Әбекеңнің беймәлім белестері
Академик, Социалистік Еңбек Ері Әбілқас Сағыновтың туғанына – 110 жыл
Қандай адамның болмасын өмірінде қалтарыста қала беретін кейбір жайлар болатыны сөзсіз. Сондай жайлар өзіміз жақсы білетін Әбілқас Сағыновтың өмірбаянында да аз кездеспейді. Әбекең туралы сөз болғанда ол кісінің ғылым докторы, академик, ректор сияқты атақтары мен лауазымдары ғана ойымызға оралып, белгілі адамды осы қалпында аспаннан түсе қалғандай көреміз ғой. Әбекеңнің әкесіз қалып, өгей әкенің қолында өскені өмірбаян жолдарында жазылған. Егер оған тереңдеп баратын болсақ, оның да өзіндік сыры бар екен.

1918 жылы Әбілқастың үш жасқа толған шағында әкесін біреулер атып өлтіріп кетеді. Кімнің атқаны белгісіз күйінде қалады. Үшінші балаға аяғы ауыр кезінде жесір қалған Зәренге көп ұзамай жақын қайындарының бірі келіп, екінші әйел етіп алғысы келетіндігін айтып, ұсыныс жасайды. Күйеуінің топырағы тобарсымай жатып, бассыздық танытып отырған адамға қалай бірден келісе қалсын. Әрине, бас тартады.
Осы әрекеті үшін Зәреннің қатаң жауап беруіне тура келеді. «Күйеуін өлтірген өзі» деген айып тағылып, Павлодардағы абақтыға апарып жауып тастайды. Бірақ көп ұзамай жаңа өкіметтің ревкомы жүкті әйелді ақтап шығып, үйіне оралуына жағдай жасайды. Ауылында қыз бала дүниеге келеді.
Бұдан соң жесір келіншек Баянауылдың тұрғыны Мұса Сағынов деген адамның етегінен ұстайды. Ол өте қарапайым және адамгершілігі мол жан екен. Үш баланы да жатырқамай, бауырына басып, өзінің атына жаздырып, мейірімділігімен туған әкесіндей болып кетеді. Өгей әкелеріне бауыр басқандары сондай, өздерінің туған әкесін тек есейіп, ат жалын тартқан шақтарында ғана біреулердің айтқанынан ғана естеріне түсіреді. Кіші қарындастары 1922 жылғы Қазақстандағы алғашқы ашаршылық және ел басына түскен нәубет – шешек, тырысқақ, оба, іш сүзегі сияқты жаппай таралған індет кезінде көз жұмады.
Шешесі туралы еске алғанда Әбекең ол кісінің берген тәрбиесінің ішінде үлкенді сыйлау, құрметтеу, оларға сәлем беру, қолдарына су құйып, батасын алуға ерекше көңіл бөлгенін айтып отырады екен. Ондайда үлкеннің айтқанын бұлжытпай орындайтын бала әке-шешенің аузынан шыққан сөзді сол қалпында жүзеге асыруға тырысады ғой. Кішкене Әбілқасқа да анасы үлкенге сәлем беруді және екі қолын бірдей созуды үнемі айтып отырады. Бірде ойын баласы әлденеге алданып кетіп, үлкен кісіге сәлем бермеген болуы керек. Сондай жағдайда қатты сөз естиді. Келесі бір қонақ келгенде анасының сөзін есінен шығармаған бала сәлем беруге тұра ұмтылғанда әлденеге сүрініп кетіп, тура ақсақалдың аяғының астына барып етпетінен түскен екен.
Ауылды аштық жайлап, елде мал қалмайды. Жаппай жайылған жұқпалы індет те жағалай жалмап жатады. Бұл жақта күнкөрістің қиын болатындығын сезген олардың отбасы Қарқаралыға көшу қамына кірісіп, ақырында ат-арбаға барын салып, екі баласын алған әке мен шеше бір күнде жолға шығады. Қарқаралыда әкесінің таныстары бар екен және анасының да төркіндері осы жақта еді. Солардың көмегімен баспана тауып, жұмысқа да орналасады.
