Рухани жаңғыруРуханият

Бегімысық (Бегімшайқы) әулие

Ертеректе Қу, Едірей, Дастар болыстары, кейін Егіндібұлақ ауданы атанған кең өлкеде бір замандарда Бегімысық (шын аты Бегімшайқы) атанған қожа өмір сүрген екен. Ел аузында оның әулиелігі жөнінде аңыз-әңгімелер көп. Кейбір кітап, шежірелерде оның аты аталғанымен толық мақала, зерттеулер жазылмаған. Бүгін осы олқылықтың орнын толтыруға аз да болса талпыныс жасап көрмеппіз. Сонымен, Бегімшайқы кім болған екен?

СУРЕТТЕ: Бегімысық әулие өмір сүрген Балқантау өңірі.

Жоғарыда біз Бегімшайқы қожа деп қалдық. Сонда қожалар кімдер еді? Оған 2004 жылы жарық көрген «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясынан дәлел іздеп көрелік. Осы кітаптың 6-томының 12-ші бетінде: «Қожалар – Орта Азияда ислам дінін таратуда белсенділік танытқан әулеттер. Қожалардың арғы тегі бойынша Мұхаммед пайғамбардан кейінгі халифалар Әбу Бәкір ас Сыдық, Омар, Оспан және Әли Әбу Талиб ұрпағы болып есептеледі», – деп жазылған. Ал қазақтар арасындағы қожалар Шәмши Ахмед және Шаһабүзірік баба деген екі үлкен салаға бөлінеді. Шежіре бойынша, соның ішінде Мәшһүр Жүсіп жазбасы бойынша Бегімшайқы (бала күнгі есімі Бегімсейіт) осы Шаһабүзірік бабаның ұрпағы. Сол Шаһабүзіріктен Арыстан баб, Қожа Ахмет Иассауи тарайтынын айта кетуге болады. Шаһабүзіріктің кіндігінен Тұрсын қожа, Шәмші қожа, Қалдар қожа, Ұлан қожа, Жиен қожа туады. Шежіре бойынша Ұлан қожадан Әбілқадыр, одан Бегімшайқы туады. Ал, Шаһабүзірік бабаның ұрпақтары бүгінде еліміздің көптеген өңірінде өмір сүріп жатыр. Оның баласының бірі Ұлан қожа ұрпақтары негізінен Егіндібұлақ, Қарқаралы жерінде болса, басқа аудан, қалаларда да кездесіп қалады. Себебі, бұрынғы заманда олар бір ауылда ағайындасып отырмаған. Өздерінің қожалық міндеттерін, ислам дінін тарату үшін, бүгінгі тілмен айтқанда миссионерлік қызметін атқарып, әр жаққа тарап кеткен. Мешітте имам, медреседе ұстаз болған.

Жалпы, қожа нәсілінің қазақ жеріне табан тірегеніне 12 ғасыр болған. «Насабнама» шежіресінде дін таратушы Ысқақ баб, Әбдіжалил баб, Әбдірахим бабтардың Орта Азияға алғашқы келгендеріне осынша уақыт болғаны айтылады. Содан бері олар қазақ халқымен араласып, солардың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерін қабылдап, осы елдегі этностардың құрамдас бір бөлігі болып кеткен. Қожалар әулетінің арғы ата-тегі болып табылатын Араб жарты аралынан келген арабтар алғашқыда дінді қылыштың күшімен таратуға тырысқан. Түркі халықтарын олай бағындыру мүмкін емесін тез түсінген олар мешіт, медресе салып, ислам дінін насихаттайды. Сырқаттарды емдеп, түрлі әулиелік қасиеттерін көрсетеді. Оған мынадай бір мысал келтіруге болады. Һарон Рашид заманында өмір сүрген Ысқақ баб Баба Түкті Шашты Әзизден дінді таратуға көмектесуін сұрайды. Содан 60 түйеге тиелген отын әкеп үйіп, ортасына Баба Түкті Шашты Әзизді отырғызып, от қояды. Ортасында әулие дұға оқып отыра береді. От жанып біткенде ол аман шығып, денесіндегі түктің бір талында жалын шарпымайды. Оның денесі түкті, шашы ұзын болған дейді. Сондықтан, Баба Түкті Шашты Әзиз атанған екен. Осындай кереметті көрген халық ислам дінін тез қабылдаған деседі. Қожалардың осындай қасиеттері жөнінде аңыз әңгімелер көп. Сондай тылсым қасиет біз бүгін мақала арнап отырған Бегімысық әулиеде де болған. Ол жөнінде сәл кейінірек.

