Бейбіт атом: технология мүмкіндігін пайдалану қажет
АЭС салуға қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Бірі – еліміздегі энергетика саласын дамыту үшін өте қажет десе, бірі – атомнан төнетін қауіп зор екенін алға тартуда. Әлбетте, дәл осындай тағдыршешті таңдау алдында тұрғанда, түрлі пікірдің болатыны ақиқат. Дегенмен, сол пікірлер нақты бір негізге сүйеніп, ғылымға иек артып, артықшылығы мен кемшілігі әбден сараланып барып айтылса, дұрысы сол болмақ. Өкініштісі, ештеменің байыбына бармай, әлеуметтік желі арқылы елге үрей тудырып, жосықсыз пікір айтушылардың да қатары жоқ емес. Осындай жағдайда, кез келген дүниені маманнан сұрау, пікірін білу ең дұрыс шешім екені даусыз. Облыстық мәслихат депутаттары бұл мәселені де өз қолдарына алды. Атап айтқанда, облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжановтың басшылығымен халықтың мұң-мұқтажын естіп қана қоймай, оны шешуге тырысып жүрген халық қалаулылары ел арасына шығып, бейбіт атомның артықшылығы, оның еліміздегі экономикалық, технологиялық және әлеуметтік жағдайға оң серпін беретіні туралы нақты әрі шүбәсіз ақпаратпен бөлісті. Бұл жолы депутаттар Осакаров ауданының Молодежный кентінде болды. Мақсат – үгіт-насихат жүргізу емес, Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша 6 қазанда өтетін референдумда әркім өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, ел болашағы үшін немқұрайлылық танытпауға шақыру.
Мақсат шығынды ақтайды
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттық корпусының өкілдері Нұркен Кобжанов, Қадиша Оспанова және Ерден Халилин, сондай-ақ, өмірін энергетика саласына арнаған Қарағанды индустриалды университетінің ректоры, профессор Бақыт Жәутіков Молодежный кентінде Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың Қарағанды облыстық филиалының қызметкерлерімен кездесті. Сондай-ақ, елінің болашағына бейжай қарамаған жергілікті жастардың да пікірін тыңдады. Ал, «Есіктен – есікке» акциясы аясында халық қалаулылары кенттің үлкендерімен кездесіп, елімізде атом электр станциясын салу мүмкіндігіне қатысты қоғамдық пікірмен танысты.
Канал қызметкерлерімен кездесу барысында сөз алған Нұркен Сайфиддинұлы АЭС салудың экономикалық тиімділігіне тоқталды.
– Соңғы жылдары электр энергиясын тұтынудың өсуі байқалуда, бұл қолданыстағы энергетикалық қуаттарға қысым жасайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ол 5 миллион киловатт-сағаттан астам уақытты құрады. Бұл жағдай бүкіл ел бойынша, әсіресе, Қазақстанның оңтүстігінде орын алуда. Өткен жылы оның тапшылығы 3 млрд киловатт-сағаттан астам болды. Қазір электр энергиясын Ресейден сатып алып отырмыз. Ал, жоспардан тыс сатып алғанда, оның құны 2 есе артады. Шынында, елімізде электр энергиясы жеткіліксіз және көрші елге тәуелдіміз. Бүгінгі кездесу барысында өздеріңізге алда болатын референдум туралы айтып, АЭС құрылысын салуда сіздердің шешімдеріңіз маңызды екенін айтқым келеді, – деді облыстық мәслихат төрағасы.
Нұркен Кобжанов еліміздегі электр желілерінің дені 1970 жылдары салынғанына да тоқталды. Айтуынша, олардың тозу деңгейі – 66%. Одан бөлек, дәл осы желілердің тозуы да тасымалдау кезінде 11%-ға дейін электр энергиясын жоғалтуға әкеледі. Одан бөлек, төраға атом электр станциясының құрылысы жоғары шығындарды қажет ететінін де жоққа шығармайды. Бірақ, мақсат – шығынды ақтайтынын ескерсек, 60 жылға дейін үздіксіз қызмет ететін атом электр станциясының құрылысы электр энергиясының тұрақты көлемімен қамтамасыз етіп қана қоймай, отандық өнеркәсіпті – құрылыс, машина жасау саласын, түсті металлургияны дамытуды қамтамасыз ете алмақ.
