Бейбіт күннің батырлары марапатталды
Биыл еліміз соңғы жылдардағы ең ауқымды су тасқынын бастан өткерді. Адамдардың өмірін құтқару мен апаттың салдарын барынша азайту мақсатында жедел қимылдап, әрекет еткен Қарағанды облысында да төтенше жағдай жарияланғанымен, қызыл судың бетін жедел қайтара алды. Осыдан кейін Ұлттық ұланның бес жүзге тарта әскери қызметшісі су тасқынына қарсы тапсырмаларды орындау үшін сәуір айында Атырау облысына көмекке аттанған болатын. Еліміз бойынша құтқару жұмыстарына ең көп сарбаз жіберген де – дәл осы Қарағанды облысы. Көмекке аттанып, болаттай беріктік пен ержүректіліктің үлгісін көрсеткен ұландықтардың қатарында офицерлер, келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген әскерилермен қатар, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар да болды. Бір айдан астам атыраулықтарға көмектескен сарбаздар 13 мамырда «төрт көздері түгел» Қарағандыға оралды.
Елі батырларын ұлықтады
Ұландықтарды Жаңа Қарағанды станциясынан туған-туыстары қарсы алды. Батырларды ұлықтау мұнымен аяқталған жоқ. Сарбаздардың отбасы мүшелерін әскерилер қызмет ететін 5451 әскери бөлімінің аумағында ардагерлер, өңір қолбасшылығы мен әскери дирижердің қошеметімен қарсы алды. Ал, 16 мамырда әскери бөлімнің саптық алаңында марапаттау шарасы өтті.
«Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткен» (Б.Момышұлы) әскерилерді құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов, Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының әкімі Досбол Күлекеев те келіп, тілектерін білдірді.
– Тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты мақсаты – ел тыныштығын қорғау. Алдарыңызға қойылған міндеттеріңізге адал болып, берілген тапсырманы абыроймен аяқтап, үйге аман-есен оралғандарыңыз үшін әр сарбазға жеке-жеке алғысымды білдіремін. Ел басына күн туған алапат су тасқынында сіздер аянбай еңбек еттіңіздер. Сол үшін алдарыңызда басымды иіп, ел болып алғысымызды айтамыз. Өздеріңізге жүктелген міндетті, Отан алдындағы борыштарыңызды адал атқара беріңіздер! – деді Бауыржан Қоңырбайұлы.
Шара барысында әскерилер Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың бұйрығымен қызметтегі ерең еңбектері үшін «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі», «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгілерімен, грамота және Алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, Атырау облысындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға белсене қатысқан және су басқан аймақтардағы адамдарды құтқаруға қатысқан Ұлттық ұланның сарбаздарын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың, аудан әкімі Досбол Күлекеевтің және Ұлттық ұлан Орталық өңірлік қолбасшысының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
– Сарбаздар, сіздерге еліміздегі ірі су тасқыны кезінде атқарған жұмыстарыңыз үшін құрметімізді білдіреміз. Бұл еліміз үшін үлкен сынақ болғанына қарамастан, сіздердің батыл іс-әрекеттеріңіздің арқасында елдегі ахуалды тұрақтандыра алдық. Сіздер әскери міндеттеріңізді орындап қана қоймай, қиыншылыққа тап болғандарға шынайы адамгершілік танытып, жанашырлықпен көмек қолын создыңыздар. Бүгінгі күннің батырлары – сіздер! – деді Досбол Батырбекұлы.
Бұйрықтың орындалуы – бұлжымас шарт
– Құрметті сарбаздар, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, офицерлер! Елімізде күрделі жағдай қалыптасып, алапат су тасқыны орын алғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бәріміз бір ел, бір ұжым болып, осы апатты еңсеруіміз керек. Басқа жол жоқ!» деген болатын. Осындай қиын-қыстау уақытта біздің Ұлттық ұланның жауынгерлері тыс қалмады. Жауынгерлік тапсырманы сіздер абыроймен, қайраттылықпен атқарып келдіңіздер. Бұл «Орталық» өңірлік қолбасшылығының беделін асқақтата түсетіні сөзсіз. Еліміздің болашағы үшін атқарып жатқан еңбектеріңіз жаңа берсін! – деді «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Сәкентай Шекарбеков.
Салтанатты шара Атырау облысына жөнелтілген жедел топтың басшысы бөлім командирі подполковник Рауан Омаровтың генерал-майор Сәкентай Шекарбековке жеке құрамның толық оралып, қойылған тапсырманы орындағаны жайлы баянатымен жалғасты.
Батырларды құттықтауға «Орталық» өңірлік қолбасшылығының Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы генерал-майор Ерсайын Дүйсенханов та келіп, атыраулықтардың солдаттарға деген тілегі шексіз екенін жеткізді. Генерал-майор сөзін «Қызметтерің үшін рахмет, ұлдарым!» деп аяқтады.