Тағы да Ұлттық энциклопедияға жүгініп көрейік. Онда: «Иман Мұхаммед ибн ал-Ханафиядан өкілдері тарайтын қожалар әулеті Қожа Ахмет Иассауи тарихатынан болып табылады. Осы тарихаттағы қожалар Алтын Орда мемлекеті дәуірінен бастап, қазақ халқының рулық, тайпалық, жүздік құрылымдарының піріне айналады» – деп жазылған. Жеті жарғыда оларға ерекше құқықтық артықшылықтар берілген. Демек, қожалар қазақ елінің мемлекет болып қалыптасуына, қазақтың дінін, ділін, тіл сақтап қалуға айтарлықтай үлес қосты деуге болады. Хандар, билер, ру басылары өз қастарында қожа ұстап, олардан рухани қолдау тауып, мешіт пен медреседе ұрпақтарын оқытуды жөн көрген. Соның айқын бір мысалы ретінде Тобықты ішіндегі Саяқып (Әбдіқожа) әулетін алуға болады. Сонау Кеңгірбай би заманында Арқаға келген Саяқып қожа баласы Бердіқожа Құнанбаймен араласып, ақыры Құнекең оның қызы Нұрханымға үйленген екен. Сөйтіп, рухани достық құдандалыққа ұласады. Патша заманында Құнанбай қажы істі болып, біраз жыл сергелдеңге түскені тарихтан белгілі. Ақыры іс насырға шапқан кезде сол Бердіқожаның ұлы Бурахан Омбыға бірге барып, қажыны Шыңғыс пен Шоқанға таныстырып, Құнанбайды айдаудан аман алып қалған екен. Себебі, Шыңғыстың анасы Айғаным Сарғалдақ қожаның немересі еді. Ал, Сарғалдақ қожа Бердіқожамен бірге туған. Сол Бердіқожадан Әуез, одан Омархан туған. Омарханнан Мұхтар. Сөйтіп, Құнанбайдың қожалармен туыс болуы себепті Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабы жарық көріп, Абайды әлемге әйгілі етті.

Сөзден сөз туады. Ақыры Мұхаңды ауызға алған соң тағы бір деректі айтқымыз келеді. Қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетін дамытып, рухани қазына сыйлаған қожа әулетінің ұрпақтары көп болған. Кешегі кеңес заманындағы қыспаққа қарамастан Абайдың кемеңгер образын жасаған Мұхтар Әуезовтің ерлігі зор. Кешегі өткен Майлықожа, Шортанбай жырауды айтпағанның өзінде бертінгі ақын-жазушылар Мұқамеджан Сералин, Мұқағали Мақатаев, Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Сүлейменов, Кәмел Жүнісов, Абзал Бөкен қожа тұқымдары. Қожа әулетінен шыққан «Домалақ ана» оңтүстікті алып жатқан Албан, Сыбан, Дулат руларының түпкі анасы, Бәйдібек бидің бәйбішесі болды. Бір заманда 22 болыс ел болған Қаракесек (Болатқожа) руының анасы Қарқабат Арыстан бабтың ұрпағы деп жүрміз. Аналары қожа қызы болған жиендер қаншама. Алысқа бармай-ақ адуынды ақын Қасым Аманжоловтың, былтыр ғана Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық алған ақын Серік Ақсұңқарұлының аналары қожа әулетінен. Біз білмейтіндері қаншама.

