АймақҚарағанды

Қарағандыдағы «Қайрат» базары сервистік қызметтің болмауына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылды

Облыс аумағындағы базарлар кезең-кезеңімен заманауи форматқа көшірілуде. «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңға сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін елдегі барлық сауда орындары жаңа талаптарға сай стационарлық нысандарға айналуы тиіс. Енді жабайы сауданың жолы жабылып, ашық-шашық базарлар жыл соңына дейін жаңартылады. Олай болмаған жағдайда сауда алаңдары мемлекет меншігіне қайтарылады. Осыған орай аймақтағы бес ірі базарда жаңғырту жұмыс­тары жүріп жатыр. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өңірге арнайы іссапармен келіп, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Сауда заманауи форматқа көшуі тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында да, Ұлттық Құрылтай отырысында да еліміздің даму қарқынын тежеп отырған ескі әдіс-тәсілдерден арылып, жаңа, өркениетті бағытқа көшу қажеттігін бірнеше мәрте қадап айтты. «Біздің міндетіміз – халықтың өмір сапасын арттыру, елдің экономикалық қуатын еселеу. Ол үшін нақты жобалар мен іс-қимыл қажет», – деген Президент сөзі бүгінде сауда инфрақұрылымын жаңғырту ісінде басты бағдарға айналды.

Ұлттық даму жоспары аясында 2029 жылға қарай елдегі сауданың кемінде 70 пайызы заманауи форматқа көшірілуі тиіс. Еліміздегі дәстүрлі сауда алаңдары толықтай жаңғыртылып, сауда кеңістігі цифр­ландырылып, заманауи талаптарға сай қайта жанданады.

– Ішкі және сырты сауда саласында жақсы көрсеткіштер бар. Қазір бизнес субъектілерінің отыз бес пайызы сауда саласында жұмыс істейді. Сауда саласы жұмыспен қамту бойынша бірінші орында тұр. Бұл салада бір жарым миллион адам жұмыс істейді. Ал, жалпы ішкі өнімге қосқан экономикалық үлесі бойынша екінші орындамыз. 2025 жылдың жеті айында сауда инвестициялары бес жүз жиырма екі миллиард теңгеден астам соманы құрады. (522,5 млрд). Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда отыз бір пайызға жоғары. Қарағанды облысында осы жылдың қаңтар-шілде айларында тауар айналымы 2 млрд теңгеден асты, – деді министр Арман Шаққалиев.

Қарағанды облысында сегіз жобаға бір миллиард теңгеден астам қаржы мақұлданды, оның алтауы инвестициялық мақсатта, екеуі айналым қаражатын толықтыруға бағытталды. Қарағанды қаласында жалпы сомасы 721 млн теңгеге қарастырылған төрт жобаға қол қойылды.

Межеден кешіксе, мемлекетке қайтады

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы барлық базарлардың заманауи стационарлық үлгіде жұмыс істеуі – міндет. Бұл талап заңда айқын көрсетілген. Бұл мерзім үш рет кейінге шегерілгендіктен, енді қайтадан ұзарту қарастырылмайды. Қазірдің өзінде жүзге жуық нысанда қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде, Қарағанды облысындағы бес базар кезең-кезеңімен жаңаруы тиіс. Бүгінде төртеуінде жоспар бойынша жұмыстар жүріп жатыр, ал, бір нысан қызмет сапасының салғырттығынан мемлекет меншігіне қайтарылды.

Аймақтағы ең ірі сауда алаңдарының бірі саналатын «Шығыс» базарында жаңғырту жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Нысанды толық іске қосу 2025 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Сауда алаңының директоры Юрий Коростелевтің айтуынша, мұнда тек ғимаратты жаңарту ғана емес, сонымен қатар, цифрландыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық берілген. Көлік құралдарын автоматты тіркеу, салық органдарына онлайн деректер беру, бейнебақылау жүйесін енгізу және көтерме саудагерлерге арналған бірыңғай цифрлық платформа құру қарастырылуда.

«Тұлпар» базары аумағында қазіргі таңда Халыққа қызмет көрсету орталығы мен автодром салынып жатыр. Бұл бастама сауда орнын жаңа форматта пайдалануды мақсат тұтады. Жаңа нысан тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді қолжетімді етумен қатар, сауда аймағының көлік инфрақұрылымын да реттеуге мүмкіндік береді.

