АймақҚарағанды

Бейінді спортқа бетбұрыс керек

Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалмаған. Бұл түйткілді мәселені өңір тұрғындары облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен болған жеке қабылдау кезінде көтерді. Жағдайды тереңірек талқылау мақсатында өңір басшысы мемлекеттік органдар өкілдері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен арнайы кеңес өткізді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Кездесу барысында бейімделген спорт залдары мен арнайы жабдықтардың жетіспеушілігі, сондай-ақ, әлеуметтік бағыттағы бұл мәселені шешуге жеке фитнес-бизнес өкілдерінің қатысуының мардымсыздығы атап өтілді.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан спортпен айналысады. Олардың 105-і – Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасына енген спортшылар. Облыстық мамандандырылған спорт мектебінде тірек-қимыл аппараты, көру және есту қабілеті бұзылған 430 адам спорттың 18 түрімен шұғылдануда. Алайда, бұл көрсеткіштер жеткіліксіз. Облыс әкімі атап өткендей, қазіргі таңда секцияларға қатысушылардың басым бөлігі – 18 жасқа дейінгі балалар, ал, ересек жандар назардан тыс қалып отыр.

– Біз мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік жасауымыз керек. Қоғамдық ұйымдардың бұл бағыттағы жұмысы үшін алғысымды білдіремін, алайда, бұл іске кәсіпкерлер де – әсіресе, фитнес және спорт саласындағы бизнес өкілдері белсене араласқаны жөн, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің айтуынша, бұл мәселе көтерілгенімен, бизнес тарапынан қызығушылық байқалмай отыр.

Кеңес барысында белсенділер мүмкіндігі шектеулі спортшылардың атынан өз ұсыныстарын жеткізді. Бастамашыл топтың өкілі Қымбатбек Дұрланның айтуынша, жаттығу жүргізуге арналған арнайы құрал-жабдықтар мен іс-шара өткізетін алаңдардың тапшылығы айқын сезілуде. Сонымен қатар, Қарағанды қаласында тірек-қимыл жүйесі бұзылған жандарға арналған бейімделген тренажерлар жоқ. Оның айтуынша, мұндай жабдықтарды шығаратын цех ашуға да болады. Бұл өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожуховқа аталған мәселе бойынша нақты қолдау шараларын қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев бұл түйінді уақытша шешу үшін белсенді өмір салты орталықтарының базасында мамандандырылған спорт залдарының желісін ашуды ұсынды.

Жиын соңында Ермағанбет Бөлекпаев айтылған ұсыныстар назардан тыс қалмай, әрқайсысы бойынша нақты шаралар қабылданатынын жеткізді. Ол бұл мәселені шешуде жүйелі әрі жоспарлы тәсілдің маңызын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, өңірде көпфункционалды спорт кешенінің жобасы әзірленіп жатқаны белгілі болды. Жоба жүзеге асқанда мүмкіндігі шектеулі азаматтар бір нысанның ішінде бірнеше спорт түрімен айналыса алады.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button