Жоғарыда біз хандар мен билер қасында қожа ұстады деп, оған Құнанбай әулетін мысалға келтірдік қой. Сондай қожа тұқымымен мәңгі достасып, үзеңгілес болғандардың бірі – Қаздауысты Қазыбек би. Ол – біз әңгіме етіп отырған Бегімшайқы еді.

Сонымен, Бегімшайқы Әбілқадырұлы шамамен 1667 жылдары өмірге келіп, 1764 жылы Қаздауысты Қазыбек би қайтыс болған жылы жаз шыға бақилық болған. Түркістанда, Әзірет Сұлтан кесенесінің маңына жерленген. Сол қасиетті жерде мәңгілік мекен тапқан хан, би, әулиелердің тізімінде бүгінде бар. Шын мәнінде Бегімшайқы қожа өз заманында діни білімді, көріпкел – болашақты болжаушы, әулие, қожа әулетінен шыққан тарихи тұлға. Балаларды оқытып, науқастарды емдеген. Қаздауысты Қазыбек бимен түйдей құрдас, пікірлес, үзеңгілес болған. Ал, осы екі ұлы тұлғаның таныстығы, достығы қайдан басталды дегенге келсек, мұндай рухани жақындық медреседе басталған болуы керек. Себебі, бабамыз сонау жер жәннаты Жиделі Байсында дүниеге келіп, Сыр бойында балалық, жасөспірім шағын өткерген ғой. Оңтүстікте ол уақытта жерасты мешіттері, қылеуеттер көп болған. Шежіреде айтылатындай, бала Қазыбек тек қана далада жүрген ойын баласы емес, терең діни білім алғанға ұқсайды. Оның үстіне Арыстан баб, Қожа Ахмет Иассауи кесенелерін, Сайрамдағы сансыз бабтардың мазарын көріп өскен бала Қазыбек ерте есейіп, мұсылмандық жолына түскені анық. Осындай медреседе немесе қылеуетте бала Бегімсейдпен достасқан, өмір бойы бірге болуға серттескен тәрізді. Кейін біреуі Қаздауысты Қазыбек, екіншісі Бегімшайқы атанған екі тарихи тұлға бірін-бірі ерте танып, достасқан. Себебі, екеуі де тегін адамдар емес еді.

Олардың ғұмыр бойы үзеңгілес болуға уәделескенін мынадан білуге болады. Бабамыз Сарыарқаға көшер кезде Бегімсейдтің әкесіне барып, оның баласын Арқаға өзімен бірге алып кеткісі келетінін айтқан екен. «Басқа бес баламның бірін ал, өзім үміт күтіп отырған кенжем Бегімді бере алмаймын» – депті. Бірақ Қазыбек кетпей бірнеше күн қона жатыпты. Әкесі: «Менің баламды қайтесің?» – деп сұрайды. «Ұрпағыма дін үйрететін, өзім қайтқанда жаназамды шығаратын адам керек, ол осы Бегім» – деген екен. Алайда, әкесі баласын қимайды. Содан сұраушы бір жұма күтіп, ақыры болмаған соң, кетпек болып үзеңгіге аяғын сала бергенде Бегімнің әкесінің бойы шымыр ете түссе керек. Содан: «Мынау тегін қазақ болмады, тілегін орындамасам болмас» – деп үй иесі: «Балам өзі ықтияр болса барсын. Ақысын жеме. Өзіңе аманат», – депті. Ал олардың өзара келіскенін жоғарыда айттық.