Әскери қызметшілерді Ұлттық ұлан сарбаздарының қатарында әскери борышын өтеп жүрген жерінен «Қаралы қаңтар» оқиғасында ерлікпен қаза болған Мадияр Қайсаровтың әкесі Оразалы Қайсарұлы да құттықтап келді.
Тәрбие отбасынан, ата-анадан басталады десек, әскери борышын өтеуде ержүректік танытқан сарбаздардың аналары да марапатталғанын айту керек. Атап айтқанда, Қарағанды қалалық мәслихатының атынан екінші жедел мақсаттағы батальонның сарбазы Әділжан Ержанұлының анасы Айсұлу Сүлейменова мен аға сержант Ринат Қонқаевтың анасы Маржан Ыбырайқызы «Отан қорғаушының анасы» медалімен марапатталды.
Әділжан – Айсұлу Сүлейменованың тұла бойы тұңғышы. Әскери борышын өтеп жатқан ұлы әуелде қоңырау шалып, су тасқыны болып жатқан Ақтөбе облысына көмекке баратындарын айтқанда, ерекше қобалжығанын айтады. «Ұлдарымыздың аман-есен елге оралуын тіледік» дейді ол.
– Балаларымыз бастапқы кезде екі-үш аптада ғана хабарласатын. Қиын болған да шығар, бірақ, жігіт болғандықтан, бізге сыр алдырған жоқ. Хабарласқан сайын жағдайларының жақсы екенін айтып, көңілімізді көтеруге тырысатын. Отан алдындағы борышын өтеуге өз еркімен аттанған ұлымды мақтан тұтамын. Әскер Әділжанды шыңдай түсті. Бұрын мінезі тұйық ұлым қазір ашылып, батылдана түскен. Әділжанның атын қойған жетпіс үш жастағы әжесі де немересімен бірге кеткен бес жүзге тарта әскери қызметшінің тілеуін тілеп, асыға күтті, – дейді Айсұлу Сүлейменова.
Қалалық мәслихат әскери қызметшілердің жұбайларын да назардан тыс қалдырған жоқ. Кіші сержант Ернұр Ахановтың жұбайы Жансая Бағдатқызы «Әскери қызметшінің жұбайы», аға сержант Жеңісбек Аманбаевтың жұбайы Мадина Бақытқызы мен кіші сержант Нұрсұлтан Ермекбаевтың жұбайы Әния Ахмедқызы «Кәсіби сержанттың жұбайы» медалін иеленді.
«Күшіміз – бірлікте!»
5451 әскери бөлімінің командирі, подполковник Рауан Омаров алғашқы үш күнде Атырау қаласында болып, кейіннен 125 әскери қызметші облыс орталығынан 220 шақырым жерде орналасқан Құлсары қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткенін айтады.
– Солдаттарымыз Атырау және Құлсары қалаларында Жайық өзенінің арнасын бекітіп қана қоймай, Құлсары қаласында су тасқыны кезінде ұрлық пен тонауды болдырмау үшін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, өздерінің әскери борыштарын табысты орындап келді. «Күшіміз – бірлікте!» деген ұстаныммен, бірлесе отырып, міндетімізді сәтті атқардық. Су тасқыны Қарағанды облысында да болды. Соған төтеп беріп, жағдайды бірінші түзеген де біздің облысымыз. Сондықтан, басқа облыстарда жағдай қиын болуына байланысты, 5451 әскери бөлімінің сарбаздарын жұмылдырып, жіберген болатын. Қызметтік-әскери міндеттерін орындауда ерекше көзген түскен әскери қызметшілер марапатталды. Олардың қатарында сержанттар, офицерлер, сарбаздар да бар. Әлбетте, тапсырма оңай болған жоқ, – дейді Рауан Омаров.
Әскери бөлімнің командирі Атырау облысындағы жағдай өте күрделі болғанын айтады. Қызыл су басқанда халық абдырап, не істерін білмей қалған. Екі ауысымда жұмыс жасаған сарбаздардың міндетіне Жайық өзенінің арнасын бекітіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кірген. Ал, жанкештілікпен міндетін адал атқарған кез келген солдаттың анасы, әскери қызметшілердің үйдегі жағдайын жасап отырған олардың жұбайлары да марапатқа лайық екенін айтады Рауан Омаров.
Ал, 5451 әскери бөлімінің сарбазы Әділет Тілеген командирлердің бұйрықтарын бұлжытпай орындап, аман-есен елге оралғанына қуанышты.
– Бір ай көлемінде Атырау қаласында болдық. Қиын кезеңде көмек қолын созған атыраулықтарға алғысымды білдіргім келеді. Атқарған еңбегіміз елеусіз қалған жоқ. Бүгінгі марапат – соның дәлелі. Ұлттық ұлан сарбаздары әрқашан халықпен бірге! – дейді ол.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz