Бейбарыс бейнесі
Қыпшақ тайпасынан шығып, әлемге әйгілі болған Бейбарыс сұлтанды насихаттау – әр қазаққа зор қуаныш сыйлары сөзсіз. Өйткені өткен тарих – бізге қашанда өр Рух болып оралады. Қазақтың қазіргі кездегі осы рухын барынша көтеру қажет. Басқа ұлттарға жем болмау үшін, жер жүзін жайлаған «жаhандану» аранына жұтылып кетпес үшін!
Қазақ топырағында дүние есігін ашқан нәресте Бейбарыс мынау жарық күнге еркелей енгенімен, қатал тағдыры оны құлдыққа түсірген. Моңғолдардың шапқыншылығы кезінде тұтқынға түсіп, Мысырға құл ретінде сатылған бала Бейбарыс әлдеқайдан келген бір тылсым құдіреттің күшімен ойын да, бойын да жат жұрттықтардың езгісінен арашалап қалуға тырысты. Осы жолда өзін-өзі үнемі тәрбиелеумен болды. Ой-санасына жақсы рухани азық жиды. Сонымен қатар денесін дамытатын қимыл-қозғалыспен (бүгінгі тілмен айтқанда, спортпен) көп айналысқан екен. Енді осы әлемді таңқалдырған тарихи тұлғаның бізге жеткен деректерін шолып көрейік.
Батыр бабамызға қатысты тарихи деректердің көбісі (бәрі де болуы мүмкін) шет елдердің мұрағаттарынан алынған. Қазақтар емес, басқа ұлттар жазғанына, зерттегеніне қарағанда Бейбарыстың ерлігі, әділдігі, соғыс айла-тәсілін керемет меңгергендігі, ел басқару ісіне жетік, шебер ұйымдастырушы екендігіне шүбәсіз сенуге болады. Себебі, ешқандай ұлт, өз ұлтынан өзге адамды асыра мақтамайды, өтірік баға бере алмайды. Жау, дұшпан ретінде немесе бөтен адам тұрғысынан төмендетіп көрсетуі мүмкін. Ал, сұлтан Бейбарысқа дүние жүзінің тарихшылары болсын, қаламгерлері болсын, зерттеуші ғалымдары болсын оң баға беріп, тарихи тұлға қатарында қабылдаған. Солардың кейбіреуіне тоқталайық.
Ортағасырлық араб деректерінде келтірілген Бейбарыстың толық аты-жөні – Малик аз-захир Рукн ад-дин Абу-л Фаттах Бейбарыс бин Абдулла ас-Салихи ан-Неджми. Ол – ХІІІ ғасырда Мысыр елін билеген мәмлүктердің төртінші сұлтаны. Бір қызығы, сонау Жүсіп пайғамбардан бастап, Мысырда өзге елден келгендер мемлекетке көп иелік еткен екен… Бейбарыстың туған жылы туралы тарихшылардың бір тоқтамға келгені – 1223 жыл. 1260 жылы мәмлүк әмірлері Бейбарыс сұлтанды Мысырдың жаңа билеушісі ретінде таққа отырғызады. Сол Мысырды 17 жыл басқарған Бейбарыс 1277 жылы қайтыс болыпты. Денесі Дамаск қаласында (қазіргі Сирия мемлекетінің астанасы) жерленген.
Барлық деректерде Бейбарыстың керемет батырлығы, асқан ақылы және де асыл қасиеттері арқасында жәбірленген құлдан Мысыр мемлекетінің билеушісі дәрежесіне дейін жеткендігі айтылады. Таққа отырған кезінен бастап, сыртқы саясатқа байланысты бірнеше мемлекеттік маңызды іс-шаралар жасаған. Соның бірі, бәлкім, ең маңыздысы – Жошы ұлысы (Алтын Орда) билеушілерімен саяси, дипломатиялық байланыс орнату болып еді. Зерттеушілердің айтуынша, Бейбарыстың мақсаты – Жошы ұлысының билеушісі Берке ханмен бірігіп, Иранда моңғолдар құрған Елхан мемлекетінің билеушісі Хулагу ханға, оның жаулаушылық жорықтарына қарсы тұру болды. Тарихшы Абд аз-Захир Бейбарыс сұлтанның Жошы ұлысы (Алтын Орда) билеушілерімен дипломатиялық байланысы хат алмасудан басталғанын тілге тиек еткен. Мысалға, мына бір дерек: «… hиджраның 660 жылы (1261-62 ж.) Бейбарыс сұлтан татардың ұлы патшасы Беркеге хат жолдаған. Хатта Мысыр билеушісі Алтын Орда ханына Хулагу ханға қарсы бірлесіп соғысу қажеті туралы жазады. Бейбарыс сұлтан ислам дінін қабылдаған Берке ханға «дінсіз Хулагумен» соғысу оның мұсылмандық парызы екеніне баса назар аударады. Бұл хатты Бейбарыс сұлтан Алтын Орда билеушісіне алан саудагерлері арқылы беріп жібереді…» депті. Ал, тағы бір тарихи деректе: «..Мысыр мемлекетінің Алтын Ордамен дипломатиялық байланыстары Берке хан қайтыс болғаннан кейін де жалғасты. Алтын Орданың жаңа билеушісі Менгу-Темір хан Бейбарыс сұлтанға бірнеше елшілік жолдады. Ол Берке ханның бұл бағыттағы сыртқы саясатын жалғастырып, Бейбарыстың Мысыр мен Сириядағы мұсылман жерлеріне билігін толығымен мойындады» дейді. Мұсылмандық парыз демекші, Бейбарыс сұлтан – ислам дінін өте құрметтеп, ерекше ұстанған адам. Осы діннің орталығы қасиетті Мекке мен Мединені жат жұрттықтардан қорғап, үнемі қорғаны болғаны жайлы, тіпті, Иерусалимнің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен дейтін де деректер кездеседі. Сондай-ақ, сұлтан билік құрып тұрған шағында мұсылман елдеріне көмегін аямай, көп қолдауын көрсеткен. Олардың өсіп-өркендеуіне жағдай жасап, өзіндік үлкен үлесін де қосып отырған. Араб ғалымы Амин ал-Холидің зерттеуінде Мысырды Бейбарыс сұлтан билеген жылдары араб елдері арасында сегіз дипломатиялық елшілік болған екен. Басқа да араб тарихшылары Бейбарыс басқарған кезеңді «алтын жылдар» депті. Кейбір деректерде Бейбарыс сұлтанның әлемнің 54 елімен дипломатиялық қарым-қатынас жасағаны айтылады.