Содан, Қаракесектер 1728 жылы Арқаға көшіп, баба өзінің ұрпақтарын Балқантау, Қаратау, Арқалық, Шілдебай, Айрық, Едірей деген құнарлы жерлерге әкеліп қоныстандырады. Мәшһүр Жүсіптің айтуы бойынша бұл жерлерде басқа рулар қоныстанған екен, бірақ Төбе би оларды ығыстырып, ұрпақтарына құнарлы жер әперген. Мысалы, өзінің Айрық пен Едірейді таңдап алған себебі, бұл жақтағы далаға қыста қырбық қар ғана түседі. Мал қолға қарамай тебіндеп шығатын болған. Жаз жайлауы Нұра өзенінің басынан басталып, сонау Атбасар, Ерейментауға дейін жеткен. Күзеуі боса болмаса Далба таулары болған. Осылайша, қоныс таңдап келе жатқанда қаракесек елінің бір байы Бегімсейдті аттай қалап: «Мешіт пен медресе салып берейін, балаларымды оқытсын, алдына мал салып, өзіне қатын әперемін, мен уәдемде тұрмасам, келесі жылы келіп көр» – деп биден сұрап алыпты дейді. Екі ортада Түндікті ме, Талды ма өзен болса керек. Бір жылдан соң бабамыз Бегімсейдтің қалын білейін деп, бағанағы байдың ауылына келеді. Өзі жалғыз жүрмей оншақты нөкер ертіп жүреді екен. Шынында бай уәдесінде тұрыпты.

Бабамыз бір күн қонақ болып, ертеңінде Бегімшайқыға: «Мына жақын маңда бір қасиетті адамның зираты бар, басына барып дұға қылайық, ауыл адамдарын жиып, атқа қонайық» – дейді. Бұлар келе жатқан ескі соқпақта бір мысық өліп жатыпты. Шамасы оның өлгеніне біршама уақыт болса керек, үстін шаң басып, қабырғасы жабысып қалыпты. Сонда бабамыз кенет: «– Иә, Бегім, дұға оқы да мына мысықты жұрттың көзінше тірілт» – дейді. Оның қажеті қанша деген сөзге, Қазыбек би: «Мен бұл жерге текке келген жоқпын. Мына мысықты тірілтесің, оған оқуың жетеді. Алланың берген құдіретін көрсет!» – дейді. Бегімшайқы бабаның сұсты түрін көріп, атынан түсіп дұға оқиды. Сол-ақ екен өліп жатқан мысық орнынан тұрып мияулап, қозы көш жерге барып қайта құлаған екен. Мұны көрген жұрт аң-таң болып, зәресі ұшыпты. Сонда Қазыбек би: «Алланың құдіретін, міне, көрдіңдер. Бұл Бегім тегін адам емес, Алланың сүйген құлы. Бүгіннен бастап оны Бегімысық әулие деп атаңдар. Оның әулие екенін өз көздеріңмен көрдіңдер» – депті.

Қайтарда екеуі келесі жылы тағы кездесуге уағдаласады. Бұл жолы Бегімысық бабаның ауылына бармақ болады. Сол уағда бойынша келер жылы қар еріп жатқанда Бегімысық қасына біраз адамды ертіп бабаның ауылына аттанады. Бірақ Түндікті өзеніне сең жүріп кеткен екен, олар өте алмайды. Қасындағылар кері қайтпақ болады. Сонда Бегімысық: «Мен уәдемді бұзбаймын. Құрдасыма келемін деп қойдым. Баратындарың болса соңымнан еріңдер» – дейді. Соңынан бір адам еріп, бұлар өзенге түседі. Сол кезде сең соғып, бұлар ат-матымен суға құлайды. Сонда Бегімысық; «Қайдасың, Қазыбек?!» – айғай салып, дауысы қатты шығыпты. Сол кезде су иіріліп тұра қалып, бұларды бір тылсым күш аттарымен жағаға алып шығады. Сол заматта бабамыз намаз оқып отыр екен, мырс етіп күліп жіберіпті. Намаздан соң бәйбішесі: «Отағасы, сіз жаңа намаз үстінде неге күлдіңіз, намазыңыз бұзылған жоқ па?» – деп сұрапты. Қазыбек би: «Жаңа намаз оқып тұрғанымда біреу атымды атап шақырды, соған күлдім. Қазір үсті-басы малмандай су бір-екі жолаушы келеді. Менің құрғақ киімімді керегенің басына іліп қой» – дейді. Аузын жиып алғанша үйге Бегімысық қасындағы адаммен суы сорғалап кіріп келеді. Амандық сұрасып, тамақ ішкен соң бабамыз: «Бегімысық, сенің қолың шипалы еді, арқам дуылдап барады, сипап берші» – депті. Қонағы Қазыбек бидің арқасын қарап, етіне түскен аттың тұяғының ізін байқап, бұл не деп сұрайды. «Бағана суға кетіп бара жатқанда менің атымды айтып шақырған өзің емессіз бе?» – деп жауап айтқан екен.

