Мақаланың негізгі тақырыбы: Болат құстың кеудесінде
Қазақтың маңдайалды жазушыларының бірі Бейімбет Майлиннің 1935 жылы маусым айында Балқаш құрылысына келіп, жол-сапарда жүргенде жазған мақалалары «Балқаш жұмысшысы» газетінің үш санына басылып шыққан екен. 1935 жылы 2-ші маусымы күні жазған «Болат құстың кеудесінде» атты мақаласы 1935 жылы 11/VI – күнгі №79 санына, 1935 жылы 5-маусым күні жазған «Екінші күн» атты мақаласы 22/VII-1935 жылғы №83(290) санына, «Оқытушылар» деген мақаласы №87 (294) 30/V санында жарияланған. Әрине, газет латын қарпімен басылған кез болатын. Мен кирилицаға аударып көшірдім. Бейімбеттің өзі жазғанына ешбір түзету, өзгеріс енгізбестен, орфографиясын сақтадым. Бұл азамат жазушының Балқаш топырағын бірінші әрі соңғы рет басқанының куәсі.
Отызыншы жылдардағы Балқаш құрылысында көзбен көрген жайларды ашық жазады, кейбір деректері бүгінгі түсінікке дөрекілеу көрінуі мүмкін. Бірақ, ден қойған оқырманды алғашқы құрылысшылардың өмірімен, қиындығымен, сана-сезімдерінің әр деңгейде болғанымен, бастан кешкен қиыншылықтарымен таныстырады. Иә, Балқаш құрылысы бұрынғы Кеңес үкіметі тұсында басталған ең күрделі, ең ауыр, бірақ ең маңызды әрі қажет құрылыс болды. Балқаш мыс комбинаты КСРО көлемінде мыс тапшылығынан, шетелдерге тәуелділіктен құтқаратын, Еуропада теңдесі жоқ бірден-бір ірі өндіріс орны болып саналған. Солай болды да. Қазақстан даласының кен байлығын білген Кеңес үкіметі орталық Қазақстанды зерттеуге 50 ғылыми экспедиция жіберген. Соның бірі геолог М.Русаков бастаған геологиялық экспедиция Қоңырат кеніне тоқтаған. Бұл – қазақтарға бұрыннан белгілі кенді мекен. Тек оны игеру қолдан келмеген. М.Русаковтың керемет көрегендігі, ерен еңбегі – Қоңырат кенінің 50 жылға жететін қоры барын ашқандығы. Небары бір шаршы шақырым жердегі тау жынысын тексеріп, сенімді шешіммен Қоңыраттың болашағын анықтағаны сөзсіз даналық еді. «Ленинград. Геолком. Котульскому. Открыто мощное медно-порфировое месторождение Коунрад близ оз. Балхаш» деп жіберген телеграммасы тарих бетінде сақталып қалды. Алғашқы инженер-техниктер, маман жұмысшылар – 30 адам Балқаш жағасына 1930 жылы жазда келіп, болашақ өндіріс орнына қазық қағылған. 1931-1933 жылдардың аштық нәубеті мыңдаған қазақтардың өмірін жалмаса да, Балқаш құрылысы жан-сақтау көзі, болашаққа сенім еді. Аш-жалаңаш адамдар құрылыстың негізін қалап, іргесін көтерді. 1930-1935 жылдар болашақ өндірістің дайындық жылдары. 1934 жыл Балқаш мыс зауытының жобасы, 1935 жылы қаланың жобасы бекітілді. Қоңырат кеніші ашылғанмен оның кедей рудасынан мысты бөліп алудың тәсілі Кеңес Одағы көлемінде игерілмеген, сыры ашылмаған кез болатын. Сондықтан, оның болшағына сенбейтін, күмән келтіретін ғалымдар болды. Балқаш көлінің жағалауына – Ескі алаңға уақытша салынған тәжірибе зауытында жас инженерлер Е.Антоновский, В.Пухов, Кулаков, М.Бегалиева, К.Кадыржанов тағы басқалары 1800 рет тәжірибе жасап, 1935 жылдың 19 наурызы күні тұңғыш рет Қоңырат кенінен қара мысты бөліп алды. Бұл тарихи жаңалық Балқаш құрылысының күрт қолға алынып, қаланың іргесін көтере бастауға тікелей ықпал етті.
