінде, «Belsendi Azamat» жобасы да осы порталдардың тәжірибесі негізінде қолға алынды.
Қарымды іске қолдау бар
– Сенбеуіңіз мүмкін, бірақ осы жобаны қолға алуға маған туған қаламызға деген сүйіспеншілік түрткі болды. Шетел асып, жайлы орын, шырайлы шаһар іздеуді емес, өз қаламыздың келбетін көз сүйсіндірерлік етуді мақсат тұттым. Қарағандыны ажарлы ете білсек, өзге шаһарға көшудің керегі не? Өзім тұрғым келетін келбетті қаланы өзіміз жасауға мүмкіндік барын сезіндім. Бұл әр қарағандылық азаматтың көкейіндегі арман-мұрат деп ойлаймын. Бәріміз қаладағы қандай да бір олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Бұл жоба – соның жарқын мүмкіндігі, – дейді Сабыр Ниязов.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универсиетін «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша тәмамдаған жас кәсіпкердің қолынан іс келетініне бүгінде – қала тұрғындары куә. Қолдау болса – болғаны. Одан да кенде емес жас кәсіпкер. Жобаны дамытуға Қазақстандағы Ақпараттық технологияларды дамыту қауымдастығы, облыстың ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы және қала әкімдігі зор көмек көрсетуде. Сондай-ақ, жоба авторлары пайдаланушы келісімі, регламент, жобаны қаржыландыру гранты мәселелері бойынша облыстағы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен де келіссөздер жүргізуде. Ал, қазіргі таңда тың жобаны қаржылай қамтамасыз етіп отырған – «Wooppay» ЖШС-ның директоры Александр Дорошенко.
Алдағы мақсат – жоба ауқымын кеңейту
Осы күні Сабыр Ниязовтан бөлек, жоба аясында Максим Кувардин мен Мұхтар Сәден есімді азаматтар қызмет етуде. Бұл қос азамат – сайт жасаушылар. Бұл үштіктің алдағы мақсаты – жоба аясын кеңейтіп, Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев, Теміртау сынды аймақтағы ірі қалаларды қызметпен қамту. Ал, әзірге қала әкімдігі, мемлекеттік органдар, коммуналдық қызметкерлер мен қарапайым тұрғындар арасындағы алтын көпірге айналып отырған «Belsendi Azamat» жобасы – тек қарағандылықтардың игілігінде. Ендеше, жас кәсіпкерлердің алдында әлі де ауқымды жұмыс пен жүйелі жоспар тұр деген сөз. Өз кезегінде, олар қала тұрғындарын belsendiazamat.kz сайтына тіркеліп, шаһар тынысына бей-жай қарамауға шақырады.
Еңбек жемісті, қала келбеті келісті болғай!
Рауан ҚАБИДОЛДА.