– АЭС-ті пайдалану мамандардың жоғары біліктілігін талап етеді. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және атом энергетикасы саласында білім беруді дамытуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, атом электр станциясындағы бір жұмыс орны инфрақұрылымда ондаған жұмыс орнын құрады. Бұл атом электр станциясының айналасында әлеуметтік маңызы бар объектілер салуды, сондай-ақ, жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін толықтыруды білдіреді, – деді Нұркен Кобжанов.
«Өзіңнен шықпай, өзегің майланбайды»
Су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің пікірін Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың Қарағанды облыстық филиалының басшысы Дулат Экзеков білдірді.
– Әріптестер, өңір халқын ауыз сумен қамтамасыз ететін кәсіпорын қызметі қаншалықты энергияны қажет ететінін өздеріңіз көріп отырсыздар. Оның балансында 70-тен астам қуатты сорғы қондырғылары, басқа да көптеген жабдықтар бар. Электр энергиясын тұтынудың жалпы көлемі 350-400 МВт құрайды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, көмір тұтынатын бір ғана жылу электр станциясы да осынша электр энергиясын өндіреді. Сондықтан энергия тапшылығының жылдан- жылға ұлғайып келе жатқан проблемасын қазір шешу қажет, – деді ол.
Осы пікірді қолдаған Бақыт Жәутіков те көршіге сеніп жүргенде, энергиясыз қалу қаупі бар екенін айтты. Өмірінің біраз бөлігін энергетика саласына арнаған профессор сөзіне дәлел де келтірді.
– Биылғы жылғы 19 қыркүйекте Ресейдің Тюмень қаласында өткен TNF-2024 өнеркәсіптік-энергетикалық форумға сарапшы ретінде шақырылдым. Осы форумда Ресей Федерациясының Энергетика министрі Сергей Цивилев сөз сөйледі. Ол Ресейдің өндіруші қуаттарының резервтері таусылғанын, сәйкесінше, жаңа энергия көздерін, оның ішінде, атомдық энергия көздерін пайдалануға беру керек екенін айтты. Сондықтан, таяу болашақта олардың да энергияларын Қазақстанмен бөлісу мүмкіндігі болмауы мүмкін, – деді Бақыт Ахатұлы.
«Кадр бізде жеткілікті!»
Сарапшылар болашақта АЭС-ті пайдалану үшін кадрлық әлеует жеткілікті екенін атап отыр. Мысалы, Қазақстанның атом саласында 20 мыңнан астам адам, оның ішінде, негізгі өндірістік персоналдың 15 мың адамы жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, көптеген мамандар Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында жұмыс істейді дейді интернет деректері.
Бақыт Жәутіков те сеніммен «Кадр бізде жеткілікті!» дейді. Айтуынша, «Ядролық физика», «Ядролық энергетикаға арналған материалдар», «Ядролық физика және атом энергетикасы» мамандықтары бойынша биылғы оқу жылында білім алушылар контингенті шамамен 250 адамды құраған. Одан бөлек, 2011 жылдан 2023 жылға дейін жоғарыда аталған мамандықтар бойынша 2000 студент білім алған. Одан бөлек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында 2022 жылдан бастап, Ресейдің «Мәскеу инженерлік-физикалық институты» ғылыми-зерттеу университетінің филиалы табысты жұмыс істеуді жалғастыруда. Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы мен ядролық физика институтының ғылыми бөлімшелерінің базасында ЖОО студенттерін ғылыми-зерттеу жобаларына тарту үшін барлық жағдайлар жасалған. Сондай-ақ, оқу-ақпараттық орталығы бар, оның базасында радиациялық қауіпсіздік саласындағы мамандарды оқыту жүргізіледі.
