Бас тақырыпЖаңалықтар

Бейбітшілік – береке бастауы

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай өсиетін өнеге тұтқан Арқа жұрты татулық пен бірлікті ту қылып көтерді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген кеңқолтық еліміз кезінде қазақ даласына тағдыр айдап келгендерді бауырына басып, ашыққандарына қолындағы асын бөліп берген өзге ұлт өкілдері бүгінде ұлысымыздың ынтымағын күзетіп, ырысын еселеуде. Бөлекпіз демейді, біртұтас бауырмыз дейді.

Облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Қарағанды аймағында «Этномәдени бірлестіктер күні» басталды. Кеншілер шаһарындағы «Достық» үйінде түндігі түрілген шара Астананың 20 жылдығының құрметіне орайластырылды. Түрі басқа, тілегі бір отандастарымыз осында мәдениеттерінің мәйегін сапырып, өнерлерін ортаға салды. Мәні мен сәні келіскен мәдени шараны қоғамдық келісім мекемесі басшысының орынбасары Шахмарал Кабулова құттықтау сөзімен ашты.

«Биыл бас қаламыз Астананың 20 жылдық мерейтойы. Осы мерекеге орай, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағалығымен бірсыпыра іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Президентіміз «біз елдің бірлігі мен мемлекеттің сындарлы саясатының арқасында барлық сынақтан абыроймен өттік. Ел иесі Қазақ халқының маңына ұйысқан барша этносты жоғары бағалаймыз»,– деді.

Облыс орталығында басталған салтанатты шараға Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалаларының этномәдени бірлестік орталықтары қатысып, өнерлерін ортаға салды. Өзара тәжірибелерімен бөлісті. Алдымен, Балқаш қаласының славяндық «Согласие» этномәдени бірлестік өкілдері, корей этномәдени бірлестігінің өнерпаздары өнерлерімен еліміздегі бірлік пен берекені бейнелеп көрсетті. Әр тарап елімізде мекендейтін барлық ұлттардың бір шаңырақ астында берекелі өмір сүріп келе жатқанын әспеттеп, ән шырқады.

Балқаш қаласынан келген «Со гласие» славян этномәдени орталығының төрайымы Нина Гильфер: «бүгін Қазақстанда тұратын түрлі этностардың өкілдері өздерінің салт-дәстүрлерін көрсетіп, мәдениеті мен тілін таныстырды деуге болады. Біз үшін мұндай мерекенің маңызы зор. Бірлігі жарасқан елде тұрып жатқанымызға қуаныштымыз» десе, балқаштық әріптесі, кәріс этномәдени орталығының төрағасы Александр Ли: «Бұл мереке жастарды ұлтаралық ынтымақ пен бірлікке шақырып, Қазақстанда тұрып жатқан этностардың салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтайды. Елбасының бастамасымен жүзеге асқан Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этномәдени бірлестіктердің ұйытқысына айналып отыр. Кәріс этномәдени бірлестігі де үнемі мұндай жиындарға атсалысуға әзір дегім келеді», – дейді.

Іс-шара барысында бірлестіктердің қызметі туралы бейнежазбалар, хореографиялық, вокалдық және аспаптық ансамбльдердің көрсетілімдері, сондай-ақ, халық өнерінің және қолданбалы өнердің көрмесі ұсынылды.

Сәтбаев қалалық «Достық үйі» директорының орынбасары Тимур Өтегенов:

 «Біз өз кезегімізде 50 балаға көмек көрсеттік. 1 балаға демеушілердің көмегімен пәтер берілді. Сәтбаев қаласынан келген этностар өз құндылықтарын көрсетуде. Елбасымыз айтқандай, татулығымыз, бірлігіміз өркендеп, еліміз көркейе берсін», – деді.

Этномәдени бірлестіктер күні 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – осы. Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының этномәдени бірлестіктері түрлі этникалық топтардың мәдениетімен таныстырды.

Екінші кезең 12 қыркүйекке жоспарланып отыр, оның құрамында Нұра, Абай, Бұқар жырау, Осакаров аудандарының өкілдері бар.

 Үшінші кезең 27 қыркүйекте Теміртау, Саран, Шахтинск қалалары өкілдерінің қатысуымен өтеді.

Жезқазған қаласынан «Диндалле» кәріс қоғамдық бірлестігінің өкілдерінен құралған делегация келді. Корей орталығы 1990 жылы «Дружба» халықаралық отбасылық ансамблінің негізінде құрылған.

Бірлестіктердің негізгі мақсаты этносаралық қарым-қатынас мәдениетін тәрбиелеу, ұлттық сәйкестікті дамыту. Қызмет ауқымы өте кең. Сондықтан, бұл – халық арасында қайырымдылық және мәдени-ағарту іс-шараларын ұйымдастыру, шығармашылық топтардың жұмысын ұйымдастыру, өңірлік, республикалық деңгейдегі қоғамдық шараларға қатысу дегенді білдіреді.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button