Жаңалықтар

Бейбітшілік – басты құндылық

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай «Ядролық қарусыз Қазақстан – жасампаздық пен бейбітшілік әлемі» онлайн дөңгелек үстелі өтті. Оған облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан ҚҰСАЙЫН, Ассамблея құрылымдарының мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, Чернобыль атом жарылысының құтқарушылары, халықаралық «Атом» жобасының Құрметті елшісі, суретші Кәріпбек КҮЙІКОВ, Қарағанды техникалық университетінің доценті Берік САРКЕНОВ, облыстық Чернобыльдың аса қауіпті аймақта болған ардагерлер одағы ҚБ төрағасы Мейрамбек БАЕКЕНОВ, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері және басқа да қонақтар қатысты.

Осыдан 72 жыл бұрын Семей жерінде қуаттылығы 30 килотонна болатын алғашқы атом бомбасы жарылды. Ядролық тәжірибелер үшін Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағынан 18 500 шаршы шақырым жер бөлінген. Қазақ халқының рухани өмірінің маңызды орындарының орталығы болған қасиетті дала осылайша ғасырлар бойы түрлі тарихи оқиғалардың куәсі болған еді. Дереккөзге сенсек, ядролық сынақ аумағында тұрған 1,5 млн. азамат полигонның қасіретін көрсе, ауаға тараған радиоактивті жауын 304 мың шаршы шақырымға жайылған.

1989 жылдың ақпанында белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменовтің мұрындық болуымен Семейдегі атом полигонын жабуды мақсат тұтқан «Невада – Семей» қозғалысының алғашқы митингі өтті. Осылайша, 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды.

Бұл тарихи оқиға жерімізге сансыз қайғы-қасірет әкелген ядролық жарылыстарды тоқтатып, Тәуелсіз Қазақстанның бейбіт өмірді сүйетін ел ретінде әлемге әйгілі етті. Шарада алғаш сөз алған Бекзат Алтынбеков «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарылыстардың үнін өшірген Семей сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы – еліміздің ең басты жетістігі. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында алынған асулардың барлығы тек бейбіт өмірдің арқасында мүмкін болды. Менің әкем де обыр ауруынан қайтқан еді. Оған да осы полигонның әсері болғаны сөзсіз. Өйткені, біздің ауыл Семейге жақын орналасқан», – деді.

Ал, Ерлан Бейсембайұлы полигонды жабу идеясының өте дұрыс әрі уақытылы қолға алынған өзекті мәселе екенін алға тартып, мән-маңызына тоқталды. Ал, Қоғам қайраткері Кәріпбек Күйіков антиядролық ұстанымын насихаттаушы ретінде басынан өткен жайттармен бөлісті. Хиросима, Нагасаки қалаларындағы халықпен жүздесіп, мектеп оқушыларымен кездесулері жөнінде айтты. «Оларға қарағанда қазақстандықтардың ядролық қарудан шеккен зардабы басым. Мені көріп қатты таңданды. Ядролық қаруға қарсылықты насихаттайтын туындыларымның көрмесін сол жақтарда өткіздім. Нью-Йорк, Вашингтон, Чехия, Берлин, Швейцария, Голландия аймақтарында көрмем өтті», – деді ол.

Бұдан бөлек, Чернобыль атом электрстанциясындағы жарылыстың салдарын жоюшыға қатысқан Мейрамбек Баекенов те өз естеліктерін ортаға салып, маңызды жайттарға тоқталды.

Ассамблея жастары атынан сөз алған Александр Урмашов экологияны қорғауда жастардың бастауымен өңірімізде жүргізіліп жатқан ілкімді істер туралы мәлімдеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің басты мақсаты – ұрпақ тәрбиесі, рухани, құндылықтарымызды дамыту және қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау. Аталған ұйым мүшесі Күліш Төлеуханқызы жуырда ҚХА бастаған «Ақ орамал» акциясы жайлы таныстырды. Сондай-ақ, бейбітшілік адамзаттың ең басты құндылығы екенін жастарға көбірек насихаттап, атсалысу керектігі хақында үндеу жасады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button