Болашақ – жастардыкі!
Моложеный кенті жастарының АЭС құрылысына пікірлерін тыңдаған депутаттар болашақ – жастардыкі екенін айтты.
– Ешқай елде атом электр станциясын салуға қатысты референдум өткен емес. Алысқа бармай-ақ, айтар болсақ, Өзбекстан Республикасында қажеттілік үшін мемлекет шешім қабылдады. Ал, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай маңызды істе халық өзі шешуі керек деді. Бұл – елімізде демократияның бар екенінің көрінісі. Сондықтан оған сай болуымыз керек. Болашақ – сендердің, жастардың қолында. Қазір талай спортшыларымыз ел абыройын асқақтатып, мұхит асып, жеңіспен оралуда. Озық елдердің айтулы білім орындарында білім алып жатқан жастар қаншама. Ал, технология бір орында тұрмайды. Елімізде энергия тапшылығы бар екенін жоққа шығара алмаймыз. 6 қазанда өтетін референдумда өз ұстанымдарыңызды білдіреді деген сенімдемін, – деді Ерлан Халилин.
Ал, депутат Қадиша Оспанова болса, жастарға ХХІ ғасырда электр энергиясының жеткіліксіздігінен тұрғын үй құрылысын салу да кешеуілдеп тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ, депутат дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, медицина профессоры ретінде атом электр станциясынан бөлінуі мүмкін радиацияның денсаулыққа зияны жоқтығына да тоқталды.
– Радиацияны медицинада обыр ауруын емдеу үшін пайдаланады. Одан бөлек, түрлі диагностикадан өткен кезде де радиацияның аздаған мөлшері болады. Ал, атом энергиясына келер болсақ, бұл жерде, небары 0,1 пайыз сәуленің таралуы болады. Қазіргі қолданыстағы жылу электр станцияларымен салыстырар болсақ, олардан бөлінетін сәуле мөлшері 5-6 есе көп болуы да мүмкін. Атом электр станциясынан қорқудың қажеті жоқ. Ал, көрші елдерге тәуелді болып, «энергия берші» деп, қол созып жүру, ешқандай жақсылыққа апармайды, – деді Қадиша Базарбайқызы.
Әркімнің дауысы маңызды!
Молодежный кентінің ақсақалдарымен кездесуде профессор Бақыт Жәутіков Абай облысындағы – Курчатовта және Алматы облысындағы Алатау кентінде ондаған жылдар бойы пайдаланылып келе жатқан бірегей зерттеу реакторларының жұмысымен жеке танысқанын айтты. Дәл осы жерде жүздеген қазақстандық мамандар жұмыс істейді. Ал, тұрғындары радиацияның кері әсерін сезінбеген.
Ғалымның келтірген дәлелдерін дұрыс қабылдаған білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері Мейрам Кәрібаев пен «Эльбрус» шаруа қожалығының басшысы Магомет Жазаев референдумға келіп, өз таңдауын жасайтындарын, азаматтық борыштарын өтейтіндеріне уәде берді.
– Бірнеше жыл бұрын Өзбекстанда атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданды, оны пайдалануға беру шамамен 2029 жылға жоспарланған. Халықтың пікірі, тіпті, сұралмады да. Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында әркімнің дауысы маңызды, – деді Нұркен Кобжанов.
Айта кету керек, еліміздегі жылу электр орталықтарының және гидроэлектр станцияларының пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан. Соңғы жылдардағы Теміртау, Балқаш, Екібастұз, Рудный, Риддер қалаларындағы апаттар қауіпсіздік қоры таусыла бастағанын көрсетеді.
Қазіргі уақытта энергетикалық кешеннің негізгі активтерін 100% қайта құру, жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізу мүмкіндігі жоқ. Мұның бәрі еліміздегі энергия қауіпсіздігі мен экономиканың тұрақтылығына теріс әсері бар.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz