Белгілі журналист Қасымхан Ғалымның «Болат болмыс» атты портреттер топтамасы жарыққа шықты
Белгілі журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің аймақтағы тілшісі Қасымхан Ғалымның «Болат болмыс» атты портреттер топтамасы жарыққа шықты. Жаңа кітаптың тұсауы «Достық үйінде» кесілді.

Салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері мен оқырманы куә болды.

Кітаптың тұсаукесер кешін ақын, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің журналисті Ерғанат Кеңесбекұлы тізгіндеді.

Кештің шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алаш жұртының дүлділ әншісі Жақсыгелді Кемалов әнмен ашып, Қасымхан Ғалымға батасын берді.

Қасымхан Ғалым жинақты шығарудағы мақсатына, мазмұнына тоқталды.

– Қазақтың зерделі жазушысы ұлы Мұхтар Әуезов «Көріп, білген болмысынан туған шындық кітабы болса, оның одан арғы, зорғы мұраты жоқ» деген сөзі бар. Журналистиканың сардары болып жүргенімізге 7 жылдан астам уақыт өтіпті. Сол уақытта еңбегімен, кәсібіне, өнеріне адалдығымен, өмірге құштарлығымен еліне елеулі болып жүрген азаматтар туралы портреттік әжептәуір мақала жазыппын. Солардың басын құрап, жинақ шығаруды жөн көрдім. Идея авторы – ақын, әріптесім, рухани ағам Ерғанат Кеңесбекұлы. Қасиетті қарашаңырақ «Орталық Қазақстан» газетіне қолымнан жетектеп әкелген, сөз өнеріне баулыған, топқа қосып, әкемдей болып кеткен газеттің бас редакторы Ерсін Мұсабеков ағама айрықша алғысымды айтамын! Арқа баспасөзінің қара нары Мағауия Сембай марқұм газеттің бас редактор болып тұрған кезеңде табалдырықты аттаған едім. Алғашқы редакторым – Мағауия Сембайдың мектебінен өттім деп мақтанышмен айтамын! Осы жинақты шығарудағы мақсатымның бірі – маған сенім артқан рухани ағаларымның, ұстаздарымның үмітін ақтау. Екіншіден – рухы мен жігері жанартаудай жастарды, тағдыр сынағына сынбаған өмір майданының жауынгерлерін, ел аналары мен ағаларын, еңбектің қараторысына айналған жандарды ұлықтағым келді, жақсының жақсылығын айтып, оларды көпке үлгі еткім келді, – деді автор.

Кітапта қырықтан астам кейіпкер бар. Редакторы – Ерғанат Кеңесбекұлы, корректоры әріптесіміз – Күлбағдат Қасымова, дизайнері – газеттің фототілшісі Жангелді Бекболатұлы. Жинақтың жарыққа шығуына демеуші, Арқаның атымтай жомарттары – Бақтыбай Жүнісов пен Рамазан Әбілдин.

Жақсыгелді Кемалов пен Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сүйіндік Жанысбай және белгілі публицист, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабеков, ақын, ұлттық «Айбоз» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының аймақтағы өкілі Жанат Жаңқашұлы, сатирик, аймақтық «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы Әдебиет Жұманов және әулеттің ағасы Мұқатай Бейбітұлы кітаптың лентасын қиды.

Алдыңғы толқын Қасымхан Ғалымға жылы лебізін білдірді.
– Қасымхан бауырымыз оқырманына тарту жасап отыр. Құтты болсын! Мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай да еңбектеніп, биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз! – деді Сүйіндік Жанысбай.

– Қасымхан балам Ғалым атасының тәрбиесін көріп, жақсы қасиеттерін бойына сіңіре білді. Бүгінде еңбекқорлығының арқасында біздің ғана емес, халқының баласына айналды, – деді Мұқатай Бейбітұлы.

– Қасымханның кітабы шыққанда, өз кітабым жарық көргендей қуанып, төңірекке сүйіншілеген едім. Оның қуанышы – менің қуанышым! Әр жетістігіне марқайып отырамын. Жұлдызы жарық болсын! – деді Ерсін Мұсабеков.

86 жастағы «Ерлігі ел аузында жүрген апа» Сәкүл Сақбаева мен “Сабырдың сыңарындай болған Сапарбек Жақұдин” Қасымхан Ғалымның кейіпкерлері. Сәкүл әже авторға батасын берді.

– 33 жасымда қасқыр соқтым. Өмірде білгенім, түйгенім баршылық. Бала-шағамның қызығын көріп отырған бақытты анамын. Қасымхан құлыным, сен осы еңбегіңмен аналық көңілімді аспандаттың. Жағың түспей жамандық көрме. Дегеніңе жет. Кәсібіңе береке берсін. Еліңнің елеулі ұлы бол! – деп батасын берді Сәкүл Сақбаева.

Электрик әрі күйші, кейіпкерлердің бірі Әлібек Бимендин қобызымен Қазтуғанның жырын орындап берді.

Кеш кейіпкерлерге кітап табыстау рәсімімен тәмәмдалды.
Ерік НАРЫН
Ortalyq.kz



