Батыр додасы мәреге жетті
Қарқаралы ауданының Нұркен ауылында Кеңес Одағының Батыры Нұркен ӘБДІРОВТІҢ ерлік жасағанына 75 жыл толуына орай волейболдан облыстық ашық турнир өтті.
Турнир 1976 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы жолы да батыр жүлдесін сарапқа салуға 16 команда келді.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Халел Мақсұтов жиналған командалар мен жанкүйерлерді құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Бұқаралық спортты дамытуда айшықты жарыстардың үлесі зор екенін атап өтіп, әр командаға сәттілік тіледі.
Келесі құттықтау сөзге ие болған аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Назгүл Игілікова бірқатар марапаттар тапсырды.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Орталық комитетінің ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медалін «Төлеуғазы» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеуғазы Әбдинге, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медалін «Жаңа өлке» шаруа қожалығының жетекшісі Ербұлан Наурызбаев пен «Ерболат» шаруа қожалығының жетекшісі Амантай Жүнісовке тапсырды.
Аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрлан Байтуллин жарыстың мән-маңызына тоқтала келіп, ардагер спортшылар – Оралбай Кеңесбаев, Асылан Аймақов пен Қайрат Топаевтың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Салтанат барысында шараға демеушілік жасаған азаматтардың есімдері де аталды. Олардың қатарында Ерғазы Төлеу, Аманай Мырзабаев, Аслан Аймақов, Мұрат Жауғашаров, Нұрлан Хасенов, Нұрлан Қасымов, Нұрлан Байтуллин, Ардақ Әбдікешов, Жасұлан Мәуленов, Руслан Шакаримов, Алтай Батырбеков, Сұлтанбек Есенқұлов және ауыл әкімі Аян Бейсенбеков бастаған ауыл әкімдігі ұжымының азаматтары бар.
Аталған жарыстың бастауында тұрған аға спортшылар атынан Оралбай Кеңесбаев ағамыз да тілегін жолдап, лебізін жеткізді.
Турнирдің бас төрешісі Жасұлан Әбділдин жарыстың тәртібімен таныстырып өткен соң, дода басталды. Түннің бір уағына дейін жалғасқан турнир жеңімпаздары анықталды. Абай ауылдық округіндегі Мыржық ауылының командасы жарыстың жеңімпазы атанды. ІІ орынды Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылының командасы иеленді. ІІІ орынды Шет ауданы жеңіп алса, Жаңатоған ауылының командасы ІҮ орынды қанағат тұтты. Төрт орынды иеленген командалар қаржылай сыйлықпен, медальдармен марапатталды. Жеңімпаз команданың, яғни, Мыржық ауылы командасының атауы Нұркен батыр атындағы ауыспалы кубоктің бүйіріне жазылады. Ал, үш мәрте жеңімпаз атанған команда кубоктің мәңгілік иегері атанады. Тағы бір айта кетерлігі, спортшылар арнайы Алматы қаласынан алдырылған «Нұркен» деген жазуы бар доппен ойнады. Дәл осы доппен биыл еліміздің қыздар құрама командасы Тайпей құрамасына қарсы ойнапты. Халықаралық дәрежеде додаға түскен доп, осылайша, ел азаматтарының атсалысуымен Нұркен батыр турнирінде ойынға қосылды.
Ойын алаңында төрешілік жасаған Тоғжан Мейрам, Елнұр Хасенов пен Айбол Сатыбалдиннің де еңбектерін атап өткенді жөн көрдік.
Батыр атындағы дәстүрлі турнир, бұйыртса, келер жылы да жалғасады. Ал, 2019 жылы Нұркен Әбдіровтің туғанына 100 жыл толмақ. Бұл орайда, аудан басшысы Халел Мұқатайұлы батырдың ғасырлық тойына әзірлікті бүгіннен бастау керектігін айтты.
Аян СӘУЛЕБАЙҰЛЫ.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.