Спорт

Батырдың бәйгесі мәресіне жетті

Кеңес Одағының батыры Қазыбек Нұржановты еске алуға арналған жеңіл атлетикадан V республикалық турнир өз мәресіне жетті. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген 2010-2011 жылы туған ұлдар мен қыздар екі күн бойы додаға түсіп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар анықталды.

Турнир екі күнге созылды. Дәстүр бойынша бағдарламаға 50, 300, 600, 1000 метрге жүгіру, биіктікке секіру, ұзындыққа секіру, ату және мix эстафетасы кірді.

Қарағанды облыстық мамандандырылған олимпиада резервіндегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Эдгар Ким мен Анастасия Трофимова биіктікке секіруден, ал, Беларусь елінен келген Павел Артемьев пен қарағандылық Кнорр Кира ұзындыққа секіруден алдына жан салмады. 600 метрге жүгіруден қарағандылық Флато Климентин мен беларуссиялық Валерия Рязанова үздік болды. 1000 метрге жүгіруден Валерия Рязанова рекорд жаңартты. Астаналық Нұртас Серікұлы да дәл осы қашықтықта жеңіске жетті. Жергілікті спорт мектебінің өкілі Вероника Елисеева мен Беларусь мемлекетінің намысын қорғаған Артем Бирюк ядро лақтырудан үздік нәтиже көрсетті.

Ал, ең қысқа қашықтыққа, яғни, 50 метрге жүгіруден беларусьтық Арсений Четыркин рекорд жаңартса, қарағандылық Юлия Демкина үздік деп танылды. 300 метрге Арсений Четыркин мен Валерия Еремина қарсыластарынан бұрын жетіп, қос жеңіс алыстан келген қонақтарға бұйырды.

50 метрді кедергілер арқылы жүріп өтуден беларусьтық Назар Ясинский мен қарағандылық Александра Ефтеева шапшаңдық көрсетті.
Mix эстафетасынан Қарағанды облысының құрамасы намысты да, жеңісті де қолдан бермеді.

«Биылғы дода өте тартысты өтті. Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облысының, Астана мен Қарағанды облысының мықты спортшылары жиналды. Сонымен қоса, Беларусь елінен келген желаяқтар да барын салды. Жүлденің жартысын қонақтарымыз алды. Бұл дода – үлкен турнирлерге қатысудың алғашқы бастамасы. Бұл сайысқа белгілі жаттықтырушылар төрешілік етті, бәрі тәртіппен, еш даусыз өтті», – дейді жарыстың бас төрешісі Андрей Агеев.

Беларусь елінен келген жаттықтырушы Андрей Юрченко Қарағандының қонақжай құрметіне алғысын жаудырды.

– Қазақ батыры Қазыбек Нұржанов біздің елдің Волковыск қаласын азат ету кезіндегі шайқаста қаза тапты. Деречин селосындағы бауырластар зиратында жатыр. Біз де қаһарман Қазыбектің есімін ардақтап, жыл сайын жергілікті спорт мектебінде жеңіл атлетикадан турнир өткіземіз. Биыл үздік деген спортшыларды Қарағандыдағы турнирге алып келдік. Қоржынымыз жүлдеге толды. Қазақ халқының қонақжай көңіліне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Әріптесіміз Наталья Мозель екеуміздің иығымызға шапан жапты. Зор құрметке мың алғыс. Әрі қарай да осы турнирдің маңызын жоғарылатамыз деп ойлаймын, – дейді беларусьтық жаттықтырушы.

Жарыс жеңімпаздарына сыйлықтар мен турнирде жоғары жетістік көрсеткені үшін ақшалай сыйақыны Қазыбек Нұржановтың туыстары тағайындады.
Батырдың ұрпағы Тілек Нұржанов турнирдің салтанатты жабылу рәсімінде іс-шараны ұйымдастырушылардың барлығына бас иіп, алғысын білдірді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button