Бас тақырып

Бектауатаның берекесі қашып тұр

Тұмса табиғатымен, тылсым құпиясымен танымал Бектауатаның шоқылары жол салу жұмыстары басталғалы талқандалып, тастары тонналап тасылды. Бұл туралы баспасөз беттерінде бір емес, бірнеше рет жазған болатынбыз. Бектауатаның солтүстік-батыс сілемі – Қоңырқұлжа шоқысының жалғасы саналатын Жанұзақтың төбесіне жарылыс жасағанынан хабардар болып, мәселенің мәнісін білуге арнайы бардық. Талқандалған тауды көзімізбен көрдік. Жарылыстан таудың быт-шыты шыққан. Тау баурайында бұрғылау, қазу жұмыстарын жүргізетін техникаларын сайлап қойыпты.

Бұл күні бізбен қатар, мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына арнайы құрылған комиссия тобы келіп, тексеріс жұмыстарын жүргізді. Байқағанымыздай, рекультивациялау, яғни, қа­зылған жерлерді табиғи немесе шаруашылыққа жарамды күйге келтіру жұмыстары барысында «Дәнекер жол» компаниясы жарылыс жасап, тегістеу әрекетіне барған. Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаевтың айтуынша, «Дәнекер жол» компаниясының жобалық құжатында жарылыс жасау көрсетілмеген. Ал, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті бұр­ғылау­-жару жұмыстарын жүргізуге рұқ­сатты берген көрінеді.

– Біздің құжат бойынша Бектауата карьерінде мелиоративтік жоба мен келісімшарттық міндеттемелер негізінде бұрғылау-жару жұмыстары жоспарланған. 2022 жылдың 14 желтоқсанында «Дәнекер жол» ЖШС Ортадересін ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен құрылыс тасын өндіруден кейінгі қалпына келтіру жоспары бойынша жергілікті тұрғындар арасында қоғамдық тыңдаулар өткізген. Сот отырысында бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізу қажет екендігі түсіндірілді. Қоғамдық тыңдаудың хаттамалары қолжетімді. Бұл шара еңістерді тегістеуге бағытталған. Карьердің қабырғалары өте биік және тік болғандықтан, апаттар мен малдың құлауын болдырмау үшін оларды бұрғылау-жару жұмыстарын қолдана отырып, тегістеу қажет. Біздің техникалардың тегістеуге шамасы жетпеген соң, жарылыс жұмыстарын жасауға шешім қабылдадық. Айта кетейін, біздің компания бөлінген 8,5 гектар алқап шегіндегі жер учаскесінің шекарасынан аспай жұмыс істеген, – дейді «Дәнекер жол» ЖШС директорының орынбасары Асқар Керембаев.

Жергілікті тұрғындардың мәлімдеуінше, осы маңайда ашаршылық жылдары дүние салған адамдардың тас бейіттері болған. Бірақ, қопарылған жерден қорымның бар-жоғын анықтау мүмкін емес. «Дәнекер жол» компаниясына дейін бұл жер «Айтас-2002» ЖШС-ге қараған. Кейін олар мемлекет қарамағына өткізген. Алматылық «Дәнекер жол» ЖШС 2022-2023 жылдары жол құрылысына тау сілемінен 1,5 миллион тонна тас алу үшін 500 тоннадан астам жарылғыш затты қолдануды жоспарлап отырғандығы туралы ақпараттан соң жергілікті халық бас көтерген. Өйткені, тау мен жақын жердегі елді мекенге орасан зиян келтіреді деп қорыққан.

Сонымен қатар, Шашубай кентінің әкімдігінде облыстан келген комиссия құрамы тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуге Қарағанды облысы экология департаменті басшысы Дархан Есжанов және аталмыш департаменттің бас маманы Шолпан Амангелдіқызы, Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерболат Шортанбаев, Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев, «Балқаш-Алакөл» бассейндік инспекциясының мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы – мемлекеттік инспектор Сәбира Қоянбаева, Қарағанды облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ламбеков, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Серік Амралин, Ақтоғай ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Сейітов, «Дәнекер жол» және «СИТИК» компанияларының өкілдері арнайы қатысты.

Бектауата тұрғыны, қоғам белсендісі Төлеубек Дөнентаев жерді заңды пайдалану мен қорғалуын бақылау жауапты адамдардың бас­ты міндеттерінің бірі екендігін алға тартты.

