Руханият

Батырдың табаны тиген топырақ

Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 толуына орай Рақымжан Қошқарбаев атындағы Балқаш техникалық колледжінде «Ер есімі – ел есінде» іс-шарасы өтті. Оған батырдың көзін көрген, тәрбиесін алған ақсақал Жақсылық Дакенов арнайы қатысып, естеліктерімен бөлісті. Әрі колледж директоры Жәмила Тезекбаева да келген құрметті қонақтарға алғысын білдірді.

Суретті түсірген автор

Іс-шара батырды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталып, әрі қарай концерттік бағдарламаға ұлсаты. Балқаш қаласының тұрғыны Жақсылық Дакенов өз сөзінде балалық шағында батырдың тізесіне отырып, өнегелі тәрбиесін алғанын айтып берді.

– Мен Жеңіс Туын тіккен, қаһарман Рақымжан Қошқарбаевты өз көзіммен көріп өскендіктен болар, оның сұрапыл соғыс жылдарындағы қарсы шыққан жауынан еш тайсалмастан жасаған ерлігіне басымды иемін. Батылдығына жоғары баға беремін және есімін құрмет тұтамын, – деді.

Одан бөлек, Балқаш қаласының тұрғыны Мейрамқұл Бижамбек студенттік шағында әке аманатын орындау мақсатымен, Рақымжан Қошқарбаевты Алматы қаласына іздеп барғанын айтып берді. Балқаш қаласының Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығы Ержан Казиханов пен «Балқаш өңірі» газетінің жауапты хатшысы Қуандық Саденов те сөз сөйлеп, батырдың ерлігі жайында айтып берді. Әрі батырдың құрметіне қойылған ескерткіш тақтаның алдына гүл шоқтарын қойды. Ал, аталған ескерткіш тақтада «Рақымжан Қошқарбаев 1938 жылы осы оқу орнында дәріс алған»  деген жазу бар.

Іс-шараның негізгі бөлігі аяқталғаннан кейін білім мекемесінің екінші ғимаратына өтті. Онда батырдың өмірі мен ерлік жолына арналған мұражай бар. Сол мұражайды қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы Гүлсара Жетпісбаева қонақтарға таныстырып, құнды жәдігерлер жайында айтып берді. Одан бөлек, фотосуреттерді де таныстырып өтті.

Кездесу барысында колледж студенттерінің ұйымдастырумен Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың Рейхстагқа Жеңіс Туын жеткізген сәтінен шағын қойылым көрсетілді.

Айта кетейік,  Рақымжан Қошқарбаевтың өмірбаянына зер салсақ, соғысқа дейін Балқаш қаласында  білім алғанын тарих беттерінен көруге болады. Қазір батырдың құрметіне қаладағы колледждің біріне есімі берілген. Бүгінде сол білім ордасында болашақ дәнекерлеушілер, құрылысшылар, автомобиль слесарьлері, кран машинистері және электр монтерлер білім алып жатыр.

Думан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button