Бейбіт күннің бағасы – батырлар ерлігі

Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері!
Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Біздің әрқайсымыз үшін бұл мереке Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен батырлықтың, төзімділіктің символы іспетті. Уақыт алға жылжып, бізді сол күрделі кезеңнен алыстатқанмен Отан үшін от кешкен батырларымыздың ерлік істері жадымыздан мәңгі өшпейді. Себебі олар аспанымыздың ашық болуын көксеп, сол жолда батырларға тән іс жасап, нағыз қаһармандықтың үлгісін көрсетіп кетті.
Сіздердің майдан даласындағы ерліктеріңіз бен тылдағы қажырлы еңбектеріңіздің арқасында біз бүгін Жеңіс күнін атап өте отырып, жастарымызға бейбітшіліктің маңызы туралы айта аламыз. Біз сіздердің батырлықтарыңызға тағзым ете отырып, осы арқылы жас ұрпаққа өткенді құрметтеуге, елге қалтқысыз қызмет етуге, Отанды әруақытта қорғауға әзір болуды сіңіреміз. Бұл тәрбие – ертеңгі жарқын болашағымыздың кепілі.
Құрметті ардагерлер!
Сіздер шынайы патриотизм мен батырлықтың үлгісі болып табыласыздар. Барлықтарыңызды Жеңіс күнімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық тілейміз. Ғұмыр жастарыңыз ұзақ, жақындарыңыздың жан жылуына бөленіп жүре беріңіздер. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын!
Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ,
Қарағанды облысының әкімі,
Нұркен КОБЖАНОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы