Бекарыс – бірінші
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және жауынгер-интернационалистердің құрметіне орай, біздің облыста таэквондо турнирі өтті. Дәстүрлі додада қарағандылық Бекарыс ҚАЗЫБЕКОВ топ жарды.
Бекарыс – Қарағандыдағы №15 мектептің 4 «А» сыныбының оқушысы. Жаттықтырушысы – Мадияр Жүнісов. Талай шәкірттің қияға қанат қағуына сеп болып жүрген ұстаз, білікті бапкер. Сондай-ақ, М.Жүнісов баптайтын жас спортшы Асанәлі Құрмантаев та жеңіс тұғырынан көрінді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 400-ден астам спортшы Қарағанды жеріне табан тіреген. Олар жасөспірімдер және олимпиадалық жастағы ересектер арасындағы салмақ дәрежесінде өзара бақ сынасқан.
Бес жасынан спортқа бейімділік танытқан жас спортшы – Бекарыстың алар асуы алда.
Алтындай үмітіміздің арманы асқақ. Қарағанды облысынан шыққан Серік Сәпиев, Геннадий Головкин сияқты әлемді аузына қаратқан спортшы болу.
Біз де тілектеспіз!
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