Шет ауданы Жарылғап батыр ауылы тұрғындары зор қуанышқа кенелді. Ауылда жаңа мешіт халық игілігіне берілді. Мешіттің ашылуы әдеттегідей Құран оқумен басталды. «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Құмар Қоныскерей Құран бағыштап, облыстың бас имамының Алғыс хатын табыс етті.
Жиналған жамағатқа имандылық, жастар тәрбиесі, мешіттің халықтың береке-бірлігін арттыруда атқарар рөлі жайлы кең көлемде уағыз айтты. Сонымен қатар, Шет ауданының имамы Берік Махамбетчин Құран кітабын тапсырып, ауыл ақсақалы Қуаныш Шонанұлы бастаған ел азаматтары мешіттің ашылу рәсімін жасады.
Жазушы, этнограф, «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қорының президенті Төрехан Майбас мешіт кітапханасына 100 кітап сыйға тартты. Ақтоғай ауданының «Құрметті азаматы» Тұңғышбай Мұқан да кітапханасынан біраз кітапты тарту ретінде жіберген екен. Арнайы кітапхана ашылғанын естіген жұрт, қолына түскен әдеби, діни кітаптарын тапсырып жатты. Сонымен қатар, ас беріліп, тай, құнан, ат бәйгесі, палуандар күресі ұйымдастырылып, қомақты жүлделер ұтысқа қойылды.
Палуандар арасында 70 келі салмақта Әбілқайыр Мәуленин, 80 келі салмақта Марлен Жанғабыл жеңімпаз болып, «Көкбөрі Керней баба» қорының 150 мың теңге жүлдесін еншіледі. Ал, «Түйе палуан» Ермұхан Естайға мотоцикл бұйырды.
Құнан жарысында Абай Шонановтың жүйрігі, тай бәйгесінде Бауыржан Макишевтің қыл құйрығы, аламанда Қазанғап Айназдың тұлпары қара үзді.
Ас барысында әсем де көрікті мешіттің бой көтеруіне мол үлес қосып, негізгі жұмыстарын атқарған азаматтарға алғыс айтылып, иықтарына шапан жабылды.
Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz