Баяу интернет – өнімсіз жұмыс
ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектептері тиісті деңгейде интернетпен қамтамасыз етілмеген өңірлерді анықтады. Оның ішінде Қарағанды облысы бар.
Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясовтің айтуынша, Түркістан облысында 7, Қарағанды облысында 1 мектеп интернетке әлі қосылмаған.
«Мектепте 15 цифрлық білім беру платформасы қолданылады. Оның қатарында Күнделік, онлайн мектеп, дарын онлайн тағы басқа ресурстар бар. Жаңа оқу жылы қарсаңында еліміз бойынша 6936 мектептің 99%-ы интернетпен қамтылған. Мектептердің 83%-ында интернеттің жылдамдығы секундына 8 мегабиттен бастап, 200 мегабитке дейін, – деді вице-министр. Сонымен қатар, ол Түркістан, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарында мектептердегі интернеттің жылдамдығы секундына 512 килобиттен төмен екенін айтты. Вице-министр келтірген статистикаға сәйкес еліміз бойынша мектептерде 503 855 мың компьютер, 388 397 ноутбук және 69 211 планшет бар.
Жансая ОМАРБЕК.