Ресми

Баянды болашаққа байсалды қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жеріміздің түпкір-түпкірінде біртұтас республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған болатын. 5 аптаға межеленген ауқымды акция бұқара халықты экологиялық мәдениетке баулып қана қоймайды, мұнымен бірге, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау санасын қалыптастырады. Қарағанды облысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында белсенді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Кешенді науқанға облыстағы бес мыңнан астам эко-белсенді қатысуда. Қала мен өнеркәсіптің тынымсыз өркендеуі жағдайында экологиялық мәдениет қауіпсіз болашағымыздың маңызды тіні екендігін әркім жете ұғынатындай бұл күнде. Аталған акция алдымен жергілікті тұрғындар мен алуан ұйымдар арасында экологиялық жауапкершілікті насихаттау­ға арналды десек, жарасар. Игі бастама аясында өңір өмірінде қоршаған ортаның сапасын жақсартуға ықпал ететін көгалдандыру, абаттандыру шаралары жүйелі негізде жүргізілуде. Экологиялық мәдениет табаны жерге тиген әр адамның табиғат нығметтеріне саналы да сауатты көзқарасты керек ететіндей. Бұл қоқыс пен аумақты ластанудан тазарту ғана емес, сонымен қатар, суды, энергияны және басқа ресурстарды тиімді үнемдеуге де тікелей қатысты. Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінің жастары аумақтың ластануы мен эковолонтерлікті дамытуға лайықты назар аудару мақсатын көздеген экологиялық квестке қатысты. Доскей мен Петровка елдімекендерінің жас ұландары орталық саябақты тазалау амалдарын жүргізіп, шараны жарыс форматында қызғылықты өткізе жүріп, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау дағдыларын игерді.

– Мемлекет басшысы сәуір айының басында бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» акциясын қазақстандықтар қос қолдап қолдады. Бұл өте қажет, әрі маңызды бірегей бастама. Квестке қатысушылар ізгі ниетін шараға қатысу арқылы мұнтаздай тазалықты, табиғатты зерттеуге, қорғауға деген ұмтылысты білдіреді. Біздің басты міндетіміз – мұны өскелең ұрпаққа жеткізу, – деп қайырды аймақтық жастар көшбасшысы Жанболат Жаңбырбаев.

Ең белсенді болып танылған қатысушылар кәдесый иеленді. Сонымен бірге, жергілікті мектеп оқушылары ата-аналарымен бірлесіп, ағаш бұтағына «құс үйлерін» жасады. Көгалдандыру да жалғасуда. Аудан аумағында 5300-ден астам ағаш, ал, жергілікті кәсіпкерлер акция аясында 400 көшет екті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Бұқар жырау ауданында 230 ұжым қатысып, қатысушы саны бес мыңға жуық адамды құрады. 130 бірлік арнайы техника жұмылдырылды, 10,5 мың тонна қалдық шығарылып, 44 рұқсат етілмеген полигон жойылды. «Мөлдір бұлақ» акциясы шеңберінде 30-дан астам бұлақ айналасы тазартылды. Иә, табиғат-ана – басты байлығымыз. Әрі оны көздің қарашығындай сақтау әрқайсымыз­дың қара басымыздан мұқият болуды талап етеді. Әрқайсымыздың күнделікті әрекеттеріміз қоршаған ортаның жағдайын айтарлықтай өзгерте алады. Мәселен, қолымыздағы пластмассаны пайдалануды азайту, қалдықтарды дұрыс кәдеге жарату, суды тұтынуды азайту – кез келген адамның қолынан келерлік абзал амалдар.

– Мысал үшін, жыл сайынғы «Таза жағалау» акциясы аясында полигонға 49 тонна қоқыс шығарылды. Жағалау аумақтарының қоқыстарын жинау жөніндегі экологиялық акция республикада 1 маусымнан басталды. Ілкімді істі «Қарағанды Су» кәсіпорнының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен еріктілер белсенді қолдады. Облыс бойынша қатысушылар саны 5 мыңнан асады. 147 бірлік арнайы техника тартылды. Полигонға 49 тонна қалдық әкелінді. Күн озған сайын көгалдандыру, абаттандыру акцияларының көпке айтулы бола бастағанын қос көзімізбен көріп жүрміз. Яғни, сайып келгенде, айналадағы адамдардың экологияның маңыздылығын тереңірек түсінетінін, қоршаған ортаны жақсартуға деген шынайы ұмтылысын айғақтайды. Насихат керек! – деп пікір білдірді облыстық экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов.

Иә, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы өңірдегі ілкімді істер мемлекеттің, үкіметтік емес ұйым мен азаматтық қоғамның бірлескен күш-жігері экологиялық жағдайда оң өзгерістерге деген бетбұрысының жарқын мысалы. Экологиялық мәдениет және табиғатқа ұқыпты қарау – жай ғана сән үрдісі емес, баянды болашаққа байсалды қадам.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button