1936 жылы 12 ақпанда Балқаш жағалауына бірінші салынған арнайы мектеп ғимараты мен №19 көпқабатты тұрғын үй берілді. Бір көңіл аударарлық мәселе, осы үйді Қостанайдың тумасы, Полтава құрылыс институтының түлегі, жас инженер Мұхамеди Майоров және Гүлжиһан Балпанбаева, Әділқадыр Үдербаев сияқты жас инженерлер бастаған кілең қазақ жігіттері салған болатын. Назыр Аюпов деген азаматтың қарамағында 100 құрылысшы-жер қазушылар күндіз-түні құрылыс басында болған. Тағы бір ерекшелігі, бос жатқан көл жағалауына салынатын болашақ қаланың алғашқы 14 көпқабатты тұрғын үйлері мен мектептің салынатын орындары жоба бойынша белгіленген соң, инженерлер мен жұмысшыларды әр объектіге бөліп беріп, іргетас орнын қазу жұмысын мыңдаған жерқазушылар жаппай бірден бастаған. Оның ішінде Мәскеудің құрылысшылар техникумын бітірген 100 жас маман бар. Соның бірі – В.Язев, кейін Социалистік Еңбек Ері.
1935 жылы осы құрылыс қалай басталғанын көрген Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов сынды арыстарымыздың, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов сынды өнер майталмандарының іздері қалған Балқаш тарихы ерекше қасиетті көрінеді. Сондықтан, Бейімбет Майлиннің осы мұрасын жариялауды жөн көрдім. Оның пікірлері бүгінгі күнге де қажет.
Күләш САРДАРБЕК,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
БАЛҚАШ қаласы.
Бірінші күн
…Балқаш құрылысымен танысуға кірістік. Алдымен кездескеніміз монша болды. Қабат-қабат қып салған кірпіш үй, әзір есік-терезесі жоқ, аңғал-саңғал. Бітіп шықса, көз тартқандай көрнекті үйдің бірі болғалы тұр… Құрылыс бастығы жастау жігіт бастап көрсетті. Астыңғы қабаттағы екі-үш бөлмесі икемделіп, салынып бітуге бет бұрды. «Июннің 5-сі күні бітіреміз, келіп жуынуыңызға болады» деді әлгі жігіт…
…Жұмысшылар клубын аралап жүрміз. Заты не деген үлкен! Мың кісі мынаған қиналмай сияр. Ерке қыздың төсіне таққан моншағы сықылданып, зал төбесін электр шамымен тізбектеген. Жұмыстан шаршап шыққан жұмысшы мына залда бірер сағат отырып шықса, бойы ширап, тынығып қалатын-ау. Клубтың бір бөлмесі библиотека. Едәуір кітаптары бар. Менімен бірге жүрген Ленинград жазушылары соның арасынан өз кітаптарын тауып алып, жазған кітаптарының қиыр шеттегі Балқаш жұмысшыларына шейін келіп жеткеніне мәз болып қуанды. Әрине, қуанар, кітапқа сіңген еңбек басқа еңбектен кем болып па? Оқушы көп болып, кітабы ардақталып отырса, жазушының еңбегі ақталды деп біл. Біздің Қазақстан жазушылары кітапты не үшін жазатындығын, баспа орындары не үшін басатындығын әлі ұғыспай жүр-ау деймін. Әйтпесе, осы Балқаштағы жұмысшылар клубының библиотекасынан қазақ жазушылары кітабының сирек табылуы – тым өрескел. Клуб бастығы Бедман жолдас мұны өзінше дәлелдеді: «Қазақстан бізге кітап жібермейді, қазақ кітаптарын Мәскеу арқылы ғана алдырамыз», – деді. Осыны естігенде, өзіңді Қазақстан топырағында емес, басқа бір жерде тұрғандай көріп қаласың. Қазақстан көркем әдебиет баспасы басқан кітабының санына мәз болмай, мына Балқаш сияқты жерге көбірек таратудың жолын қарастырған жөн-ау деймін. Клуб бастығымен келісіп, ертең кешке осы клубта әдебиет кешін өткізбекші болдық. Бұл шынында Балқаш құрылысында жазушылар атағынан істелетін тырнақалды жұмыс болғалы тұр.