Қарқаралыда бала Әбілқас тұңғыш рет мектепке барады. Бірақ, әуелі барған қазақ мектебінің меңгерушісі қой аузынан шөп алмайтын жуас адам болып шығыпты. Мектепте тәртіп құлдырап кеткен. Ондай жерде сабақтың да дұрыс жүрмейтіні белгілі. Сондықтан, әкесі оны апарып орыс мектебіне береді. Әуелде бала қатты қиындық көреді. Бұл мектептің меңгерушісі талапшыл, қатал адам болған екен. Тәртіп дұрыс жолға қойылған. Оқушылар да ол кісіні бір жағынан сыйлағанымен, екінші жағынан қатты қорқады. Сыныптағы барлық бала ұлтына қарамастан әріптер мен сандарды үйренуге деген талпыныс жолында достасып кетеді. Осы сыныпта өзімен бірге атақты ақ гвардияшыл генерал Лавр Корниловтың ұлы мен қызы, ағалы-қарындасты Кониловтардың оқығанын Әбекең кейде еске алып айтып отырады.
Осында оқыған кезінде орыс тілінен сабақ берген мұғалімі Анна Рязанцеваны өмірі есінен шығармай өтті. «Нағыз ұстаздың қандай болатындығына осы адамды үлгі етіп ұсынса да болар еді», – дейді Әбілқас Сағынұлы. Ауылда жүргенде арабтың төте жазуымен жарық көрген ескі діни хиссаларды біршама оқуға машықтанған балаға әуелде орыс мектебінде оқып кету оңайға соқпай, алғашқы «екілік» бағаны да осы кісіден алыпты. Бір жолы жазған диктантын мұғалім қызыл қарындашпен аяусыз шимайлап әкеледі. Қатесіз жазылған бір сөз жоқ десе болғандай. Мұны көрген бала жылап жібереді. Сол кезде ұстазы мұны жұбатып, кітапты көбірек оқуға, онда да дауыстап және түсініп оқуға кеңес береді. Талапты бала сол кеңестің нәтижесінде екінші класты бітірер шақта «төрттік» бағаларға қол жеткізеді.
Мектептің бірінші сатысын бітірген кезде «Қайда бару керек?» деген сұрақ туындайды. Әрі қарай жалғастырып, екінші сатысына бару керек пе, әлде белгілі оқу орны Қарқаралы педтехникумына түсу керек пе? Ақыры ойластыра келіп, екінші нұсқаны таңдайды. Бұл белгілі оқу орны болатын. Әрине, ол кезде оқу-материалдық базасының онша бай болмағанына қарамастан сабақ өте сапалы жүргізіледі. Тіпті, өзінің асханасы да болмаған. Оның өзі 1930 жылы ғана ашылыпты. Стипендия алған күні бір орыстың әйелі бір шелек самса пісіріп әкеледі. Ауылда өскен балалар таңсық көріп, шелекті қолма-қол босатып береді екен. Осы оқу орнын бітірген талай адам кейіннен белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар болды. Олардың қатарынан Ұлттық Ғылым академясының академигі және оның президенті Шапық Шөкин, Оқу-ағарту министрі болған Хамит Сембаев, Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болған Даниал Керімбаев, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ақжан Машанов, тіл маманы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Әсет Болғанбаев және басқаларды атап өтуге болады.
1932 жылдың ашаршылығы Сағыновтардың отбасына да қиындықтар әкелді. Соған орай Әбілқастың техникумдағы оқуын уақытша тоқтата тұруы қажет деп шешкен отбасы Қоңырат кенішіне көшіп келеді. Әкесі бұл уақытта кеніште жұмыс істей бастаған болатын. Көп ұзамай Әбілқас та жетіп, электрмонтердің көмекшісі болып, алғаш рет шахтаға түседі. Жер астындағы қайнаған өмірді тұңғыш рет көрген жас жігіт алдағы тағдырының кен жұмысымен тығыз байланысты екендігін сезгендей болды.
Бір күні жаңа құрылған аудандық партия комитетінен әңгіме өткізбекке екі орыс жігіті шахтаға келеді. Бірақ кеншілердің басым көпшілігі сол маңайдан жиналған қазақтар болғандықтан, олардың әңгімесін түсіне қоюы неғайбыл еді. Соған орай екі адамды аудармашы етіп алады. Олардың бірі екі тілді жақсы білетін Әбілқас еді. Бір кезде баяндамашы өзінің сөзінде: «Советский народ семимильными шагами идет к коммунизму» дегенде, бір мильде жеті шақырым деп ойлап, іштей есептеген Әбілқас оны: «Совет халқы коммунизмге 49 шақырым қадаммен келе жатыр» деп аударып жібереді. Сол кезде алдыңғы қатарда отырған қартаң қазақ: «Сен не деп тұрсың? Сонда коммунизмге 49 шақырым ғана қалған ба?» деп айқай салады. «Қазір ойыма түссе күлкім келеді. Ал, ол кезде мен жерге кіріп кете жаздадым. Отырғандар «миль» сөзін түсінбес деген оймен өзімше қазақшаға аударған түрім ғой», – деп еске алыпты кейіннен Әбілқас Сағынұлы.