Жоғарыда біз айтқан бабаның Базаркелді деген баласынан тарайтын Мұстафа баласы Қажай ақсақал көзі тірісінде мынадай бір әңгіме айтқан еді. Бегімысық әулие бабаңмен құрдас екен. Өзі қожа. Жұт жылында даладағы киікті дұғамен қайтарып, халықты сол киіктердің сүтімен аштықтан аман алып қалыпты. Бірде Бегімысық бабаңа келіп: «Мен даладағы киіктерді сауғыздым, сен де әулиемін деп жүрсің, соныңды көрсетші» – депті. Күндердің күнінде Бегімысық жолаушылап келе жатқанда соңына қарақшылар түсіпті. Қашып келе жатып Бегімысық бір шұңқырға түсіп кетіпті. Қуғыншылар оны таба алмай қалады. Ертеңіне бабаң одан «сен кеше не көрдің?» – деп сұрапты. Бегімысық болған оқиғаны айтады. Сонда бабаң күліп: «Сен менімен көп дауласушы едің. Сен менің кіндігіме түсіп кеттің, атымды атамағанда аман қалмайтын едің» – деген екен.

Қаздауысты Қазыбек бидің ерекше қасиетін, әулиелігі жөнінде Қажай ата тағы мынадай әңгіме қозғап еді. Бір күні бабаң даладан үйге күлімсіреп кіріпті. Сонда бәйбішесі: «Отағасы, не күлімсіредіңіз» – деп сұрайды. Сонда бабаң айтты: «Бір ұры қашып, соңынан бір қуғыншы қуып келе жатыр. Біреуі «Иә, Қазыбек бабам қолдай көр» десе, екіншісі де «Қазыбек бабам аруағы қолдай көр» дейді. Бәйбішесі «Қайсысы бұрын атады?» – дейді. Бабамыз: «Ұры бұрын атады» – депті. «Ендеше ұрыны бұрын босатыңыз» деп ақыл қосыпты анамыз. Сонда қуғыншының айылы босап кетіп, осы қарбаласты пайдаланған ұры құтылып кетіпті. Қаздауысты Қазыбек би бабамыз көзі тірісінде осылайша әулие атанып, қасиетті көрінген. Шежірелерде бабаны Сал әулие дейді екен.

