Бас тақырыпБасты тақырып

Қарқаралыға апарар жол туристерге қолайлы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді ұлттық экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде бірнеше рет атап өткен болатын. Мемлекет басшысының ай­туынша, бұл сала – ішкі өнімді арттыратын құрал ғана емес, еліміздің халықаралық беделін көтеріп, өңірлік дамуға серпін беретін маңыз­ды драйвер. Ел Президентінің осы тапсырмасын негізге ала отырып, елімізде туризмді жүйелі дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынған. Сол бағыттағы үлгілі өңірлердің бірі – Қарқаралы.
Тарих пен табиғат үйлескен бұл аймақта соңғы жыл­дары ай­тар­лықтай ілге­рілеу байқалады. Жаңарған инфрақұрылым, ашыл­ған жаңа демалыс орындары, жеңіл­детілген несиемен қолдау тапқан кәсіпкерлік жобалар – Қарқаралыны еліміздің туризм картасындағы маңызды орталықтардың біріне айналдырып отыр. Енді бұл өлке қонақтарды ғана емес, инвесторлар мен кәсіпкерлерді де қарсы алуға дайын.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Турист саны 1,5 есе артты

Қарқаралы – аты аңызға айналған өлке. Тарихы терең, табиғаты сұлу, тылсымы мол бұл аймақ ежелден-ақ саяхатшылардың қызығушылығын оятқан. Ал, бүгінде сол сұлу мекенге турист ағымы ғана емес, жаңа кәсіпкерлік тынысы да келіп жетті. Қарқаралы енді тек демалуға ғана емес, инвестиция салуға болатын өңірге айналып келеді. Бұған соңғы жылдары ауданда жүргізілген жүйелі жұмыс, инфрақұрылым мен сервистік қызмет сапасының артуы дәлел.

2025 жылдың алғашқы сегіз айында Қарқаралы ауданына 20 мыңнан астам турист келген. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50%-ға артық. Статистикадан бөлек, демалыс орындарындағы толымдылық пен жаңадан ашылған нысандар да осы өсімнің нақты көрінісін береді.

Бүгінгі таңда ауданда 40-қа жуық демалыс орны бар. Олардың бір мезетте 3 мыңға жуық қонақты қабылдауға әлеуеті жетеді. Бұл салада 300-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді. Демек, туризм Қарқаралы халқы үшін табыс көзіне айналып, жергілікті экономиканың басты тірегіне айналуда.

Туристік ағымның артуында жол сапасының да маңызы зор. Қарқаралы ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлыбек Ілдебаев жол инфрақұрылымының әсерін кеңінен түсіндіріп берді.
– «Қарағанды-Қарқаралы» автожолының жөнделуі туристер ағынына оң әсер етті. Қазір жол жайлы, жүру ыңғайлы. Бұған байланысты демалыс базалары, дәмханалар мен жаңа қонақүйлер бой көтере бастады. Бұл – табиғат көрінісі мен жайлылықтың үйлесімі арқылы Қарқаралыны тартымды еткен нақты факторлардың бірі, – дейді ол.

Қарқаралы қаласының батыс бөлігінде, ұлттық табиғи паркке жақын орналасқан «Бұғылы» рекреациялық аймағы – бүгінде ерекше назардағы жоба. Жалпы көлемі 75 гектар болатын бұл аумақта бүгінде су құбыры, кәріз жүйесі мен электр желілері тартылуда. Инфрақұрылым толық аяқталған соң жер телімдері аукцион арқылы инвесторларға ұсынылмақ.

Тұжырымдамалық жоспарға сәйкес, бұл жерде тыныштық пен табиғат үндескен демалыс аймақтары, этноауыл мен ойын-сауық саябағы, аспалы жолы бар тау­-шаңғы кешені, қонақүйлер мен туристік кешендер бой көтереді.

Бұл – тек Қарқаралы емес, тұтас Орталық Қазақстан үшін үлгі боларлық жобалардың бірі.

«Жол картасы» – нақты әрекет

Қарқаралыда туризм саласын кешенді дамыту үшін арнайы «Жол картасы» әзірленген. Бұл құжат бес бағытты қамтиды.

Атап айтсақ, туристік инфрақұрылымды жақсарту, табиғи және тарихи ескерткіштерді жүйелеу, қызмет көрсету сапасын арттыру, мамандар даярлау, Қарқаралының туристік брендингін қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру.

Бұл құжат шеңберінде алғашқы нәтижелер де байқала бастады. Туристік нысандардың көбейіп, сапасы артып келеді. Ал, жергілікті тұрғындар арасында туризмге бағытталған кәсіпкерлікке қызығушылық арта түсуде.

Туризм – экономиканың қозғаушы күштерінің бірі. Расында да, бұл сала – тек ұлттық имидж ғана емес, жергілікті халық үшін де тұрақты табыс көзі.

Қарқаралыда бұл көзқарас нақты іске айналып отыр. Инфрақұрылымның жаңаруы, сервистік қызметтің сапасы, тарихи-мәдени нысандардың сақталуы мен заманауи демалыс форматтарының енгізілуі – барлығы Қарқаралыны ұлттық туристік брендке айналдыру жолындағы сенімді қадамдар.

Түйін

Қарқаралы – бүгінгі таңда жай ғана демалыс орны емес. Бұл – кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін ашық мүмкіндік алаңы, ал, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты табыс пен жаңа кәсіп көзі. Табиғаттың көркем келбеті мен адам қолымен жасалып жатқан игі өзгерістер бұл өңірді Қазақстанның туристік жүрегіне айналдыруға толық негіз қалап отыр.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button