Жазушылар мініп, көңілін көтерсін деді білем, құрылыс комитеті бір жүк мәшинесін шығарып берген. Біз соның үстінде отырмыз. Шопыр бала моторды шұқылап әуре боп жатыр. Балқаштың ыстық күні шақырайып, шекені қыж-қыж қайнатады. Көлеңке іздегің келеді. Дәтің шыдамай шопырға бұрыласың: «Қашан жүргізесің, қарағым?». «Ұзамай жүреміз». Мәшинесінің тоқтағанына сағатқа жақын болды. Содан бері сен неше сұрау берсең де, шопырдың жауабы біреу-ақ: «Ұзамай жүреміз».
Иә, осының мәшинесі бұзық па, иә шопыр баланың мәшине тетігіне шалалығы бар. Осы мәшинені жүргізбей қырсық болып отырған біздей-ақ, тамашалаған пішінмен маңымызды балалар қаптады. Мен қарсыдағы үйдің көлеңкесіне бардым. Бурыл сақалды кісі жап-жаңа тақтайды самаурынға салуға ұсақтап отыр. Аспаннан тақтай жауды дейсің бе, мына жаңа салынып жатқан үйдің керегіне жаратуға әкелінген тақтай болар. Ол тақтайды самаурынға ұсақтап үйіп шәй ішпесе де болар еді-ау! Шаншу тиген адамдай кіржиіп, мына отағасының менімен, тіпті, жұмысы жоқ. «Жұмысшымысыз отағасы?» деймін. «Жоқ» дейді басын шайқап. «Ендеше тақтайда не атаңның құны бар жағып?» деймін. «Мені тергегендей сенің не атаңның құны бар еді?» дегендей боп, отағасым бетіме бажырайды. Қарауының қаттысы-ай! Ыстық соғып шаршаған адамда күй бола ма, мен керістен аулақ болдым. Отағасының жанында көне пішінді әйел отыр. Аяғымен шаңды сыра көсілген бопты. Көйлегінің кірі бес батпан. О баста мәнерлі сисадан тігілген болар-ау деп долбарлайсың. Қабағы жабыңқы. Маңайды көзімен шолып келіп, ауыр күрсінеді. Иә, бір ауыр қайғыға ұшыраған адам, иә ашудан, сөзден басқа түк білмейтін, тап осы минутінде қабындаған ашудың құшағында отырған адам деп ұғынасың. Тақтай жарғыш отағасы мені ұмытқан секілденді де, әлгі әйелге бұрылды. «Жаман үйретіп, үйтіп… «Баланы жастан, қатынды бастан» деген тіліңді алмаса, үйден қу да шық», – деді отағасым шіміркеніп. Мен елеңдеп, бұл әйелді ренжіткен оқиғаның мәнісіне қануға ойласам да, отағасының мінезінің шатақтығын ойлап, бәрі бір шынын айтпас деп аузымды ашпадым. «Қайтейін, сорладым әйтеуір. Ойхой, заман-ай!» деді бір кезде күрсініп. Өз шамалауымша, «осы әйелдің ұлы, не қызы өз бетінше жұмыс істеп, шешем деп мынаған сөз сала білмеді-ау», – деймін. Мұның да қайғы болғаны-ау! Шопыр қорытындысын жаңа берді. Мәшине жүрмейтін бопты. Шақырайған ыстықта жаяу жүрудің таңсықтығы шамалы ғой, әйткенмен, шұбырып жаяу келеміз. Электр стансасына келіп тіркелдік. Балқаш басындағы әзірге бірінші маңғаз үй осыныкі (жылу электр стансасының ескі ғимараты жайында айтып отыр). Ішінде не барын білмей, сыртына қарап-ақ қанағаттанғандайсың. Тапал бойлы қара кісі, орыс тілін еркелеген бала секілденіп сөйлеп, бізді қарсы алды.