Бұдан соң шамалы уақыт Өспен кенішінде жұмыс істеген Әбілқас 1932 жылы Қарағанды кен техникумына түседі. Оқу орны «Қарағанды» тресінің оқу-өндірістік комбинатының құрамында болатын. Техникуммен қоса комбинаттың құрамында кен-өнеркәсіптік оқу орталығы да бар еді. Ол кәсіптік білім беру сияқты жұмысшы кадрларын даярлаған. Кен шебері болуды мақсат еткен Әбілқас Сағынов үшін техникум таптырмас оқу орны болды. Негізі ол кезде басқа таңдау да жоқ еді. Техникумда тегін формалы киім мен аяқ киім, қайырымдылық түскі ас пен кешкі ас, тіпті шамалы шәкіртақы да беретін. Оқу орнын А.Комов сияқты Қарағандының болашағына нық сенімді адам басқарды. (Бір өкініштісі – кейіннен ол кісі жазықсыз жазаланғандардың қатарында айдалып кетіпті).
Ол кездегі тұрмыстық жағдай туралы айтудың өзі қиын. Үлкен бір бөлмеде 35-ке тарта адам жатады. Өзінің жеке ғимараты болмағандықтан техникумның біресе Киров шахтасына, одан соң Үлкен Михайловкаға қоныс аударуына тура келеді. Оқушылар болса, оқуын оқи жүріп жатақхана салу жұмысына қатысады, шахтада көмір қазуға көмектеседі. Соған қарамастан сабақтары белгіленген кестеге сай жүріп жатады. Әбілқас Сағынұлы өзінің геология мен кен істері негізі пәнінен сабақ берген ұстазы Семен Завадскийді есінен тастамай айтып отырады. Оның «Шахтинск ісіне» қатысқандықтан жер аударылып келгендігін айтатын. Бұл іс 1928 жылы Донбаста жүріп, шахтаның 53 басшысы мен маманын «қастандық пен саботаж» жасағаны үшін соттаған. Процеске қатысушылардың басым бөлігі бұрынғы, төңкеріске дейінгі зиялы қауым өкілдері еді. Соттың шешімімен 11 адам ең жоғары ату жазасына, қалғандары әр түрлі мерзімге қамауға алуға және жер аударылуға кесіліп, одақтас республикаларға жіберіледі. Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы 2000 жылы ғана осы «Шахтинск ісін» қайта қарап, әділетсіз сотталғандарды ақтап шығарады.
Жалындаған жас жігіт қайткен күнде жоғары оқу орнына түсуді арман етіп жүргенде аспаннан тілегенін жерден беріп, техникумның «жақсы» және «үздік» оқитын 25 оқушысын Днепропетровск қаласына оқуға жібермек болады. Солардың ішінде «жақсы» бағалары көп Әбілқас та бар еді.
Айтпақшы, ол институтқа түскеннің орнына түрмеге түсе жаздаған оқиғасы да бар. Украина қаласына пойыз тек Мәскеу арқылы жүретіні, Мәскеуде басқа пойызға ауысып мінетіні белгілі. Совет Одағының астанасына шаршап-шалдығып жеткен жастар демалмақ болады. Ол кезде пойыз бес тәулік жүреді. Жол бойында ұры-қарылар аз кездеспейтіндіктен, оларға өте сақ болу тапсырылады. Барлығы демалған сәтте кезекшілік қойылады. Кезекшілік Әбілқасқа келген кезде ол ұйқыға шыдамай, жандарында тұрған бос орындықтың біріне қисая кетуді ойлаған ғой. Бірақ қараңғы вокзалда ұйқылы-ояу жүріп, жататын жерін шатастырып алыпты. Ол жерде ұйықтап жатқан адам мұны ұры деп ойлап қалып, шу көтереді. Жүгіріп милиционер жетеді. Зәресі кеткен Әбілқасты бөлімшеге апарады. Егер тәртіп сақшысы сол жерде әділдік танытпағанда қазақтың жас жігіті күн сәулелі Днепропетровскіге жете алмай қалуы да мүмкін екен.
