Белгілі журналист әрі өлкетанушы Аман Жанғожиннің 80 жылдық мерейтойы аталып өтті
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында шеберлік сабағы өтті. «Мамандығым – мақтанышым» атты тағылымды іс-шара ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері, белгілі өлкетанушы Аман Жанғожиннің 80 жылдық мерейлі белесіне орай ұйымдастырылды.

Кітапхананың оқырмандар залында «Қаламмен терген нәсібін» атты кітап көрмесі ұсынылып, экран арқылы мерейтой иесінің өмірі мен еңбегі жайлы бейнебаян көрсетілді. Алғашқы сөзді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ноян Жүнісов алып, ардагер журналистке алғысын білдірді.
– Аман Жағдаұлының ел мәдениеті мен журналистикасына қосқан үлесі зор. Ол өңірдің рухани тарихын түгендеп, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырды. Қаламын ел игілігіне арнаған, шындық жолында қажымай еңбек еткен ардагер журналистің өмірі – жас буынға өнеге, – деді Ноян Удербайұлы.
Аман Жағдаұлы – 1958 жылдан бері осы кітапхананың тұрақты әрі Құрметті оқырманы. Сан жылдар бойы облысымыздың мәдени және рухани өміріне белсене араласып, өлкетану ісінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Кездесуге ардагер журналистің әріптестері мен үзеңгілес достары – Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Қуанышбек Оралбеков, «Орталық Қазақстан» газетінде қызметтес болған Ермек Балташұлы мен Ержан Имаш, сондай-ақ, достары Сәлкен Дәрібеков, Тілеубек Камалов қатысты. Олар ардабоз журналистің еңбекқорлығы мен парасаттылығын айта отырып, өңір журналистикасының өркендеуіне қосқан үлесін айрықша атап өтті.

– Аман ағамыз – қайратын қарттыққа жеңдірмей, тынымсыз еңбек етеді. Біздің ортада да жауапты хатшы қызметін атқарып жүріп, оның еңбегіне тәнті боламыз. Оның қаламы қай уақытта да адалдық пен жауапкершілікке негізделді, – деді Ғабит Тұяқов.
Кештің өзегі – «Өмір мен журналистика» атты сұхбат алаңы болды. Бұл бөлімде ардагер журналист өз шығармашылық жолынан сыр шертіп, мамандыққа адалдық пен ізденістің маңызын атап өтті. Аман Жанғожиннің айтуынша «Журналистика – ең алдымен адалдықтың мектебі. Қалам ұстаған адам шындықтың сөзін айтуға тиіс. Ойы өткір, сөзі өлшемді болсын. Сонда ғана оның қаламы қадір табады».
Ардагердің көбісі біле бермейтін тағы бір қыры – шахматқа деген сүйіспеншілігі. Кеш барысында ол қатысушылармен шахмат сеансын өткізіп, логика мен парасат-пайымын паш етті. Шынында, шахмат әсер еткен болса керек, Аман ағаның әр мақаласы шахмат жүрісіндей есеппен жазылған деуге толықтай негіз бар.

Іс-шара аясында жас журналистер мен студенттер арасында шағын байқау өтіп, үздік қалам иелері анықталды. Олардың арасында әріптестеріміз Ербол Ерболат – «Кәсіби биік», Жан Тілеуқұл – «Креатив көзқарас» номинацияларымен марапатталса, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттыз зерттеу университетінің студенті Жәнел Амангелді – «Журналистік шеберлік» номинациялары бойынша озып шығып, қаржылай сыйақыға ие болды. Сондай-ақ, шахмат сайысында да жүзден жүйріктер жеңімпаз атанды. Олардың қатарында І орын – Мирас Амангелді, ІІ орын – Жандос Рафайлов, ІІІ орын – Інжу Аймурзинова. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен Алғы хаттар табысталды.
Кездесу соңында жастар мен студенттер ардагермен ашық пікірлесіп, көкейтесті сауалдарына жауап алды. Арқа журналистикасының абызымен өткен тағылымы мол кездесу қаламға құштар жастарға серпін берері сөзсіз.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



