Жаңалықтар

Батыр бейнесі – аялдамада

Шаһарымызда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Отыз жылдыққа – отыз аялдама» акциясы жалғасуда. Күні кеше ғана тағы бір аялдама безендірілді.

Балқаш қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ұлпан Сапарғалидың айтуынша, қазіргі кезде қала аялдамаларында белгілі тұлғалардың суреті мен өмірбаяны, шығармашылығы орналастырылып, ұлттық нақыштағы оюлармен безендіріліп, шаһардың сәнін келтіруде.

– Бүгінде қаладағы бірнеше аялдамадан белгілі тұлғалар туралы мәліметтерді алуға болады. Жақында безендірілген автобус аялдамасынан Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы, әскери жазушы Бауыржан Момышұлының өмірі, ерлігі және шығармашылығымен танысуға болады. Батырдың өршіл, рухты қанатты сөздері өскелең ұрпақты батылдыққа, елге, жерге деген сүйіспеншілікке, ана тілін құрметтеуге, қайсарлыққа, адамгершілікке, азаматтыққа, парасаттылыққа тәрбиелейді. Кезекті аялдаманың сыртқы келбетін өзгертуде демеушілік көрсеткен Балқаш қаласы экономика және қаржы бөлімінің өкілдеріне алғысымыз шексіз. Жақын арада қаламыздың тағы да бірқатар аялдамалары тақырыптық безендірілетін болады, – дейді Ұлпан Сапарғали.

Маманның мәлімдеуінше, қаланың көркі де, мүлкінің құндылығы да тұрғындарға тікелей қатысты. Әсем шаһарымыздың қажетті мүлкіне ұқыптылық танытар жанашырлар көп болсын.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button