Бейбітшілік пен бірліктің орталығы
Тәуелсіздік жылдары көпэтносты еліміздің тұрақтылығын сақтап қалу мақсатында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ әлемде болмаған жаңа тәжірибені жүзеге асырып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған болатын.
1992 жылы Қазақстан халықтары форумында Елбасы Н.Назарбаев «Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша біз Қазақстан халықтарының келісімі мен бірлігі Ассамблеясы жаңа қоғамдық институтын құруымызға болады деп ойлаймын» деп еліміздің болашағын тұрақты да бейбіт өмірге жетелейтін идеяларын ортаға салған болатын. 1995 жылы 1 наурызда еліміздің қоғамдық аренасында Президент Жарлығымен жаңа құрылымы – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган.
Жиырма жылдан астам тарихында Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси өмірінде белсенді орын алды. Ассамблея ұлтаралық келісім мәселелерін еліміздегі халықтардың дәстүрлі құндылықтарына сүйене отырып, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты сақтап қалуға маңызды үлес қосты.
2013 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Еуразия ұлттық университеті өзара Меморандумға қол қойып, елімізде алғашқы болып Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы құрылды. Кафедраны сол кездегі Сенат депутаты Анатолий Башмаков басқарды. Мақсаты – мемлекеттің ұлттық саясатын жүзеге асыру, жоғары оқу орындарындағы студент жастарға патриоттық тәрбие беру. Кафедраға этносаралық қарым-қатынастардың және қоғамдық келісімнің негізгі мәселелерін ғылыми-теориялық тұрғыдан пайымдап, қазіргі заман талабына сай саралау міндеттелді.
2015 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің қабырғасынан да Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы құрылды. Кафедра қызметі білім беру, ғылыми-зерттеу мен тәрбие беру, Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметін дәріптеуге және де студент жастар арасында патриотизмді дәріптеуге арналған.
Кафедраның негізгі міндеттері – мемлекеттің этносаясатын білім беру арқылы іске асыру, азаматтық келісім мен қазақстандық патриотизм тұрғысында жоғары оқу орындарының студенттерін тәрбиелеу, ұлттық бірлік пен этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісін зерттеудегі теориялық және әдістемелік негіздерін жасау, қазақстандық қоғамның шоғырлануындағы ҚХА рөлін насихаттау. Сондай-ақ, мемлекеттің ұлттық саясатын әзірлеуге және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал жасау.
Қарағанды мемлекеттік университетінің кафедрасы Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедралар қауымдастығына кіреді. Қауымдастықтың басты мақсаты – ҚР жоғары оқу орындарында Қазақстан халқы Ассамблеясының әдіснамалық алаңын құруға, жастар арасында толеранттық мінез-құлықты қалыптастыруға арналған тәрбиелік жұмыстарды жүргізуге, Қазақстан Республикасындағы этносаяси бағыттардағы іргелі ғылыми жобаларды бірігіп әзірлеуге бағытталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы Қарағанды облысының этно-мәдени орталықтарымен, республикадағы басқа да Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларымен тығыз байланыс орнатқан.
Бүгінгі танда республикамызда 20-дан астам ҚХА кафедралары, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының қауымдастығы табысты жұмыс істеуде. Мұндай форматтағы кафедралар ешбір елде жоқ.
Қарағанды мемлекеттік университетінің басшылығы кафедраның жұмысын қолдап отырады. 2016 жылдың 24 сәуіріңде тарих факультетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы кабинеті ашылды. Кабинет арнайы жабдықтандырылған және Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін саралауға мүмкіндіктер жасалған.
Кафедра оқытушылары Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық дамуы мен қызметіне байланысты халықаралық және республикалық конференцияларға, дөңгелек үстелдер жұмысына қатысып, эксперттік жиналыстар мен семинарларды ұйымдастырады. Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы жыл сайын «Менің Отаным – Қазақстан» атты республикалық студенттік ғылыми-практикалық конференцияны, «Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік идеясы» атты кураторлық сағаттарды, «Мәңгілік Ел – болашықтың бастауы» атты мектеп оқушылары арасындағы облыстық конференцияны, «КЛИО» атты мектеп оқушылары арасындағы Қазақстан тарихы пәнінен облыстық олимпиаданы және басқа іс-шараларды өткізіп отырады.
Кафедраның стратегиялық дамуы «Мәңгілік Ел» құндылықтарының негізінде қоғамның азаматтық-патриоттық және рухани-мәдени бірігуін тереңдетуге, қазақстандықтардың санасында мемлекеттіліктің құндылықтарын нығайтуға, қоғамдық келісім және бейбітшілік идеяларын жүзеге асыруға бағытталады.
Жамбыл ЖҰМАБЕКОВ,
Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік
университетінің
Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі.