Батырдың анасы
Совет Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің анасы Бағжан шешеймен сөйлестім. Бағжан шешеймен сөйлестім де, абзал ананың перзентіне деген аяулы махаббатын аңыздан емес, өзінің аузынан естіп, қайран қалдым.
Отан соғысының от-жалыны түтеп тұрған 1942 жылдың 23 қазаны күні Нұркен Әбдіров Тростянск станциясынан ардақты анасына, үй ішіне мынадай хат жолдады.
«Аса қадірлі ата-ана, Сәрсен, Асқар, Светлана!
Апа, бірталайдан бері дайындалған уақытым бітті. Міне, ертең бе, болмаса бүгін бе, сол қызу шайқас болып жатқан жерге барамын. Сондықтан, бүгін түнгі ұйқыны төрт бөліп, сіздерге, туған жерге, әке-шешеме, аға-жеңгеме, қарындасқа керосин шамының жарығы астында, кешірім сұрап, хат жазып отырымын. Кім біледі, соғыс өлімсіз болмайды… Жас өмір ішінде алдарыңызға шығып, қатты сөз айтқан болсам, кей жасөспірім жігіттей болып сіздерді ұмытып, басқа нәрсеге көңіл бөлген болсам және тілдеріңізді алмаған күндерім болса, бүгін осы ақ қағаздың бетіне жазылған хат арқылы жас басымды сіздердің аяқтарыңызға салып, кешірім сұраймын. Міне, осы хатты жазып отырған уақытымда өткен күндер көз алдыма елестеп отыр. Сондықтан мен жас жанымды жауға бос бере қоймаспын! Егер өлетін болсам да, жастығымды алып өлермін. Неге десеңіз, менің қолымда немістерге қорғасын сыбаға беретін жылдам ұшатын аэроплан бар. Маған Отаным осындай ең алдыңғы техниканы сеніп қолыма бергеннен кейін, мен елім үшін, жерім үшін бойымдағы бар қайрат-жігерімді жауды жеңуге сарп етуім керек!..
Қадірлі туған-туысқандарым, әке-шешем! Таң болса атты. Қазір ұшуға барамыз. Сонымен, хат аяғын тәмам қылуға рұқсат етіңіздер. Көп не жазайын, қош, сау болыңыздар! Амандықпен жолығысуға жазсын!
Нұркен».
Бұл Нұркен Әбдіров өміріндегі соңғы хаттардың бірі болатын. Әлгі хаттан кейін кешікпей-ақ, сұрапыл шайқастардың бір күнінде, Нұркен Әбіров Боковская деревнясы маңында жаудың бомбылаушы самолеттерін талқандау жөніндегі жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындап, өз аэродромына бет алып келе жатқан болатын. Кенет жаудың зенит оғынан зақымданған Нұркеннің самолеті отқа оранып қоя берді. Ол аэродромына енді жете алмасын аз сәтте болжап үлгерген еді. Осы тұста оның парашютпен секіріп түсуіне де әбден мүмкіндігі бар болатын. Бірақ жауға деген өшпенділік, өзінің Отанына шын берілгендік бойын билеген Нұркен Әбдіров өзінің лапылдап жанған самолетін алғы шепке бара жатқан жаудың танк колоннасына қарай бағыттайды. Сөйтіп, ол жаудың ондаған танктерін, жүздеген солдаттары мен офицерлерін бірдей өртеп, ерлік тарихына өшпес із қалдырды.
Осы оқиғадан кейін көп кешікпейақ Бағжан шешей М.Калининнің қолы қойылған қаралы қағаз алды. Оған қоса Нұркен Әбдіровке Совет Одағының Батыры атағы берілгендігі жөніндегі СССР Жоғары Советі Президиумы Жарлығының көшірмесі мен Грамотасы қоса келді…
Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Қаралы ормандар қайтадан қалпына келе бастады, жаралы ағаштар жапырақ жамылды. Оқ ысқырған бұтақтарда бұлбұл сайрады, тіршілік қайта жайнады. Бірақ, сұм соғыстың құрбаны болған перзент қасіреті ана жүрегінен өшпейді екен. Мен мұны Бағжан шешейдің Нұркен туралы айтқан сөзінен ұқтым. Нұркенге аймалатқан мерейлі жүзінен таныдым. Ана атаулының үміт-тілегі, ұлы жүрегі нені қалайтынын бұрынғыдан да тереңірек сезіне түскендей болдым.
