Батыр жайлы бір үзік сыр

Бүгін, 27 шілдеде қазақстандық тұңғыш ғарышкер Тоқтар ӘУБӘКІРОВ 75 жасқа толды. Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры, ҚР «Халық Қаһарманы» орденінің кавалері туралы Қарағанды №6 ЖББМ авиация және космонавтика мұражайының сақтаушысы Мағрипа КӘРІБЕКОВА айтып берді.

Мектеп мұражайы 2020 жылы жұмыс істей бастады. Оның ашылуына Тоқтар Әубәкіровтің туған әпкесі Гүлсім Қыстаубаева шақырылды.

– Мен 30 жыл бойы ғарыш айлағындағы тұлғалардың өмірі мен қызметін зерттеумен айналысып келемін. 90-жылдардың басында №100 мектепте космонавтика бұрышын аштық, Тоқтар Әубәкіровтың ұшуы туралы мақала жаздым. Мен оның өмірбаянын зерттедім, туыстарымен жеке таныспын. Тоқтардың тәтесі бір кездері маған оның пальто, китель, қалпақ және жастық шағында оқыған кітаптарын, сондай-ақ ұшу кітаптарын берді. Заттардың бір бөлігін біз өлкетану мұражайына бердік, бірақ көпшілігі бізде сақтаулы, – деді Білім беру ісінің құрметті қызметкері Мағрипа Кәрібекова.

Сондай-ақ, мұражайда Талғат Мұсабаевтың парашют костюмі мен Айдын Айымбетовтың жеке заттары, «Байқоңыр» ардагерлері Марат Омарбаевтың, Сара Нұрғалиеваның және басқа да көптеген адамдардың өмірбаяндары, Ғарыш ғылымына үлкен үлес қосқан Константин Циолковский мен Сергей Королёв туралы мәліметтер бар.

Осы жылы Тоқтар Әубәкіровтың тағы бір айтулы күні – «Союз ТМ-13» кемесінде ғарышқа ұшырылғанына 30 жыл толады. Зерттеуші ғарышкер орбитада 7 күн 22 сағат 13 минут болды.

– Осы жылдың қазан айында біз Тоқтар Әубәкіровтың өмір жолы туралы деректі фильмді таныстырғымыз келеді. Ол өзінің мысалында балаларға Отанға деген сүйіспеншілік сезімін және өз кәсібіне деген адалдықты тәрбиелеуге лайық, – деп қосты мұражай сақтаушысы.