Бектауатада жеке тұрғын үй өртенді
Кеше Бектауатада жеке тұрғын үй өртенді. Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше тілсіз жау 100 шаршы метр аумақты шарпыған. Алдын ала болжам бойынша, өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан.
Хабарлама жедел әрекет ету орталығына таңғы сағат 9:57-де түскен. Ең жақын өрт сөндіру бекетіне дейінгі қашықтық 60 шақырым болғандықтан, өрт 11:29-да ауыздықталды.
– Ақтоғай ауданы, Ортадересін ауылдық округіне қарасты Бектауатада жалпы ауданы 100 шаршы метр жеке тұрғын үйдің ағаш едені, жиһаз, тұрмыстық техника және тұрмыстық заттар өртенді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің алдын ала себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы, – деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар департаменті Қарағанды облысының барша тұрғындарына үндеу жолдап, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұрады.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.