Сонда менің ерекше қайран қалғаным, Бағжан шешей аяулы ұлының өлімін он жыл бойы, жиырма, отыз жыл бойы естіп келе жатса да көзі көрмеген соң сол сөзге сенбейді екен ғой. Жүрек түкпірінде бір сәтті үмітпен, тірі Нұркені осы қазір немесе ертең, тіптен әйтеуір бір күні алдынан шығардай үнемі елеңдеумен жүреді екен.
– Апа, Нұркенді сағынасыз ба? – деп сұрадым әңгіме арасында.
– Дон жеріне барып, бейітін көргенше бір үміт маза бермей, сарғайта беруші еді. Қазір бәріне де көніп, көзімді жеткізіп, алаңсыз болып алдым! – деді Бағжан шешей.
Иә, Бағжан шешейді бұл сапары баласын аңсап аңыраған ананың сағынышын басқан ерекше сапар болатын.
Совет Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің бейіті – Ростов облысының Вещенск ауданында. Бейіт басында ростовтықтар орнатқан мәрмәр ескерткіш алыстан көзге түседі. Бұл ескерткішті сол жердегі Быхов орта мектебінің пионерлері қамқорлыққа алаған. Мектептегі 13 пионер дружинасы Нұркеннің атында.
Осы төңіректегі Коньков станциясының тұрғындары Дон өңіріне жаудың табанын бастыртпаған Нұркен батырдың зиратын ерекше күтіммен, хош иісті гүлге орап ұстайды екен. Мұны көргенде қарт ана Бағжан ұлының мәңгіге жамылған топырағын құшақтап, толқып жыласа да, келесі бір сәтте мақтаныш сезіміне бөленіп: «Ерлігіңнен айналдым, сені ардақтаған халқымнан айналдым!» – деген болатын.
Бағжан шешейді осы сапарында атақты жазушы Михаил Шолохов қонаққа шақырды. М.Шолоховтың үйі Нұркен батырдың бейітінен қырық шақырым жердегі Вещенск станциясында орналасқан.
Қарт ана ұлы жазушының үйінде қонақта болып, ықылас-ілтипат, сый- құрметін көреді. Қайтарында Михаил Александровичке:
- Сіздей даңқты адамның атын алыстан көп естуші едім. Кітаптарыңызды балаларымыздың, немерелеріміздің қызыға оқитынын жақсы білемін. Енді міне, дәм тартып, өзіңізбен дидарласып, қонағыңыз болдым. Бізді осылайша жолықтырып отырған – менің ұлымның аурағы мен Сіздің атақ-абыройыңыз. Сізге де, ұлыма да ризамын. Мекеніңіз жердің жұмағы екен, өзіңіз ел үшін туған азамат екенсіз. Өміріңіз ұзақ, жерің, елің көзден-сұқтан аман болсын! – депті.
Сонда ұлы жазушы Михаил Александрович шын толқу үстінде:
- Әбден орынды лебіз білдірдіңіз-ау! Менің өз басымның қазақ еліне, қазақ жеріне борышым да, алғысым да көп еді. Кешегі сұрапыл соғыс күндерінде Сіздің батыр ұлыңыз менің Дон өзенімді жаудан қорғап қаза тапқанда, үй ішімді, жұбайым мен балашағамды Сіздің меймандос, кеңпейіл қазақ елі паналатып, бауырына басып еді. Сізді былайша үйіме шақыруым – Сізге көрсеткен ықыласым, Сіздің аяулы жұртыңыздың сол бір тамаша ықылас-пейілінің аз да болса бір қарымын қайтарудың шарапаты болар. Сіздің ұлыңыз Нұркен – біздің бәріміздің де ардақты ұлымыз. Біздің туысқан халықтарымыздың мызғымас достығының белгісі, міне, осы. Сондықтан да, жас қазақ жігітін бәріміз мақтан етіп, ескерткішін құрмет тұтамыз. Ел-жұртыңызға бізден мың рахмет, достық сәлем айтыңыз. Ал, Нұркен сияқты батыр ұлды өмірге әкелген Сіздей анаға бас иіп, тәжім етемін! – деп Бағжан шешейді құшақтап, бетінен сүйеді.