– Европа елі бір нәрсенің алдымен сыртын сұлулауға әуес. Біз алдымен дәнін іздейміз. Бізге энергия керек болды. Біз сыртын жылтыратуды қоя тұрып, алдымен өндіріске энергия беруге тырыстық… Сыртын сұлулауға енді кірісеміз, – деді. Аралатып көрсетті. Маңынан өткенде, ыстық лебі бетіңді шарпығандай болады. Маңқиған жұмысшы – қазақ жұмысшылары әлгі пештің аузын ашып, отын көсегенде, ыстық жалын күйдіріп жібергендей ғып, маңдайдың терін жаңбырша сорғалатып тұр. Бірақ осы еңбекке қажып, қабақ түйген жұмысшы жоқ. Үйткені, бұл еңбектің кім үшін, не үшін істелетіндігі бұған айқын. Еңбектің атақ, даңқ болатындығы да осыдан…
Мәскеуде шығатын «Известие» газетінде Сидоренко дейтін ақын сүйген жарын өлең ғып, соның ішіне Балқаштың көлін әкеп қыстырыпты. Сұлулық Балқаштың жалғыз көлінде ғана ма екен? Ақын қаламы мына сияқты еңбекті суреттеп берсе, одан сұлу не болар еді?..
Түн. Моторлы қайыққа мініп, көл бетінде теңселіп келеміз. Маңымыз самсаған электр жарығы, сәулесі суда дірілдеп, маржандай жылтылдайды…
«Балқаш жұмысшысы» газетінің №79 саны. 11 маусым, 1935 жыл.
Екінші күн
Кешегі жүк автомобилі жөнделіп үлгіріп, таңертең алдымызға кесе-көлденең тартылды. Шопырлары – курсты жаңа бітірген тым жас балалар. Тәжірибелері кем болар. Біз Қоңыратқа беттегелі тұрмыз. Кешегі қиқаңын бұл автомобиль айдалада жол үстінде шығарса, мына шыжыған ыстықта жаяу жүруге тура келсе, тым көңілді болмас. Бірақ біз Балқашқа келгенде, бордақыға байланып семіруге келген адамдар емеспіз, осы ұлы құрылысты бастан-аяқ көріп, танысамыз деп келдік. Ендеше, әңгіме қалай жүріп танысуда емес. Бізді ертіп, бастап жүретін адамның болмай қинаңқырағаны. Газет қызметкерлері дегендер жазушыларға үйір келер еді. Балқашта орыс, қазақ тілінде шығатын екі бірдей газет бар екен, соның бір адамы бізге жолай білмеді. Кеше келген қарқынымызда орыс газетінің редакторын көріп, танысқан секілді едік, сол кісі де қайтып оралып соқпады. Кім білсін, Балқашты өздері бауыр басқандай болып, шеттен келген біздер егіндеріне түскендей болып тұрмыз ба?
Балқаш құрылысын басынан кешірген Кочнев деген кісіні іздеп жүрміз. Кешегі көрген таныс үйлер. Үй көлеңкесінде отырған бірен-саран адамдар. Кешегі тақтай жарғыш отағасым кешегі орнында тағы отыр екен. Мен нақ бұл жолы ол кісімен жұмысым болмай-ақ кететін едім, бір кішкене нәрсе еріксіз бетімді аударды. Түбін ойласам «кішкене» деуге сыймайды да. 8-9 жасар қыз жеңілтек бір тақтайды сүйретіп, зыр жүгіріп келеді. Екі көзі артында. Түсі үрей. Зыр қаққан жалаң аяғы адыр-бұдырға, тасқа соғып, жанына батып-ақ келе жатқан болар, бірақ оны елер емес, есі-дерті сол тақтаймен қолға түспей құтылу…
«Жүгіре түс, жүгір деймін!» деген дауысқа бұрылсам, әлгі көлеңкеде отырған отағасым екен. Балтасы жанында. Ана тақтай қолына тиер болса, ұсақтап үлгіруге асығып отырған адамның пішіні. Бәрін былай қойғанда да, мына жас баланы жамандыққа баулып отырғаны-ақ өтеді-ау мұның.
Қоңыратқа келе жатырмыз. Түйенің мойнынша қыртысталған таусымақ. Тері шалбарша тырысқан түксіз дала. Жер ұсқыны адамды тартпайды-ақ. Бірақ, қаншама асыл қазынаны бауырына жасырып жатқан соң, бұдан аттап кете алмайсың. Сараң табиғат Қоңырат маңын гүлге безей алмаса, біздің социалдық құрылыс ерлерінің еңбегі безей алады. Енді бірнеше жылдан кейін Қоңырат маңын көрсең шыға алмайтын боларсың. Тау цехы бастығының үйіне келдік. О кісінің өзі үйінде болмады. Есіктен кіре берісте қартаңдау әйел кездесіп, жолымызды кескестегендей боп, алдымызда тұрып алды. Дүрдиген қара ит түпкі үйден жүгіріп шығып, бізді көріп арсылдап үрді. Біз сескеніп кейін шегіндік.
