Covid-19

«Бейбіт заманда жақындарымызды жоғалтпауымыз керек»

Кеше елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ осылай деді. «Коронавирустың жаңа толқыны жойқын болып отыр» деген Мемлекет басшысы бірқатар тапсырма жүктеді. Оның барлығы індеттің таралуын тежеп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған.

Ақорданың Twitter-дегі парақшасында көрсетілгендей, Мемлекет басшысы, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың ушығып тұрғанына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, күн сайын елімізде 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Оның үстіне аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады.

Ең өкініштісі, азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан, шұғыл түрде іс-шараларды қолдануымыз керек. Тиісті жұмыс жоспарын дайындап, оны міндетті түрде іске асыруымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, вакциналау қарқынын арттыру мәселелері талқыланды. Президент республика бойынша 2,8 млн. адамның имундаудың толық курсынан өткенін, вакциналаудың жалпы қарқыны жақсы болғанымен, өңірлердегі көрсеткіш әркелкі екенін атады. Сондайақ, бюджет ақшасына әкелінген дайын вакцинаны дұрыс сақтай алмай отырған өңірлерді сынады. Соның салдарынан кей жағдайларда вакцинаның індетке қарсы тиімділігіне нұқсан келген. Кеңес барысында Президент вакцинамен аз қамтылған өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін шұғыл түрде көшпелі бригадаларды ұйымдастыруды тапсырды.

Пандемия аймақ басшылары үшін өзіндік емтихан болды. Бұл емтиханды әкімдердің кем дегенде жартысы «үшке» тапсырады, – деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, «Вакциналауда мәжбүрлеу шараларына бармаймыз» деген ол вакцина алғысы келмейтін адамдармен түсіндіру жұмыстарында әртүрлі тәсілді қолдану қажеттігін жеткізіп, бұл істе мәжбүрлеу болмайтынын баса айтты.

Батыстың кейбір дамыған елдері сендіру әдістерінен мәжбүрлеу шараларына ауысуда. Ірі еңбек ұжымдарының қызметімен байланысты ерекше жағдайларды қоспағанда, біз мұндай қадамға бармаймыз. Өйткені «қыңыр» антиваксерлердің шағын тобы кесірінен өз еңбегімен отбасыларының әл-ауқатын қамтамасыз етіп жүрген азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз», – деп ашып айтты.

Екі жақты уағдаластықтар шеңберінде QazVac-ты үшінші елдер нарығына ілгерілету жөніндегі жұмысты ұйымдастырудың маңызы зор. Үкіметтен осы мәселені ерекше бақылауға алып, нәтижелері туралы бір ай мерзімде баяндауды сұраймын,– деп Үкіметке QazVac-ты экспорттау мәселесін пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар, қыркүйекке жоспарланған отандық вакцинаның өндірістік шығарылымына байланысты оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу жұмыстарын тездету қажеттілігі де айтылды. Екінші жағынан вакцина паспортын қолдан жасауға жол берген адамдарға қатаң жаза қолдануды тапсырды. Бұған қатысты Қасым-Жомарт Кемелұлы «әңгіме елдің ұлттық қауіпсіздігі туралы болып отыр»,– деп көрсетті.

Кеңесте эпидемиологиялық ахуалға қарамастан, медициналық көмектің барлық түрі қолжетімді әрі сапалы болуы керектігін ескертті. Мемлекет басшысы медициналық мекемелердегі төсектерді COVID-19 инфекциясына бейімдеудің әсерінен жоспарлы оталарды жүргізуге кететін қымбат уақыт ұрланып жатқанын айтты.

Бүгінде өңірлердің дені «қызыл» аймақта. Ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады,– деген Президент Құрбан айт күндері жағдайды одан бетер ушықтырып алмауды тапсырды.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button