Бір жақсысы қарағандылықтарды «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығы бойынша бірінші курсқа емтихансыз қабылдайды. Бірақ, көп ұзамай жергілікті профессура бұлардың ұсынылатын материалды бірден игеріп кете алмайтындығын байқап, дереу жұмысшылар факультетінің үшінші курсына ауыстырады. Бұл жеделдетілген бағдарламасы бар, жұмысшылар мен шаруалардың жастарын университеттер мен институттарға түсуге даярлайтын арнайы оқу бөлімшесі болатын.
Өзінің студенттік міндетін жақсы түсінген Сағынов оқудың қиындығына қарамастан, барлық дәрістер мен семинарлардан бір күн де қалып көрген жоқ. Әрине, барлық сабақ бірдей қызықты өтпейтіні белгілі. Дегенмен де бір күн де босаңсуға жол бермей, барлық конспектілерін уақытымен ұқыптап жазып, кітапханаға ұдайы барып дайындалып отырды. Ақыры бірінші курсты тек бір ғана «үштік» бағамен жақсы бітіреді.
Сол жылы жазғы каникулға барып-қайтуының өзі бір әңгіме. Ауылдағылардың жағдайын жақсы білетін Әбілқас үйіне 18 бөлке қара нан ала шығады. Мұншама нанды бір қолға бере қоймайтынын білген оқытушысының бірі көмек жасайды. Ол сатушыға мұның Қарағандыдан келгенін айтады. «Қарағанды деген қай жерде?», – деп сұраған сатушыға бұл: «Ташкенттің ар жағында бір жерде», – деп жауап берген екен. Иә, шынында да «Ташкенттің ар жағындағы» Қарағандыға жету оңай болмайды. Бір жақсысы жанындағы жолаушы көршісі қырғыз милиционер болып шығады. Ол орысша шала біледі, бұл қырғызша шала біледі. Әйтеуір бір-бірін ыммен болсын түсініседі. Көршісінің үстіндегі киімі көптеген қолайсыздықтан, артық сұрақтардан құтқарады, кейбіреулер жандарына жақындамай, көзінің астымен қарап қана өтеді.
Сол жылдары республикадан тыс жерлерде оқып жатқан студенттерге көмек қолын созудың белгілі бір тәртібі болады. Оқудың бірінші жылында жерлестер қауымдастығы арқылы материалдық көмек көрсетіледі. Бұл бір реттік көмек болғанына қарамастан, жастар үшін тәп-тәуір қаражат еді. Екінші курсқа келген кезде Сағыновқа Халық ағарту комиссариатының айына 100 сом көлеміндегі атаулы шәкіртақысы тағайындалады. Бұл мәселені арнайы комиссия шешкен екен. Отбасындағы қиын жағдайды ескерген студент бұл шәкіртақыны қолхатпен әке-шешесіне қалдырып кетеді. Өкінішке қарай бұл атаулы шәкіртақыны төрт айдан кейін тоқтатып тастайды.
Үшінші курстан соң өндірістік практикадан өту үшін Қарағандыға келеді. Оған оқу комбинатында шахтерлерге техникалық минимум бойынша дәріс оқу тапсырылады. Комбинат директоры Кирсанов жолдас қатал адам болғанымен түсінігі бар екен. Тәжірибеден өтушіге өзінің де бір кездері студент болғандығын, студентке ақша қажеттігін жақсы білетіндігін, сондықтан да, жетпей жатқан сағаттарды қосып жаза беруіне рұқсат ететіндігін айтады. Өзінің тәжірибесіздігінен қосып жазудың ұятқа қалдыратынын білмейтін жас жігіт цифрларды аясын ба, барлық жерге тыға береді ғой. Кейіннен бір кездесіп қалғанда Кирсанов біраз түзетулер жасап, құжаттарға қол қойғанын айтады. Қандай түзету екендігін ақырындап білсе – кейбір күндері Сағынов 20 сағаттан дәріс оқыған болып шығыпты. Әрине, бұдан соң директор мұндай мүмкін емес сандарды ретке келтірген ғой. Өзінің қателігі үшін кешірім сұрай отырып, қолдау көрсеткен қамқорлығына ризашылығын білдіреді. Шын мәнінде студенттік өлшеммен қарағанда бірталай қаржыға ие болыпты.
