Батыр есімі ұлықталған турнир
Қарағандыда Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровті еске алуға арналған еркін, грек-рим және әйелдер күресінен 55-ші республикалық турнирдің жалауы желбіреді. Жарыстың ашылуы «Жастар» спорт кешенінде өтті. 10-желтоқсанға дейін жалғасады деп жоспарланған турнирдің ашылу салтанатына ҚР Күрес федерациясының президенті, Парламент Мәжілісінің депутаты, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов пен облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысып, спортшыларға ақ жол тіледі.
Турнирге барлығы 400-ге жуық спортшы қатысуда. Байрақты бәсекеге Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттері мен Қазақстанның түпкір-түпкірінен және Астана, Алматы мен Шымкент қалаларынан командалар жиналған.
Облыстағы классикалық және еркін күрес мектебінің негізін қалаушылар Шарип Харисов пен Феликс Премильскийлердің ұйымдастыруымен аталмыш турнир алғаш рет 1961 жылы өткен екен.
Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Ислам Байрамуков пен Мәулен Мамыров Біріншіліктіе топ жарған. 2005 жылдан бастап турнирге әйелдер де қатыса бастады. Бейжіңдегі XXIX Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Шалыгина осы турнирде әйелдер арасында алғаш рет жеңімпаз атанған.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.