Бас тақырып

Қарағанды облысы – еңбек мәдениеті қалыптасқан өлке

Еңбек – елдің даму жолындағы басты құндылық, мемлекеттің еңсесін көтеріп, халықтың әл- ауқатын арттыратын, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін берік тірек. Осы орайда, қоғамда еңбек адамына деген құрметті арттыру, олардың қажырлы қызметін бағалау және жастарды өнімді еңбекке ынталандыру мақсатында елімізде 2013 жылдан бері қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтуде. 2025 жылдың – «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп аталуы да бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың нақты көрсеткіші.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Жұмыспен қамту – басты басымдық

«Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру» идеясы негізінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік әділеттілік, еңбек адамын қорғау, жұмыспен қамту мен табыс көлемін арттыру, еңбек қауіпсіздігін күшейту сынды стратегиялық тапсырмалары жүзеге асырылуда.

Осы орайда Еңбек күнінің басты мәні – өз ісіне адал, табандылығы мен еңбегі арқылы қоғамның дамуына үлес қосқан азаматтарды ұлықтау екенін атап айту қажет. Бұл мереке – өнімді еңбектің өнегесін көрсету, ұрпаққа үлгі болар тұлғаларды дәріптеу арқылы жұртты қажырлы еңбекке ынталандыруды көздейді.

Сол мақсатта жыл сайын ел көлемінде түрлі салада тер төгіп жүрген еңбеккерлерге құрмет көрсетіліп, «Еңбек ардагері» медалі табысталады. Бұл марапат 2014 жылы 31 шілдеде Үкіметтің арнайы Қаулысымен бекітілген болатын. Аталған медаль белгілі бір салаға ғана емес, жалпы еңбек майданындағы үздік көрсеткіштерге арналған алғашқы және әзірге жалғыз ведомстволық награда.

Сурет «Qarmet» баспасөз қызметінен

Марапат еңбек өтілі 40 жылдан асатын, зейнеткерлік жасқа жеткен, сонымен қатар бір салада кемі он жыл еңбек еткен азаматтарға және өзінің кәсіби жолында жоғары нәтижелерге қол жеткізгендерге беріледі. Бұл – қоғамның еңбекке деген құрметінің белгісі.

Бүгінде байтақ өлкемізде еңбек құндылығын көтеруге бағытталған нақты шаралар белсенді кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Еңбек адамы – еліміздің басты капиталы. Олардың адал еңбегі мен табандылығы – ел экономикасының қозғаушы күші. Осы орайда еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде Қарағанды облысында да еңбек құндылығын дәріптейтін, еңбек адамын қолдайтын жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар өз кезегінде жұртшылық тарапынан қолдау тауып отыр.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да жұмыссыздықтың үлесін азайту және жұмыспен қамту шараларын күшейту мәселесін ерекше атап өтіп, алдағы басты міндет – әлеуметтік тұрақтылық, табысты сақтау, жұмыспен қамтуды жалғастыру екенін нақтылаған еді.

Ресми дерекке сүйенсек, елімізде жұмысшы мамандықтары бойынша жұмыс істейтіндердің жалпы саны – шамамен 2,5 млн адам.

Бұл ел экономикасын тіктейтін маңызды күш саналады.  Статистика бойынша, олардың ең көбі 580 мың адам сауда саласында еңбек етеді. Ал, өнеркәсіпте 675 мың, ауыл шаруашылығында 550 мың және көлік саласында 419 мың азамат жұмыс істеп жүр.

Жұмысшы мамандықтарына қажетті жағдай жасау – Президент тапсырмасы бойынша мемлекет алдында тұрған маңыз­ды міндеттердің бірі екенін атап айту керек.

Бүгінде кеншілер өлкесінде жұмысшы жастарды қолдауға бағытталған нақты шаралар жүзеге асуда.
Атап айтсақ, дуалды білім беру енгізілді, кәсіпорындар колледждермен тікелей келісімшарт жасасуда және 21 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар, 300-ден астам жеңілдетілген ипотека беріліп, жас мамандардың өндіріске бейімделуіне жағдай жасалып, арнайы бағдарламалар қолға алынған.