– Бұл жұмыстар басталғанына 4-5 жыл уақыт болды. Қоңырқұлжаның шоқысына залал келтірілді. Бектауата тауынан 23 шақырым жерде деп анықтама берілген. Ал, ол жердің арасы бір шақырым. Қоңырқұлжаның қопарылып жатқан бұл төбесін «Жанұзақтың төбесі» деп атайды. Сіздердің табиғатқа жандарыңыз ашымай ма? Бұл таудың тасына дейін қасиетті. Бұл жұмыстар басталғалы айналамыздан береке кетті. Аң мен құсына дейін, тіпті, ордалы жыланға дейін көшіп кетті. Арқарлар осы жерде наурыз айында төлін өргізетін. «Жол салып береміз» деп халықты алдадыңыздар. Салған жолдарыңыз жарамсыз болып, қыс айында азық-түлік жеткізе алмай қалдық. Сонымен қатар, құжатта «Бектау» карьері деп көрсетілген. Бұл жер әуелден «Бектауата» аталған. Осы жерден де шикілік көріп тұрмын. Жолдың бойында бірнеше учаскелік мекемелер шаңды көтеріп жұмыс істеп жатыр. Тіпті, өндіріске қажетті зиянды қоспалары ауамен таралып, малдар іш тастаса, адамдардың денсау­лығына да зияны тиюде. Осының барлығына жауапты Қарағанды облысы экология департаменті тексеріс жүргізу керек, – деді Төлеу­бек Дөнентаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Жанболат Башар сөз сөйлеп, адамзаттың табиғатқа қиянаты аз болмай тұрғандығын жеткізді.

– Бектауата – Арқаның мойнына таққан тұмарындай қасиетті жер. Дұрыс жол салу өркениет үшін пайдалы шаруа екен. Бірақ, біз бір жағын жөндесек, екінші жағына зиян келтіруге дайын тұрамыз. Жолға Бектауатаның тасынан басқа тас жететін еді ғой. Сіздер Бектауатаның іргесін қопармақ түгілі 50 шақырым алыс жүріп, бір түйір тасын алуға хақыларыңыз жоқ. Балқаштың Қоңыр­атының кеніш алу жұмысы басталмай тұрғанда Қоңырат шоқысы болған. Оны бір кезде әйгілі «Жидебай батырдың қарауыл төбесі» деп атаған. Архивтен суретін көрдім. Көлдің аумағы көрінетіндей үлкен шоқы болған екен. Сол шоқыны осылай жарылыс жасап жойып жіберген. Бұл әрекет осы сарындас дүние болып тұр. Жолдың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Балқаштан Қарағандыға дейінгі аралықтағы жолдың екі қабағы да қазылып, терең шұңқырға айналған. Мал жайылымдарына зиян тиген. Табиғатымызға өз қолымызбен қиянат жасап жатырмыз, – деді Жанболат Башарұлы.

Сондай-ақ, сөз алған тұрғындар Бектауата – су көзі сарқылғанда таза су тұтынатын аумақ екендігін жеткізді. Ата-бабаларының көздің қарашығындай сақтаған қасиетті жерде жарылыс жасалса, су көздерінің бітелетіндігін және жер қойнауындағы минералды ресурстар жойылатындығын айтты. Бүлінген жерлердің халық шаруашылығына пайдалану үшін құнарын, биологиялық өнімділігін қалпына келтіруге бағытталған шаралар жасалу қажеттігін міндеттеді.

Жиынды қорытындылаған Қа­рағанды облысы жер қатынас­тары басқармасының басшысы Нұрлан Ламбеков көтерілген мәселе қатаң қадағалауға алынып, экологтардың сараптамасына сәйкес 10 күн ішінде жауап берілетіндігін айтты. Бүгінде, жарылыс жұмыстары тоқтатылғандығын мәлімдеді.

Айта кетейік, Бектау­ата тауы Балқаш қаласының оңтүстік-шығысында 60 шақырым жерде орналасқан. Бірнеше шоқыдан құралған тау солтүстік-шығыстан оң­түстік-батысқа қарай 7 шақырымға созылып жатса, ені – 3 шақырым, ең биік нүктесі 1213 метрден асады. Ұлы Дала жауһарын індете зерттеген ғалымдардың сөзінше, Бектауата атылмай қалған жанартау көрінеді.

P.S. Бектауата – «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген санаулы тарихи орынның бірі. «Ерекше қорғалатын табиғи мұра ескерткіштері» санатына еніп, мемлекеттік қорғауға алынғаны тағы бар.

Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button