Өңірдегі ең ауқымды сауда орындарының бірі – «Алтын арба» базары. Жоба аясында 20 мың шаршы метрден асатын заманауи сауда үйі салынады. Құрылыс жұмыс­тарының басталуы 2025 жылдың төртінші тоқсанына белгіленген, ал, пайдалануға беру мерзімі – 2028 жыл.

– Жобаның жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайды. Жаңа сауда орталығы жаңаша жұмыс істеу үшін кинотеатр, балалар ойын алаңы, сауда-саттық алаңдарын іске қосуды көздеп отырмыз. Ашылған соң халық шамамен 3 000 жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Жұмыс енді басталғандықтан сәл кідірістер болып жатыр. Келеңсіздіктердің бәрін әкімдік тарапының қолдауымен оңынан шешіп, халыққа жайлы қызмет көрсетуге бар күшімізді саламыз, – деді жоба үйлестірушісі Михаил Шашков.

Қарағандыдағы ескі базарлардың бірі саналатын «Горняк» сауда нысаны да қайта түлеп, жаңғыруда. Жоба жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс. Жаңғыр­тудан кейін бұл базар да санитарлық талаптарға сай, цифрлық инфрақұрылымы дамыған сауда орнына айналмақ.

Барлық нысанның жағдайы бірдей көңіл көншіте бермейтіні анық. «Қайрат» базары сервистік қызметтің болмауына байланысты мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл шешімнің негізгі себебі – базар аумағының бос тұрып қалуы және инфрақұрылымның талапқа сай болмауы.

Министр Арман Шаққалиевтің айтуынша, аталған базарларды жаңғыртудағы басты кедергілердің бірі – инженерлік желілерге қосылу, жобалық құжаттаманы келісу және қаржыландыру мәселелері. Дегенмен, бұл міндеттердің орындалуына жауапкершілік ең алдымен базар иелеріне жүктеледі. Жұмыстар белгіленген мерзімде толық аяқталуы тиіс.

Баға тұрақтылығы назардан тыс қалмайды

Қараша халықты толғандыратын ең өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларының бағасы. Тек күнделікті тұрмыс емес, сонымен қатар, елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен тұрғындардың өмір сапасын айқындайтын да – азықтүлік. Осы орайда, Сау­да және интеграция министрлігі мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, бағаға бақылауды күшейтіп келетінін айта кеткен жөн.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша орта есеппен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың баға индексі 1,4 пайызды құраған. Ал, биылғы жылдың басынан бастап бұл көрсеткіш 8 пайызға жетті. Қарағанды облысында жағдай республикалық деңгейден сәл күрделірек. Жыл басынан бері баға өсімі 9,9 пайызды көрсетіп отыр. Өңіріміз баға өсімі бойынша елімізде үшінші орынға жайғасып, сәл алаңдаушылық тудырып отырғаны жасырын емес.

Бағаның қымбаттауына негізінен 14 түрлі өнім себеп болған. Олардың қатарында күнделікті тұтынатын өнімдер – пияз, сәбіз, қырыққабат, картоп, қарақұмық жармасы, сиыр еті, май, қант, сүт өнімдері және құс еті бар. Министрлік бұл мәселені шешу үшін тұрақтандыру қорларының жұмысын, өндірушілер мен сауда желілерінің арасындағы келісімдерді қадағалауды күшейтуде.

– Біздің басты міндетіміз – азықтүлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Әрбір отбасыға күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасы тұрақты әрі қолайлы болуы тиіс. Бағаның өсуін тежемейінше халықтың әлеуметтік жағдайына оң ықпал ету мүмкін емес, – деді министр іссапар барысында.

Бұл бағытта өңірде кешенді жоспарлар іске асырылып келеді. Әкімдікпен қатар, кәсіпкерлер мен министрлік өкілдері бірлесіп, сауда желілеріндегі бағаға мониторинг жүргізеді. Логистикадан бастап, өнімді сақтау жүйесіне дейінгі тетіктерді реттеу де басты назарда.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button