Сексенге келген қарт ана аяулы ұлына деген отыз жыл бойғы сағынышына осылай сабыр беріп, мауқын осылай басып қайтады.
…Әй, бірақ, ана жүрегінен сағыныш пен үміт сарқылмайды екен. Бағжан шешеймен әңгімелескенде бұған көзіміз кәміл жетті.
– Апа, осы Нұркен балаңыз түсіңізге кіре ме? – деп сұрадым сөз арасында.
– Е, шырағым, – деп Бағжан шешей терең күрсініп алды. – Әлдилеп- әлпештеп өсірген баланың қимыл-қылығы, бейнесі жүрек шіркіннен өшпейтін көрінеді ғой. Содан да болу керек, Нұркеніммен кейкейде түсімде дидарласып, қарық болып қалатыным бар… Соңғы рет осы, алдыңғы күні түсіме кірді. Көптен көрмеген әдемі түс еді, мына бір іргемізден өтетін бесінші троллейбустың таң атпай басталатын гуілі оятып-ақ жібергені. Соғыс жаңа біткен екен деймін. Нұркенім аман-есен келіпті. Сол баяғы шығарып салғандағы қалпы. Бұрын «Апа-ау» деп келіп еркелей кететін мінезі болушы еді, енді өйтпейді. Салқын тартып, қатал болып алған сияқты. «Мынау қу соғыс жатағынан түңілген құландай жатбауыр етіп жіберген бе, Тәңірім-ау!» деп Нұркенімнің әлгі мінезін өзімше уайымдап жүрмін. Содан, бір орайын тауып, Нұркенімнің өзіне айтсам, Нұркенім сол бұрынғысынша «Апаау» деп еркелей күліп, маған қолын созады. Мен де қол созып, енді құшағыма ала бергенде оянып-ақ кеткенім. Бұдан кейін ұйқы келу қайда?..
– Шешей, ана атаулы ардақты ғой. Сөйтсе де, Нұркендей батырды дүниеге әкеліп, тәрбиелеген Сізді халқыңыз қатты қадірлейді. Ал, Нұркенге деген халық ықыласы бір төбе. Нұркен атында кеңшар, көше, оқу орындары бар. Нұркенге арналған кино, ән-күй сияқтылардың бәрі де – сол ықылас-құрметтің айғағы. Міне, осылардың бәрі Сіздің жүрегіңізге қалай әсер етеді?- деп сұрадым.
– Еліне лайық ұл туса, ондай перзентін халқы қашанда аялай да, ардақтай да білген ғой. Бұл – ізгі дәстүр. Мені, әсіресе жастар жағы жиналыстарына жиі шақырады, сонда «Нұркен ағадай сұңқар боламыз!» деп саңқ еткен балалардың үнін естіген сайын, Нұркенім «Апа» деп алдымнан шыққандай болды. Сонсоң, Нұркеніме орнатылған талай ескерткіш бейнені көріп жүрмін ғой, алайда, осы Қарағанды қаласындағы ескерткіш өзімнің Нұркеніме тым ұқсас. Тас болса да, сол бейнеге жиі-жиі барып тұрмасам, мені іздейтіндей алаңдап отырамын.
– Сөз орайындағы бір мысал ғой, апа, егер бір ғажайып күшпен Сіздің жалғыз ғана тілегіңіз орындалар болса, осынау дүниеде не қалар едіңіз? – деп сұрадым тағы да.
– Ана атаулы ақ сүтін берген баласының қасіретін көрмесе екен деп тілер едім. Өйткені, әйел-ананың қабағын мұң шалмаса – әлемде тыныш тіршіліктің болғаны ғой. Ал, тыныштық, бейбітшілік – игі ниетті адам атаулының асыл мұраты, абзал арманы! – деді Бағжан шешей.
Мен батырдың анасымен осылай дидарластым. Ана жүрегінің құдірет-қасиетіне осылай куә болдым…
Ақселеу Сейдімбек,
Шығармалары 6 томдық, 1 том, «Фолиант» баспасы, 2010 жыл.