Белгілі боксшыны еске алды
Ғабиден Мұстафин кентінің көпшілік кітапханасында жерлес боксшылары Леонид Тілеубаевті еске алу кеші өтіп,оны кітапхана меңгерушісі Гаухар Тілеубаева жүргізіп отырды.

Биыл туғанына 75 жыл толып отырған марқұм Леонид Тілеубаев бокс спортында өзі де айтулы жетістіктерге жетіп қана қоймай, Қарағандының атын шартарапқа әйгілеген қаншама даңқты ізбасарларын тәрбиелеп , жаттықтырған да.Ол көзі тірісінде КСРО чемпионатының жүлдегері атанып, Қазақстан мен КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы болып, “Қазақстандық бокс ардагері” медалімен марапатталып, “Құрметті спорт қызметкері” төсбелгісін иеленген.
Жасөспірімдермен “Елінің еңселі ұлы” тақырыбында өткізілген еске алу кешінде оның өмірі мен спорттағы жеңісті жолынан сыр шерткен Гаухар Сүлейменова слайдтар көрсетіп, мамыр айында боксшының кітапханаға арнайы келген отбасы мүшелерінің суретімен де таныстырды. Сол жолы Леонид Тілеубаевтің қызы кітапханаға тарту еткен Жанна Турабаеваның “Школа победителей Тлеубаева Л.Р.” кітабынан оқылған үзінділер де қызыға тыңдалып,еске алу кешіне келген жасөспірімдер рухтанып қайтты.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы