Медицина

Бейінді мамандар ­даярлауға басымдық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздің басты құндылығы – адам екенін айтып, денсаулық сақтау саласын жетілдіруге баса назар аударған болатын. Нақты міндеттер де жүктегені белгілі. «Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындары жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70%-ға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді», – деді Президент. Биылғы оқу жылында резидентура бойынша мемлекеттік гранттар көлемі 1500-2500-ге жетті.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін резидентураға бөлінетін гранттар саны өсті. Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, резидентураға оқыту 47 бағыт бойынша жүргізіледі. Биыл ел көлемінде акушерлік және гинекология, анестезиология және реаниматология бағытына 200-ден астам грант бөлінді. Одан кейін неонатология – 119, терапия – 115, жалпы хирургияға – 98, неврология бағытына – 92 грант бөлінген. Сонымен қатар, психиатрия – 88, оториноларингология – 83, кардиология – 78, офтальмология – 66, жұқпалы аурулар бойынша резиденттерге – 63, травматология-ортопедия – 62 және 55 грант эндокринология бойынша. Қалған 1 167 грант бұдан басқа бағыттарға бөлінген.

Қарағанды медицина университетіне осы оқу жылында резидентураға 227 мемлекеттік грант бөлініпті. Ал, барлығы 346 адам түскен. Ал, бәрін қосқанда 734 адам оқып жүр.

– Денсаулық сақтау министрлігі бөлетін гранттан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың тапсырысы есебінен оқи алады. Оның ішінде, біздің университет Қарағанды облысына ғана емес, сондай-ақ, Қостанай және Ұлытау облыстарына да резидент маман даярлайды, – дейді Қарағанды медицина университетінің Резидентура және кәсіби даму мектебі деканының орынбасары Жанна Шарапиева.

Резиденттер тәлімгердің бақылауымен теория мен клиникалық практиканы интеграциялау негізінде білім алады, тікелей емдеу ісіне араласады. Медициналық көмек көрсету мен оның нәтижесіне жауапты болуды үйренеді. Әрине, практикалық сабақтардың көп болғаны олардың өздеріне жақсы.

– Резидент дәрігерлерді да­ярлау­да университет кафедраларының оқытушылары маңызды рөл атқарады. Олар өткізген практикалық сабақтардан резиденттер теориялық білім алып, оны игеру деңгейіне қарай, жауапты болуды да үйренеді. Мамандар резидентурада оқып жүріп, университет клиникасында жұмыс істей алады. Бізде 34 бағыт бойынша резиденттер даярлайды, – дейді Жанна Шарапиева.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда 128 резидент білім алуда. Олар травматология және ортопедия, жұқпалы аурулар бойынша, акушерлік және гинекология, неонатология, анестезиология және реаниматология, педиатрия және басқа да бірқатар мамандықтарда білімін тереңдетуде.

Резидентура гранттарының артуы әр өңірдегі медицина мамандарының тапшылығын жоюға арналған. Осының арқасында біздің аймақ өңірлер арасында мамандармен қамту көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Ол гранттарды жергілікті әкімдіктер немесе медициналық мекемелер есебінен де алуға болады.

– Биыл екі резидентке тапсырыс бердік, – дейді Абай ауданының аудандық ауруханасы директоры Айгүл Башекова. – Балалардың невропатологы мен офтальмологты оқытып жатырмыз. Қазір невропатолог ауруханада бар, бірақ, зейнет жасына жетіп қалды. Біз алдын алу үшін маман оқытып жатырмыз.

Облыс әкімдігі мен басқарма тарапынан өңірде маман тапшылығын азайту, жас мамандарды елге тарту және тұрақтандыру  мақсатында жүйелі жұмыс­тар  атқарылуда. Биыл алғаш рет ауылдық елді мекендерге баратын жас мамандарға 5 млн. теңгеге дейін қосымша қолдау жасалды. Бұған жергілікті бюджеттен 291 млн. теңге бөлінді.

Денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы, білікті мамандармен қамту, жас мамандарды елді мекендерге тарту – талқыланып келе жатқан мәселе. Мемлекет басшысының резидентураға бөлінетін гранттар санын арттыру жайлы тапсырмасы осы мәселенің түйінін тарқатар бір себеп болары анық.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button