Көне заманнан бізге жеткен тарихи деректерді таразылап көрсек, Бейбарыс бабамыздың тек қана саясатты көздеп, мемлекет басқару ісінде біржақтылық танытпағанына көзіміз жетеді. Мәселен, ортағасырлық араб тарихшылары Абд аз-Захир, әл-Омарилардың зерттеуін жалғастырған арабтанушы Қайрат Сәкидің: «Бейбарыс туған жерімен қарым-қатынас орнатуды, өз ұлтының ұлдары мен қыздарының Мысыр еліне тұрақты түрде келіп-кетуін қамтамасыз етуді көздеген» дейтін өзіндік пікірінде үлкен шындық жатыр. Бүгінгі журналист Баян Жанұзақтың «Даңқты сұлтан – Бейбарыс» мақаласында: «… Сұлтан Бейбарыстың өз заманында Мысыр елінде салдырған мешіті бар. Сол мешіттің іші қазақтың оюларымен өрнектеп салынған. Қазірде сақтаулы. Күрделі жөндеуден өтті. Бұл – Қазақ елі мен Мысыр елінің достығының үлкен бір нышаны» деген дәнекер деректер кездеседі. Осыған орайлас журналист Ғалымжан Өтелбайұлының «Мәлім де беймәлім Бейбарыс» жазбасында: «..Бүгінде осыдан жеті жарым ғасыр бұрын Бейбарыс сұлтан негізін қалаған Мысыр мен Ұлы Даланың байланысы жалғасуда. Алтын Орданың заңды мұрагері Қазақстан Мысыр мемлекетімен тығыз саяси және мәдени байланыстарды дамытып жатыр. Бұл – екі елге де тиімді. Мысалы, Қазақстан Каир қаласындағы Бейбарыс сұлтан мешітін, Дамаскідегі Бейбарыс Сұлтан кесенесін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді…» деген ақпараты ағынан жарылады.
Даланың даңқты сұлтаны жөнінде көркем шығармалар да жазылды. Солардың алдыңғы легінде Морис Симашконың «Жусан» («Емшан») повесі. «Жусанның» бас қаhарманы Бейбарыс сұлтан дүниежүзілік тарихтағы танымал тұлғалардың қатарында суреттелген. Осы шығарманың желісі бойынша «Сұлтан Бейбарыс» фильмі түсірілді. Сценарийді жазған – режиссер татар азаматы Болат Мансұров. Сұңғыла сұлтанның рөлін сомдаған қазақ актерлері – Нұрмұхан Жантөрин, Дәулет Бейсенов, Фархад Аманқұлов. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары жарыққа шыққан бұл кинода «Көке» дейтін қыпшақ сөзі және сайын далалы біздің топырақта өсетін жусан исі, қымыздың құдіреті – Бейбарыс бабамыздың болмысындағы қазақы қанды, тұлпар текті анық аңғартатын нақты детальдар. Тарихи тұлға туралы мұнан кейін де бірнеше деректі де көркем туындылар жазылып, деректі фильмдер түсірілсе керек. Солардың ішінде белгілі киногер, журналист, киносценарийші Ермек Тұрсыновтың еңбегі зор.
Сонымен, Бейбарыс сұлтан – Дешті Қыпшақ даласынан шыққан даңқты қолбасшы, араб елінде әмірін жүргізген әлемдік әмірші, көне заманнан бүгінге жеткен тарихи тұлға!
Бабамыздың биік рухы бәрімізді желеп-жебеп жүрсін дейік!
Әлімжан ЖАҚАН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті,
журналистика кафедрасының аға оқытушысы.