Батыр ерлігі лайықты бағаланды
Арқаның алтын бесігі – Ақтоғайдан шығып, ауыздықпен су ішкен, етігімен саз кешкен сұрапыл соғыста өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, Кеңестер Одағының Батыры атанған қазақтың қайсар ұлы Қазыбек Нұржановтың туғанына биыл – 100 жыл. Осыған орай, Батырдың Отан алдындағы адал қызметін кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында облыста әртүрлі шаралар атқарылуда.
Ерлікке – мәңгілік құрмет
Облыс орталығында ел үшін кеудесін оққа тосқан батырлардың есімін иеленген спорт нысандары баршылық. Енді олардың қатары Қазбек Нұржановтың есімін иеленген жеңіл атлетика манежімен толықты. Батырдың есімі жазылған мемориалдық тақта аталмыш нысан ғимаратына орнатылады.
Жеңіл атлетика манежіне батыр есімін беру салтанатына қоғам қайраткерлері, ардагерлер кеңесі мүшелері, ақтоғайлықтар мен Т.Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебінің оқушылары қатысты. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың ерлігін естен шығармау керектігін айтып, Беларусь халқы Қазыбек Нұржановтың есімін ерекше құрметтейтінін жеткізді.
-
Жыл сайын Отан қорғаушы күні қарсаңында Беларусь олимпиадалық резерві мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде жеңіл атлетикадан Кеңес Одағының Батыры Қазыбек Нұржанов атындағы кубогы үшін жарыс өткізіледі. Мұндай игі шарадан біз де тысқары қала алмаймыз. Биыл батыр құрметіне осындай жарыс біздің облысымызда да өтті. Оның үстіне, қаладағы жеңіл атлетика манежі батырдың есімін иеленді, – дейді Дмитрий Васильевич.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров болса Беларусь елінде батырдың есімі алтын әріптермен жазылғанын айтады. Көршілес елдің батырларға деген көзқарасына, олардың ерлігін ерекше елейтініне тәнті болған ол Волковыск қаласында батырға орнатылған ескерткіш те бар дейді.
Шараға Қазыбек Нұржановтың немере бауыры Тілек Нұржанов та қатысты. Жастайынан батыр атасының ерлігі жайлы әңгімелерді құлағына құйып өскен ол Ұлы Жеңіс күнінде Отан үшін от кешкен туысын үнемі еске алатындарын айтады.
-
1984 жылы әкеммен бірге Белоруссиядағы батыр ағамның жерленген жеріне барып қайттық. Ауыл тұрғындары бізді ерекше ықыласпен қарсы алды. Неміс басқыншыларымен күресте қаза тапқандарды бұл жерде ерекше құрметпен еске алады. Тіпті, мектептерінде Қазыбек Нұржановтың пайдаланған заттары қойылған мұражай да бар. Батырдың ұрпағы екенімді мен ғана емес, бүкіл Ақтоғай жұрты мақтанышпен айтады. Кеңес Одағының батыры – Қазыбек Нұржановтың ерлігі бізге, кейінгі ұрпағына үлгі, – дейді Тілек Нұржанов. Тілек Нұржановтың ұлы да батыр атасының жолын жалғап, әскери қызметте.
Айта кету керек, облыс орталығындағы жеңіл атлетика манежіне Қазыбек Нұржановтың есімін беруге мұрындық болған – ардагерлер кеңесі. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралды Төреғожин батырдың немересі Оралхан Нұржановпен бірлесе, құзырлы органдарға хат жолдап, жеңіл атлетика манежіне батыр атамыздың есімі берілсе деген ұсыныс білдірген.
Волковыск қаласын азат ету тобын басқарған қазақстандық жауынгер Қазыбек Нұржановтың батыл әрекетіне төтеп бере алмаған дұшпан тым-тырақай қашқан. Немістің офицерін тұтқынға алған Қазбек Нұржанов осы шайқаста өзі де ауыр жарақат алып, қайтыс болған. Ерлігі мен қаһармандығы үшін жерлесімізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Өшпес даңқ, өлмес рухтың белгісі
Ал, Ақтоғай ауданында Қазыбек Нұржановтың 100 жылдық мерейтойына орай саябақ ашылып, батыр ескерткіші бой көтерді. Батырға деген құрмет туған жерінде жалғасын тауып, сол аудандағы, Жидебай ауылдық округіне қарасты Үшарал елді мекенінде 20 қыркүйекте саябақ ашылды. «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен батыр ұрпақтары ескерткіш орнатты. Саябақтың лентасын аудан әкімі Салтанат Әбеуова, ауданның Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Сағадат Дүйсебеков, ескерткіш мүсіннің лентасын Қ.Нұржановтың ұрпағы Әлімқұл ақсақал қиып, шараға жиылған қауым батыр рухына тағзым етті.
– «Ерлік – тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады» дейді халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы. Дәл осы қасиетті бойына сіңірген Қазыбек Нұржанов елін жаудан қорғап, Отан үшін ерен ерлік жасады. Батырдың рухына тағзым ету, оның есімін ұлықтау – бүгінгі ұрпақ, біздің басты парызымыз, – деді, аудан әкімі Салтанат Әбеуова.
Мерекелік шараға жиылған әлеумет аудандық «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің, белгілі сазгер, танымал әнші Бота Ноғаева мен Қадыр Баймурзиндердің өнерін тамашалады. Одан әрі Қ.Нұржановтың рухына құран бағыштап, ас берілді.
Салтанат ІЛИЯШ,
Думан ҚАБЫЛ.