– Қорықпаңыздар, қазақтан басқаны қаппайды итіміз, – деді әлгі әйел күлімсіреп. Менің жанымда тұрған Ленинград жазушыларына әйелдің бұл сөзі, мына күлкісі тым ерсі көрінген секілденіп, біріне-бірі қарады. Березин жолдас әйелді кекете күлімсіреп: «Бұл итіңіз онда шовинистік ауруынан сау болмаған болды-ау», – деп еді, бұған қысылып, абыржыған әйелді көрмедім. Қызық-ау, цех бастығының иті үй маңынан қазақты жүргізбейді. Өндірісте жүргендердің көпшілігі қазақ. Бастықтың итінен қорқып, сонша жұмысшылардың бірде-бірі бұл үйге жоламайтын болғаны ма?
Поселкені аралап жүрміз. Бір үйдің көлеңкесінде қазақ жігіті отыр. Шалбардың балағын тізеден асыра түсіп, қос қолдап сирағын қасиды келіп. Монша жоқ емес шығар-ау, соған түсуге мойны жар бермей жүрген біреу болар. Құнан қойша кердеңдей басып, семізше әйел осы жігіттің жанына келіп, сүйкене отырды. Жігіт итеріп тастап еді, әйел одан жаман өшігіп, жабыса түсті. Жігіт жұдырығын түйіп, әйелді төмпіштеуге кірісті.Сырттан қарағанда, адам қызу төбелестің үстінен шықтым дейтін. Бірақ бұларының ойын екенін әйелдің ыржиған күлкісі білдіріп тұр. Отырғандары поселкенің көшесі, мынау қыбырлап жүрген адам. Осының бәрін сезбегендей, жартаңдап ойнағандарының өрескелін қарашы…
Балқаштағы мәдениет іскерлері, комсомолдар тобы жиылыстарда шығып сөйлегендеріне, құшақ-құшақ қаулыны қағазға жазғандарына мәз боп жүрмесе не қылсын?! Мына жігіттерді тәрбиелеуге бірталай күш жұмсау керек-ау…
Цех бастығының орынбасары Қоңыратта істеліп жатқан жұмыстарымен таныстырды. Оңай жатқан қазына қайда, Қоңырат кенін сонау бөктерленген таулар басып жатыр екен. Тауды төбесінен үңгір, астынан тесіп кеулегенмен, ен қазынаны түгел алу қиын. Сондықтан, осы тауларды опырып, уатып, тасын сыртқа сүйреп тастау жобасы бар екен. Ертерек кезде: «тауды құлатып, тасын сүйретіп тастап, астындағы қазынасын аламын», – десең қазақ елі күлер еді-ау. Сол қазақтың бірі мына қолды артына ұстап тұрған қара кісі. Бұл күлуін былай тұрсын, «иә, сүйтетін болдық» деген адамның пішінімен иығын көтере түседі. Алып денелі осы кісінің ұсқынынан шошыған секілденіп, Қоңырат таулары тап сол минөтте, кішірейіп, бұйығып тұрған тәрізденді. Рас, мына тастар қопарылады. Тас астындағы мыс кеніне мына алып денелі кісі арбиған саусағын салғалы тұр. Енді бірер жылдан кейін Қоңырат пен Бертіс арасынан 10 минөтте бір поездан жүріп, мемлекетіміздің керегіне миллиондаған тонна мыс беруге әзірленіп тұр!
Кеш. Тыншу. Ыстық. Ақындар айтқандай, «Балқаш көлінің беті сірескен мұздай жалтыр». Жұмысшылар клубына келдік. Оқушылар мен жазушылардың кездесу кешін өткізбекшіміз. Мың кісіге тарта сиятын зал толып-ақ қалыпты. Балқаш пролетариатының әдебиетке, жазушылармен кездесуге мұншалықты құмартуы – сүйсінерлік іс. Біз көтеріле түстік. Залдағы жұрт қол соғып жатыр. Клуб бастығы мәжілісті ашты да, үстел басына бізді ғана қалдырып, өзі басқа жұмысына кетті. Жергілікті партия, Кеңес, кәсіпшілер одағы, комсомолдар ұйымының адамы қайда? Біреу келіп, ортамызда отырса қайтетін еді? «Сұрақ-жауап» дегенге жұрт жұмыла түсті. Қазақ жазушыларының атағына берілген бірнеше сұрауды шолып өтейін:
– Өндіріс өмірінен пьеса жазасыңдар ма? Жазсаңдар қашан бересіңдер?