Төртінші курстан соңғы негізгі өндірістік практикада №18 шахтада «Жоғарғы Марианна» пласты бойынша десятник болды. Учаскеде біріншісі жоғарғы, екіншісі төменгі деп аталатын екі қабат болады. Мұның жоғарғысында көмір шабатын машина қолданылса, төменгісінде жұмыстың барлығы қолмен атқарылады. Кейіннен жұмыстың қолайсыздығына байланысты төменгі қабаттағы технологиядан бас тартылады. Мұнда бір жарым ай жұмыс істеген соң әр түрлі ғылыми бағыттар бойынша сабақ жүргізетін қысқа мерзімдік курсқа жіберіледі. Дәл ғылымдар бойынша оқытушылар бұрыннан болғандықтан, оған мектеп директоры мен педагогтер қазақ әдебиетінен сабақ жүргізуді тапсырады. Студент Сағынов өзінің біліміне сүйенеді және ол көркем әдебиетті өте көп оқитын. Алғашқы кіріспе сабақтан соң тыңдаушылар жаппай қол көтеріп, сұрақтың астына алады. Сөйтсе, бұларда мұндай «тәжірибе» бұрыннан қалыптасқан екен. Тыңдаушылар лекторды өздерінің беделдерімен қорқытып, сұрақтың астына алады екен де, оның білімі мен беделіне күмән туғызады екен. Бұдан соң оқытушылар бұл аудиторияға кіруден бас тартатын болыпты. Ал, Сағынов болса олардың мұндай әрекеттерін жүзеге асыртқызбай тастайды. Ол қойылған сұрақтарға жауап бере келіп, келесі сабақтан бастап сұрақты өзі қоятындығын айтады. Көпшілігі қарсылық білдіріп, басқа ұстаздардың бұлай істемейтіндігін алға тарта бастайды. Бірақ, жас оқытушы ондайды мойындамай, өз дегеніне көндіреді. Сөйтіп, бұл жерде сегіз сабақ өткізеді. Одан әрі де сабағын жүргізе беруші еді, бірақ, еріксіз тоқтатуына тура келеді. Өйткені, бұл 1937 жыл екенін ұмытуға болмайды. Қауіп-қатер аяқ астында болатын. Оның үстіне, осындағы тыңдаушылар арасында да «жансыздар» бар екендігін, абайлап сөйлеп, қателеспеу керектігін ескертеді.
Айналаңдағы адамдарға сенуге болмайтындығына жас жігіттің «Егер ертең соғыс болса» фильмін көргеннен соң көзі жетті. Бұл туралы Сағыновтың өзі: «Фильмнен соң бір-бірімізбен алған әсерлерімізбен бөлістік», – деп еске алады.
– Көпшілігі киноның тамаша шыққанына таңданыс білдіріп жатты. Мен ешқандай бөтен ойсыз фильмнің жақсы екенін, бірақ барлық ұрыс кезінде біздің жақтың бір танкінің шынжыр табаны ғана бүлінгенін, оның өзін жауған оқтың астында жөндеп алып, жауды одан әрі жайратуға кіріскенін айттым. Маған біреулер қарсылық білдірді. Сонымен үзіліс бітіп, сабаққа кеттік. Дәрістен соң топ парторгы бізді тоқтатып, жиналыс болатындығын айтты. Жиналыстағы мәселе мен туралы болды. Дәлірек айтқанда, менің фильм туралы сыни пікірім туралы. Парторг фильмнің саяси және тәрбиелік мәнін менің түсінбегенімді сынға алды. Сол кезде жанымдағылардың бірі: «Тезірек кемшілігіңді мойында, әйтпесе жағдай ушығып кетеді», – деп сыбырлай қойды. Жағдайды байқадым да сөз алып, фильмнің тәрбиелік мәнін түсінбегенімді, мәселенің техникалық жағына көбірек тоқталып, маған бұл жайдың сабақ болғаны үшін парторгке алғысымды білдірдім. Жиналыстан соң екеуміз оңаша қалған сәтімізде ол маған: «Сен ренжіме, қазір сондай уақыт. Егер біз сенің мінезіңді талқыға салмағанымызда біреудің парткомға хабарламасына кім кепіл? Онда жағдай басқаша өріс алып, біз екеуміз де жапа шегетін едік. Осыны есіңде сақта, келешекте аузыңа ие бол», – деді. Мен оған өзімнің алғысымды білдірдім».
