Жаңалықтар

Белгілі опера әншісі Кенжеғали Мыржықбайға “Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы” атағы берілді

Қарқаралы аудандық Мәдениет үйіне Шолпан Жандарбекованың есімін беруге арналған салтанатты шарада белгілі опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбайға “Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы” атағы берілді. Ата-бабалары Қарқаралының Семеймен шекаралас өңіріндегі Мыржық тауының баурайын мекендеген ән дүлдүлі өзін үнемі “Қарқаралының тумасымын” дейді. Туған жердің ерекше құрметіне марқайған әнші өзінің фейзбук парақшасында алған әсерімен бөліскен екен. Назарларыңызға ұсынамыз.

ҚАСИЕТТІ ҚАРҚАРАЛЫ

Атақты күйші Тәттімбет, Қаздауысты Қазыбек бидің тікелей ұрпағы әнші-композитор Мәди, мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақов, Әлихан Бөкейханға тілеуқор болған Ақайдың Хасені, Қазақстанның Халық әртісі Жүсіпбек Елебеков, сондай -ақ Қали Байжанов, Қуан Лекеров, Рахия Қойшыбаева, Мағауия Көшкінбаев, театр актері Қалибек Қуанышбаев, көркемөнер шеберлерінің білгірі Мақсұтбек Майшекин, А. Затаевичті табындырған бас- баритон дауысты дүлдүл әнші Ғаббас Айтбаев, адуынды ақын Қасым Аманжолов, бүкіл Түркі әлемі бойынша бірінші ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтер осы жері пүліш, суы күміс ұлы топырақта дүниеге келген. Қарқаралы қаласы Мәдениет үйіне сахна саңлағы, КСРО-ның Халық әртісі Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына орай атақты актрисаның есімі берілді.

Осы атаулы мәдени шараға Астана, Алматы, Қарағандыдан елге танымал өнер адамдары мен туған туыстары, шәкірттері қатысып, Шолпан апай туралы сөз сөйлеп, естеліктер айтты. Шақырылған қонақтардың ішінде мен де болғандықтан тойға әннен шашу шашып, концерт бердім. Бір қуанарлық жәйт, аудандық мәслихаттың шешімімен маған “Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы” атағы берілді. Мәртебелі атақты өз қолымен табыстаған аудан әкімі Ерлан Құсайынға алғысым шексіз. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажы мешіт салған, қазақтың қасиетті жерінің құрметті азаматы атану мен үшін қуаныш, үлкен мәртебе. Жол жөндеу, мектеп, мәдениет үйлерін күрделі жөндеу спорттық алаңдар жедел-жәрдем көлігі мәселесі, ауылдарда медпункт салу, ауыл интернет желісін жақсарту, электр бағаналарын орнату, клуб, кітапхана, пошта, спорт залы орналасқан ғимараттың жылу жүйесін реттеу сияқты кейінгі жылдары қордаланып қалған мәселерді шешу жағын қолға алып, барын салып, күндіз-түні тынбай еңбек етіп жатқан әкімге жергілікті халықтың дән риза екенін көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік.
Еңсесі түсіп кеткен Егіндібұлақтың Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, ғимараттың іші заманауи талаптарға сай жабдықталыпты. Сонымен қатар жаңадан салынып біткен Спорт сарайы да жақын күндері ашылып, ел игілігіне берілмекші. Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың Жолдауына қатысты Серік Негимовтың “Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек” мақаласында Қазыбек би ауданы хақында айтылған-ды. (“Егемен Қазақстан” газеті, 2022 жыл, 14 сәуір)
Аудан орталығында ұлт ұстазы Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсыновқа ескерткіш тас орнатылыпты. Қарқаралының жаңа әкімі, жас әкімі Ерлан Бейсенбайұлының өзіндік жоспар, бағыт- бағдарлама, концепциясы бар, алға қойған мақсаты мен жасап жатқан тиянақты ісіне біздер де риза болып “Жаңа Қазақстанның”, “Әділетті Қазақстанның” жас буын кадрлары билікке келіп, ел басқара бастағанына куәгер болып, қуанысып қайттық.
Аңызға айналған жұмақ мекен Қарқаралының мәртебесі асқақтай берсін!

Кенжеғали Мыржықбай,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Басқа материалдар

Back to top button