Белгілі журналист Владимир Рыжков өмірден озды
Белгілі журналист, қоғам қайраткері, жазушы-драматург Владимир Рыжков өмірден өтті. Ол Қазақстан журналистикасының дамуына зор үлес қосқан, отандық баспасөз саласында өз орнын тапқан көрнекті тұлға еді.
Владимир Рыжков – «Казахстанская правда» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі, сондай-ақ «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы ретінде кеңінен танылды. Оның есімі қалам қуатын адал қызметке арнаған кәсіби журналист ретінде ел есінде қалды. Сонымен қатар, ол әдеби және драмалық шығармалар жазумен де айналысты, оның еңбектері негізінде Қарағанды театрларында бірнеше спектакль сахналанған.
Владимир Рыжков Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тәмамдаған. Еңбек жолын «Ленинская смена», «Комсомольская правда», «Правда» газеттерінде әдеби тілші ретінде бастап, кейін «Казахстанская правда» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды.
Ол Қазақстан Журналистер одағының Қарағанды облыстық бөлімшесінің төрағасы, сондай-ақ Қазақстан Журналистер конгресі атқару комитетінің мүшесі болды. Еңбегі еленіп, «Құрмет» орденімен және басқа да бірқатар мемлекеттік марапаттармен наградталды.
Владимир Рыжковтың өмірі – журналистиканың қадір-қасиетін терең түсінген, өз ісіне адал, шындықты ту еткен азаматтың ғибратты ғұмыры. Ол – артында өшпес із қалдырған, шынайы сөздің шебері, ел мүддесіне қызмет еткен қаламгер.
«Saryarqa Aqparat» медиахолдинг ұжымы марқұмның жақындарына, әріптестері мен барша журналистер қауымына қайғырып көңіл айтады.