Сол жылдардың қиындығы мен адамның еңсесін езетін ахуалы туралы тағы бір мысал өзінің бірге оқитын курстасы Жұма Серғазиннің басынан өтеді. Бір күні оны дәріс үстінде шақыртып әкетеді. Оралған соң ақырындап қана жанындағы парталасы Әбілқасқа қолындағы қағазын көрсетеді. Ол топ комсомол ұйымына жазылған өтініш екен. Онда ағасының «халық жауы» ретінде ұсталғандықтан, өзі туралы мәселе қарауды өтініпті. Сабақтан соң Серғазиннің өтініші бойынша мәселе қаралып, белгілі сценарий бойынша талқыға түседі. Мұндай жағдайлардағы заңдылық бойынша оны комсомол қатарынан және оқуынан шығару туралы шешім қабылданады. Одан соң бұл шешім ешқандай селкеусіз жүзеге асырылыпты.
Әбілқас Сағынұлының есінде қалған тағы бір оқиға бар. Ауылдасы, марксизм-ленинизм курсында оқып жатқан Қырықбес өзінің курстасымен бірге туған ағасы Мұқанның үйіне қонақ болып барады. Әбілқас бұлардың екеуін де біледі.
Шай үстінде әңгімелесіп отырғанда ағасы қандай жаңалық болып жатқанын сұрайды. Оған інісі: «Болған жаңалықтың барлығы газетке жазылып жатыр. Басқа ешқандай жаңалық жоқ», – деп жауап береді. Өзі сауатсыз, газетті оқи алмайтын Мұқан: «Газеттерің ылғи өтірік жазады, оның несін оқимыз?», – деп әзілдейді інісіне. Ертеңіне ауданға барған Қырықбес «халық жауы» деп ағасының үстінен арыз жазып беріп, Мұқанды ұстап әкетеді. Содан бері оны көрген ешкім жоқ. Ал, оған нағлет айтқан ауылдастарына Қырықбес: «Егер бұл туралы менің өзім жазбай, менің досым жазғанда, онда ағамыз екеуміз де ұсталып кететін едік», – деп жауап беріпті.
Институтта диплом қорғайтын сәт те келіп жетеді. Сол 1939 жылдың 10 наурызы күні партияның ХVІІІ съезі өтетін болып белгіленеді. Деканат диплом қорғауды осы оқиғамен ұштастыруды ұсынады да, аталған күнге екпінді қарқынмен дипломды қорғап шығуға дайын кандидаттардың тізімін жасау жедел түрде жүзеге асырылады. Іріктеліп алынған бес адамның біреуі Әбілқас Сағынов болып шығады. Бір ай бойы бас көтермей, табандылықпен еңбек етіп, аталған күнге диплом жұмысын дайын етеді. Сөйтіп, Мемлекеттік емтихан комиссиясы оған «тау-кен инженері» деген біліктілік беріп, қазір айтып жүргендей «Қызыл диплом» табыс етеді.
Қарағандыға жіберілген Сағынов «Қарағандыкөмір» тресінің №31 шахтасын таңдап, осындағы учаскенің біріне бастық болады. Бұл оның украиндық жоғары оқу орнымен мүлде қош айтысты дегенді білдірмейді. Тағдыр жолы сан тарау, сол жолдардың үстінде адамдар бір-бірімен жиі ұшырасып жатады. Соғыс жылдарында Днепропетровск институтының бірталай адамы Қарағандыға қоныс аударылып, көптеген оқытушылар мен студенттермен қайтадан қауышқан сәттері болыпты.
Атақты ғалым, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбілқас Сағыновтың Қарағанды шахталарындағы, Еңбек Қызыл Ту орденді Қарағанды политехникалық институтында ректор болған жылдардағы еңбегі көпшілікке мәлім. Олар туралы баспасөзде аз жазылған жоқ, қаншама кітаптар да жарық көрді. Сондықтан, бұл мақалада ондай жайларды тағы да қайталап жатуды артық санадық.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
академик Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ қызметкері,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері



