«Баяғы жартас – бір жартас»
Біз көтеріп отырған мәселе облыстағы бірден-бір қазақы басылым – «Орталық Қазақстанда» екі мәрте басылып, назарға ұсынылды. Содан бері 2-3 ай уақыт өтсе де, еш нәтиже, оң өзгеріс жоқ. Айтпағымыз – қала жұртшылығының №7 бағыттағы қоғамдық көлікте жүріп-тұруының қиындығы.
Қоғамдық көліктің қозғалысын облыс әкімі Е.Қошанов мырза тікелей қадағалап, бақылауының нәтижесінде, біраз оң өзгерістер болды. Оны қала тұрғандары жақсы білсе керек.
Бірақ, №7 бағыттағы қоғамдық көліктің жөнге келмеуі жанымызды күйзелтеді. Аталған бағыттағы қоғамдық көліктер араға 10-15 минут салып қатынайды. Сыйымдылығы 30-40 адамнан аспайтын автобустарға сығымдалып 50-60 адам мінеді. Оқушы, студенттердің өздері сыйса, портфельдері сыймай жатады.
Қызу қатынас сағатында бір аялдамадан 10-15 адам мінеді. Жүк ауырлығынан автобус дөңгелегі жарылып, жолда тұрып қалған кездері де болды. Осыдан қала тұрғындарының жұмысқа, оқуға қатынасу азабын көз алдымызға елестету қиын емес.
Көргенімізді айтсақ, көп облыс орталықтарында, тек, үлкен автобустар жүреді. «Қарағанды – өндіріс орталығы», – деп бөркімізді аспанға атамыз. Алайда, қаламыздағы қоғамдық көліктердің жай-күйік сын көтермейді.
Бақылап қарасаңыз, Гоголь көшесі арқылы қала мен «Оңтүстік-шығысқа» қатынайтын қоғамдық көлік – бір ғана №7 бағыттағы көлік. Аялдамада №7 бағытты күтіп тұрғанда, №29 бағыттағы «маршрутканың» 4-5 рет өтіп, жарысып жүргенін көреміз. Осы жағдайларға көз жеткізу үшін қала басшылығы «Нан зауыты» аялдамасынан №7 бағыттағы қоғамдық көлікке «қызмет сағатында» (час пик) мініп көрсе, өзгеріс болар ма еді..?
Қорыта айтқанда, біз қала басшылығынан тұрғындарының қоғамдық көлікте жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай туғызуын талап етеміз.
К.ЖАКУПОВА, А.БАЙТАСОВА, А.АЙДАРБЕКОВА,
оқытушылар, қала тұрғындары.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.