Еңбек мәдениеті қалыптасқан өлке

Қарағанды облысы – ел индустриясының тірегі. Аймақ – жұмысшы мамандықтарының алтын бесігіне айналған. Бүгінгі күні кеншілер астанасында шамамен 130 мыңнан астам адам зауыт, фабрика және өндіріс ошақтарында еңбек етеді. Бұл – мыңдаған отбасының тұрмысын түзеген, өңірдің өндірістік қуатын қалыптастырған ауқымды күш. Оның ішінде, 23 мыңнан астамы – жастар екенін атап өткен жөн.

Кеншілер, металлургтер, электромонтерлер, дәнекерлеушілер, құрылысшылар, механиктер – ел экономикасының шынайы қаһармандары.

Ресми дерекке сүйенсек, Қарағанды облысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы Комитетінің департаменті өңірдегі еңбек заңнамасының сақталуы мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Нақтырақ айтсақ, 2025 жылдың 7 айында 1599 өтініш қаралған. Ондағы негізгі мәселелер еңбек шартының болмауы, жалақыны кешіктіру немесе төлемеу, қауіпсіз еңбек жағдайының жасалмауы, заңсыз жұмыстан шығару және тағы басқа.

Сонымен қатар, 371 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 262 заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде, еңбек қатынастары бойынша – 222, еңбек қауіпсіздігі бағытында – 37, жұмыспен қамту саласында – 3 заңбұзушылық.

Одан бөлек, 154 ұйғарым беріліп, барлығы орындалған. 59 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекетке төленген айыппұлдың жалпы сомасы – 11 021 920 теңгені құрайды.

– Профилактикалық бақылау мен қадағалау аясында 10 кәсіпорында тексеріс жүргізіліп, 80 заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде еңбек қатынастары бойынша – 45, еңбекті қорғау бойынша – 32, жұмыспен қамту бойынша – 3. Өндірістік жарақаттану бойынша 2025 жылдың 7 айында – 76 оқиға тіркелді. Бұл былтыр­ғымен салыстырғанда аз. Мәселен, 2024 жылы – 82 адам жарақат алған еді. Қайғылы жағдайлар 45,4%-ға азайды, – деп атап өткен еді жуырда өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Медеу Ахметов.

Жарақаттанудың басты себептері – жұмысты ұйымдастырудың әлсіздігі, қауіпсіз еңбек тәсілдерін үйретудің жеткіліксіздігі, қызметкерлердің абайсыздығы.

Сонымен бірге, өндірістік қауіпсіздікті арттыру үшін 1140 өндірістік кеңес құрылып, 1612 техникалық инспектор жұмыс істеуде. 185 ірі және орта кәсіпорын халықаралық еңбек қауіпсіздігі стандарттарын енгізген.

Қазіргі таңда инфрақұрылым жаңартылып, цифрлық бақылау жүйелері енгізілуде.

– Басты мақсатымыз – еңбек адамының құқықтарын қорғау, жұмыс орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қарағанды – нағыз еңбек адамдарының мекені. Сондықтан, біз заңбұзушылықтарға жол бермей, әр азаматтың лайықты еңбек етуіне барлық жағдайды жасауға тырысып отыр­мыз. Департамент жұмысы тексерумен шектелмейді, түсіндіру, оқыту, алдын алу жұмыстарын да жүйелі түрде жүргізіп келеді. Өндірістік жарақаттың азаюы – сол елеулі еңбектің нәтижесі, – деп толықтырды департамент басшысы.

Түйін

Еңбек күні – қарапайым жұмысшының қажырлы еңбегіне көрсетілетін құрметтің өлшемі. Қазақстан қоғамының дамуында өндірісте, ауылда, зауытта, кен орнында, теміржолда, құрылыс алаңдарында еңбек етіп жүрген азаматтардың орны ерекше. Олар – қоғамның шынайы берік тірегі.

Еңбек адамы – ел дамуының негізгі қозғаушы күші. Сондықтан, еңбекке құрмет көрсету, еңбек құқығын сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету – мемлекет пен қоғамның ортақ борышы.
Еңбек – елдігіміздің негізі, тәуелсіздігіміздің тірегі. Еңбек адамына құрмет – елге деген құрмет екенін ұмытпайық!

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button