Қаздауысты Қазыбек бидің жас кезінде «Жаназамды шығарады» деп алып келген тілегі қабыл болып, Бегімшайқы қожа оның жаназасына келіп, өз аманатын орындаған екен. Сол 1764 жылдың қараша-желтоқсан айында бабаның ауылы Жақсы Далбаның Қарағайлы бұлақ деген жерінде күзекте отырған болатын. Қайтыс боларда бабадан: «Жаназаңызды кімге шығартамыз?» – деп сұраған екен балалары. «Іздемеңдер, Шығыс жақтан өзі келеді» – депті жарықтық. Шығыс деп отырғаны Далбаның күн шығысындағы Бегімысық мекен еткен Балқантау болатын. Арасы жобамен 100 шақырым. Содан қараша айының соңында баба қайтқанда күн суытып, бұрқасын болып тұрыпты. Бір мезетте сақал-мұртын қырау басқан бір адам: «О, құрдасым қайдасың?» – деп киіз үйге кіріп келіпті. Бұл хабар бермесе де алыстан келіп тұрған Бегімысық еді. Сөре таста жатқан табытқа қамшы үйіріп, төрт рет тартып жіберген екен. Тағы қамшы үйіргенде қолын Бекболат ұстай алып: «Әкемде кеткен өшіңіз, иә болмаса хақыңыз болса бізден алыңыз. Мәйітті қорламаңыз» – депті. Сонда Бегімысық: «Балам-ай, қолымды бекер ұстадың ғой. Жеті рет тартсам, құрдасымның қасиеті жеті ұрпағына кетер еді. Енді төрт ұрпағымен шектелетін болды ғой» – дейді. Расында, бабаның ел ұстаған ұрпақтары Бекболат–Тіленші–Алшынбай–Қақабаймен тәмамдалды ғой. Содан Бегімшайқы: «Түркістанға сәлем айтыңдар. Бие байлар кезде мен де барып қалармын» – деп жүріп кетіпті. Айтқаны дәл келіп, жаз шыға жарықтық қайтыс болыпты. Әзірет сұлтан кесенесінің қасына жерленген. Бірақ кім, қалай апарды ол туралы мәлімет жоқ. Көне көздердің айтуы бойынша Бегімысық әулиенің жаназасын шығарып болған кезде жиналған жұрт бір мезетке қалғып кеткендей болыпты. Көздерін ашып қараса мәйіт жоқ. Түк түсінбей жұрт аңтарылып, отырып қалыпты. Сонда бір қария: «Әулиені иелері көтеріп кеткен болар» – депті. Адам нанғысыз аңыз осылай. Алайда, Бегімшайқы қожаның Түркістанға жерленгені анық. Сонда жерленген әулие-әмбиелердің тізімінде бар.

Бегімшайқы қожа жайлы ел аузында тағы бір әңгіме бар. Ол Нұрбике Шаншар Бертіске қатысты. Шаншар абыздың сөйлемпаз, тілмәр ұрпақтарының бірі Бертіс кейде асылық айтып қоятын кездері болады екен. Ташкенттің бегі болып тұрған тұста хан Бертіске Бұхара ханы соғыспақ болып келгенде: «Он жеті ұлым бар, сен түгілі Құдайдың өзі өкпесі қабынып, алса да, зорға алар» – депті. Содан көп ұзамай Бертістің он жеті ұлына сырқат келіп, үш күннің ішінде бәрі қайтып кетіпті. Бертіс қайғыдан тамақ ішпей, теріс қарап жатып алыпты. Мұны естіген Бегімысық оның балаларына бата жасайын, өзіне көңіл айтайын деп іздеп келіпті. Қожа келіп кіріп келгенде ешкімге тіл қатпай жатқан Бертіс атып тұрып, сәлем беріпті. «Сенің әулиелігіңе сеніп, жоқ жерде асылық айтып ұрынып қалдым-ау. Сенің әулие еместігіңді білсем, олай демес едім» – дейді. Сонда Бегімысық: «Теректің өзіне түскен өрт еді. Бұтағына қағып жібергенім, қолдағаным емес пе» – депті. «Енді орныңнан тұр, бір тоқал ал, одан үш ұл туады. Бірінің атын Бектемір қой, бектік, байлық үрім-бұтағынан тепкілесе кетпейді. Екіншісі Қызылқұрт болсын: құртша құжынап, битше быжынап мал бітеді, ұрпағы бай болады. Үшіншісін Әуез қой, оның да ұрпағы бай болады» – депті. Мәшһүр Жүсіп өз шежіресінде: «Қожаның айтқаны дәл келіп, Бертістің кейінгі ұрпақтары дәл осындай болды» – деп растайды.

Қорыта айтқанда, біздің аймаққа аты әйгілі Бегімшайқы Әбдіқадырұлы жайлы қысқаша дерек осы. Мақаланы жазудағы мақсатымыз – кейінгі ұрпақтың құлағында Бегімысық әулиенің есімін қалдыру еді. Оның аруағы кейінгілерді жебеп, желей берсін. Әмин!

Серік СЕКСЕНҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Абайжан ҚАРИПОЛЛАҰЛЫ, Бегімысық әулиенің тікелей ұрпағы.

Басқа материалдар

Back to top button