– Қазақ жазушыларын түгел сырттан билеп, уәде беру қиын болады екен. Біздің ортамыздан шыққан кейбір сөйлемпаздарымыз жиналыс сайын жазушылар атынан уәдені жаудырумен келеді ғой, соның орындалу жағы… Әйткенмен, Сәбиттің биыл өндіріске барғалы жүргендігін ескеріп, мен уәдені беріп қалдым. «Жазамыз, жазып та жүрміз. Биыл қолдарыңызға тигіземіз» дедім. Бұл Сәбиттің есінде ерекше болсын!
– Балалар әдебиеті неге жоқ? Балаларды ескеретін күндерің бар ма?
– Бұл – қазақ жазушыларын қызартатын сұрау. Балалар әдебиетіне атсалыса алмай жүргеніміз рас. Әр жазушының өзінше сылтауы болуға мүмкін. Сәкен өкпелейді: «Қалада тұрған қазақтардың балалары бір ауыз қазақша білмейді, кітапты кімге жазамыз», – деп. Осы пікірге қосыла алмаймын. Жақсы, қызықты кітап жазылса, өндірістегі жұмысшылардың, қырдағы колхозшылардың балалары түгін түсірмей оқығалы отыр. Қаладағы Шайқының қызы қазақша білмейді деп өкпелеп, балалар әдебиетін ақсатуымыз тым оғат, Сәкен! Алдымен бастап сен қозғал, балалар әдебиетін байытайық.
– Біздегі пролетариат ақындарының өлеңдері байшыл ақындардың өлеңіндей неге сұлу шықпайды?
– Осы сұрауды берген жігіттің бетіне мен қадала қарадым. Жас қана жігіт. Бұл сұрауды қандай оймен беріп отырғанын кім білсін? «Ойнап сұрағанға, шындап жауап бер» деген ғой, шындап жауап беруге тура келді.
Кеше мәдениет іскерлерінің съезін ашарда, байшыл жазушылардың шығармаларымен салыстырғанда, біздің кеңес ақын-жазушыларының шығармаларының салмағы түр жағынан болсын, мазмұн жағынан болсын қаншалықты басып жатқандығын Ораз жолдас айтып өтті. Бұл біздің әдебиетіміздің қазіргі күніне берілген толық баға. Темірбек жолдас баяндамасында, бір кезде «даңқы жер жарған» Мыржақыптың, Мағжанның өлеңдерімен, бір кезде батрак болып жүрген Сәбиттің өлеңін салыстырып, қайсысының сұлу екендігін көзге елестетіп бергендей болды.
«Сылдыр, сылдыр,
Жүректі өртедің құрғыр…» деп Мағжан бір кезде қыз үшін күйінсе, енді «Ақ аюдағы» Сәбиттің:
«Жарылса шар, теңізге кеме батса,
Техникке кемдігі ол уақытша.
Түптегенде табиғат тұсаулы ат,
Табиғат құл, түбінде адам патша!», – деген өлеңін оқығанда іші өртенер. Сұлудың сұлуын, көркем сөздің кестесін келтіріп отырған кеңес әдебиеті, кеңес ақын-жазушылары.
Бұған тап жаулары да қол қойып отыр. Әңгіме жоғарғы сұраудан шықты-ау. Көркем әдебиет арқылы көпшіліктің салт-санасын тәрбиелейміз дейміз. Олай болса, Балқаш сияқты жерде әдебиет үйірмесін көбірек ұйымдастырып, көпшілікке көркем әдебиетімізді сіңдіру, сүйдіру жөнінде көп жұмыс істеуіміз керек-ау деймін. Біздің жазушылар Балқаштан қол үзбей, жазушыларын жиірек жіберіп тұрғаны жөн.
«Балқаш жұмысшысы» газетінің №83 саны, 22 шілде, 1935 жыл.
Жалғасы бар.