Жаңалықтар

Бейкүнә достарым

Сурет nur.kz

Біздің жаққа кештетіп жететін көктем дүйім жұртты бір жадыратып жатқанда, облыс орталығына барып келген Әміржан ағаның мектепке қатысты тосын жаңалығы екі қуантты. Әбден тозығы жеткен мектеп шатырын жаңалап беріңдер деп үлкендердің, директордың талай жыл өрлі-қырлы жерлерге барып жүргендеріне бірер жылдың жүзі болды. Бұл мәселені бірінші қолға алған Әбілтай атаның дүниеден озғанына да айға жуық уақыт өтті.
Көктемнің лебімен қоса келген жақсы жаңалық шын мәнінде жүзеге асса, біріншіден, осындағы көзге түсетін жалғыз еңселі ғимаратымыз ажарлана түсер еді. Екіншіден, «Басқа жағынан керемет болсаңдар да, сыныптарыңның төбесін жөндей алмай жүргендеріңе қат-ты-ы-ы жанымыз ашиды…» дейтін басты бәсекелесіміз 2 «ә»-дегілердің ауыздарына құм құйылатыны сөзсіз. Үшіншіден, мектеп табалдырығын аттаған күннен-ақ жаныма жақын болып кеткен достарым жайсыз мекендерінен жырақтамас еді. Олармен қалай достасқанымның өзі – бөлек әңгіме.

***

Қыркүйектің бірі. Тағатсыздана күткен күнім. Мектепке бару үлкен арманыма айналғалы қашан? Айтолқын әпкемнің арқасында ерте хат танып, сауатым ашылды. Көрші маңайдағы мектепке енді баратын, екінші сыныпқа көшетін балалармен білім сайысына түсіп, көбін шаң қаптырып кеткеніме көпшілік сүйсінетін. Әжем жарықтық: «Басқаларың – бір төбе, Мөкәйім – бір төбе!» – деп дәрежемді үнемі жоғарылатып отыратын. Анамның: «Мектепке алтыға толғанда барарсың», – дегеніне көнбей, мұғаліміміз Бағымның: «Жасың әлі кіші ғой», – дегеніне қарамай, араға әжем мен әкемді салып, бес жасымда бірінші сыныпқа қабылдандым. «Алғашқы қоңырау» мерекесінің онда басталатынын білсем де, тағатым таусылған мен үйдегілер таңғы шайын ішіп отырғанда, мектепке зыттым. Мектеп ауласына кіре бергенімде, есікке жақын жерде ұйлығысып отырған бір топ көгершін пыр етіп ұша жөнелді. Жалғыз ақ көгершіннің орнынан қозғалар түрі жоқ. Қол созым жер жақындасам да, «сенен қорықпаймын» дегендей сыңай танытқан соң, кеше ғана базардан әкем сатып әперген жап-жаңа сөмкемді лақтырып жіберіп, әлгіні бас салдым.
Бейшараның тырп етпейтін жөні бар екен. Аяғын қия түскен ақ жіп қос қанатына шырматылыпты да, жерден ұшы шығып жатқан темірге ілініпті. Құдды біреу «мен келгенше, осы жерден ешқайда кете алмайсың!» деп қасақана байлап кеткендей. Көгершінді қолыма алуын алсам да, аздап қорыққанымды несіне жасырайын? Оның да жүрегі жат біреудің жармаса кеткенінен жарылуға шақ тұр екен. «Маған не болғанына енді көзің жетті ме?» деп жаутаңдаған құстың көзіне көзім түскенде, бойымды тоқ шарпып өткендей болды. Өзіме-өзім келген соң:
– Сен менен қорықпа, ақ құсым! Мен саған титтей де қастық жасамаймын. Жарақатыңды жазамын. Қатарыңа қосамын! – деп басынан сипағанымда, ол да айт­қаныма еріксіз көнгендей кейіп танытты. Ойыма бірден әжем түсті. Әжем ғана мұны бейнетінен айықтыратынына сенемін! Құс түгілі, дәрігерлер емдей алмаған қаншама науқас әжемнің шипалы қолынан сауығып, алғыстарын жаудырып жүретінін ойлап, бірден үйге тарттым.

***

Әжемнің ем-домының арқасында досым аяғымен жүруге жарады. Оған бауыр басқаным соншалық, сабақ біте салысымен, үйге зытамын. Демалыс күндері сыныптың балалары келіп, оны қолдарына алғанына, жем бергендеріне мәз болады. Бар ойым күн суытпай тұрғанда, оны қатарына қосу еді. Әбден жазылғанын білген әжем: «Енді тобына қосуыңа болады», – деп кеңес берген соң, сыныптастарыммен бірге аяулы досымды үйден алып шығып, мектеп шатырында күншуақтап отыр­ған көгершіндерге қарай ұшырып кеп жібердім. Құс екеш құстың да өз ортасын іздейтінін сонда түсіндім. Топ көгершін лезде ақ көгершінді сағынып қалғандарын білдіргендей, оны ортаға алып, төбемізді шыр айнала ұшты. Жанымдағы балалар бірінен соң бірі «О, ғажап! Қандай күшті?! Ананы қара!» деп таңқалысып жатқанда, үнсіз жылап тұрдым. Бір жағынан, қуансам, бір жағынан, үйде енді оның болмайтынына мұңайдым.
Менің мектептегі көгершіндермен достығым сол күннен кейін тіпті арта түсті. Әжемнің, әке-шешемнің мектептегі буфеттен тоқаш алып жерсің деп күнделікті беретін жүз теңгенің жартысына шемішке сатып аламын да, он бес минуттық үзілісте дос­тарымды тамақтандырамын. Бұл әрекетімді мектеп тазалықшылары көріп қойып: «Мектептің маңын шемішкенің қабығына толтырып жүрген осы екен», – деп мені директордың кабинетінен бір-ақ шығарды. Осыдан кейін буфетші тәте маған шемішке сатпайтын болды. Әкеме жалынып жүріп, бір қап бидай сатқызып алдым да, адам баласына зияны жоқ достарымды көктем шыққанша асырауымды жалғастыра бердім. Сөйтіп жүргенде бір оқу жылы аяқталды.

***

Біз жазғы демалысқа шыққанда келмекші болған құрылысшыларды сабақ басталарға екі апта қалғанда әзер көрдік. Олардың келуін ала жаздай күтіп жүргендей, дәл сол күні кешкісін ақ нөсердің селдетпесі бар ма?
«Қырсыққанда қымыран іри­дінің» кері келді. Жұмада бас­талған жауын жұмаға ұласты. Шатыр ауыстыру жұмысын екі аптада бітіруді жоспарлаған құрылысшылар жеті күнгі жаңбырда бір қойдың етін асып жеп, бір қойдың етін отқа қақтап жеп, күнұзақ карта ойнап, демалыс жеріне келген жандардай бір жасап қалғанын, пайда көздеген әлдекімдерге олардың мұнысы оңтайлы болғанын көршіміз Пірәлі атадан естіп келген әкем шай үстінде: «Оқушылардың сабағы басталуға аз уақыт қалды. Ал, бұлардың істеп жүргендері – мынау», – деп күйіп-пісті. Олармен бетпе-бет сөйлесуге бекінді. Әкемнің айтқанынан қайтпайтынын жақсы білетін әжем: «Мен бұлай ауырып жатқанда, біреумен сөзге келіп қайтесің, қарғам? Олардың жұмысын қадағалайтын әкім емессің, сот адамы емессің», – деген соң ғана әңгіме ауаны басқа жаққа ауды.

Сұлтан Дәулетханұлы
(Жалғасы бар)

Басқа материалдар

Back to top button