Батыр ерлігі – бұқараға үлгі
Туған халқымыздың өткен тарихына көз жіберсек, отансүйгіштіктің ерен үлгісін көреміз. Мәселен, XX ғасырдың жарқын тұлғасы, Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, жазушы – Бауыржан МОМЫШҰЛЫ. Батырдың ерлігі – бұқараға өнеге, жазба туындылары – кейінгі буынға өсиет.
Ол – елі мен жерін шынайы сүйген, оған адал қызмет еткен, сын сағатта жан аямай қорғаған, қол бастап, жауды жеңуге өлшеусіз үлес қосқан ер. Батыр 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды. Мәскеу үшін болған шайқаста панфиловшы атқыштар полкі мен аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған батальон жауынгерлері асқан ерлік көрсетті. Олар батырлық, достық, тәртіптілік пен ұйымшылдықтың үлгісін танытып, күші төрт есе басым жаумен бір ай бойы шайқасты. Түпкі нәтижеде дұшпанды ойсырата жеңіліске ұшыратты. Осылайша, 316-атқыштар дивизиясы Мәскеу түбіндегі аңызға айналған ерлігі үшін «Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1942 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы ұрыстарда 8-гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқарған полк жауынгерлері ерекше көзге түсті. Бауыржан жүрегіне кек тұнған қайсар ерлерді жиырма жеті рет шабуылға бастап шықты. Бес мәрте қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құраммен көп шығынсыз дивизиясына қосылды. Халықтың өзі батыр деп танып, ардақтаған қаһарман ұлға 1990 жылы Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
Ол – кітабы әлемге таралған жазушы. Жазушының соғыс, отаншылдық тақырыбына жазған мақалалары, қанатты сөздері – шындықты іздеген жанайқайы. Оның қаламынан туған шығармалары бірнеше тілге аударылып басылды. Оның мірдің оғындай қанатты сөздері – халықтың аузында. Батыр жайында өлең-дастандар, естелік мақалалар мен кітаптар да көп. Александр Бектің «Арпалыс», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», келіні Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер», ұлы Бақытжан Момышұлының «Жанымның жарық жұлдызы» – солардың қатарында. Баукеңнің игерген өнері де көп. Айталық, суретті керемет салған, кәсіби суретшілерден бір мысқал да кем емес. Құралайды көзге атқан мерген болған, турникке тартылу және басқа спорт түрлерінен озық жетістіктерге жеткен. Шабандоздығымен, атбегілігімен аты шыққан. Әсіресе, жауынгерлерді тәрбиелеуде өте озық тәжірибе үлгісін көрсеткен. Әскери қолбасшылығы – өз алдына бөлек әңгіме. «Б.Момышұлының соғыс тактикасы» аталатын оқулығы Израильдің әскери оқу орындарында оқытылады және студенттер ол пәннен емтихан тапсырады. Кубаның әскери мектептерінде де Бауыржанның соғыстағы әдіс-тәсілдері бойынша дәріс беріледі. Осыны ескерсек, Б.Момышұлын әскери ғылымның нағыз білгірі деуге болады.
«Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» деп батырдың өзі айтқандай, жүрегімізде Бауыржан Момышұлының есімі мәңгі сақталады. Бауыржан атамыз сияқты өмірі өнегелі істерге толы қасиетті тұлғаны жете біліп, оларды мәңгі есте сақтау – біздің қасиетті борышымыз. Осы оқу жылында мектебімізге батыр бабамыздың есімін алу мақсатында мектеп ұжымы педагогтер мен оқушылар тәрбиелік, танымдық мәні бар мектепішілік, қалалық іс-шаралар өткізуде. Атап айтсақ, «Батырлыққа – тағзым» атты танымдық мұражай жабдықталуда. Аймақтық деңгейде «Тұлғасы – тұнған тәлім, есімі елге мәлім – Бауыржан Момышұлы» тақырыбында аймақтық ғылымитәжірибелік конференция өткізу жоспарда тұр. Батырға арналған әндер байқауы, жоба қорғау, интеллектуалдық сайыстар, сыныптан тыс іс-шаралар, ашық сабақтар, «Book crossing», «Білімнің көзі – кітапта» жобасы, «Ұшқан ұя» хикаятындағы отбасылық құндылықтар», бастауыш сыныптарда «REАDx» жобасы бойынша Б.Момышұлы жайлы жазылған шығармалардан сахналық қойылым, әр апта сайын өткізілетін «Ұшқан ұя» танымдық клубының шаралары өткізілуде.
Біздің бүгінгі мақсатымыз – қазақ батыры Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігі, өнегелі істерін насихаттай отырып, оқушылардың бойында Отанға деген, өмірге деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отанға деген сүйіспеншілік – еліміздің келешегіне, оның кемел ұрпағына біздің аманат етер ең қасиетті өсиетіміз деп білейік. Отанын сүюді Бауыржан Момышұлындай өнеге етіп қалдырған басқа қаламгер жоқ» деп атап өткен. Бауыржан Момышұлының отаншылдығы – патриоттық тәрбие беруде баға жетпес құндылық.
Зайра ЖАНТЫБАЕВА,
№77 мектеп директоры.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.