Басты тақырып

Батыр атындағы бәсеке


Жуырда Қарағанды қаласындағы «Аманат арена» спорт кешенінде тұңғыш рет әскери қоян-қолтық ұрыстан Абылай ханның белді батыры, қазақтың көрнекті қолбасшысы – Дербісәлі АЙДАБОЛҰЛЫНЫҢ рухына бағышталған республикалық турнир өтті.

Дүбірлі додаға Қазақстан Республикасы қоян-қолтық ұрыс федерациясы мен батыр ұрпақтары мұрындық болды. Дербісәлі батыр бабамыздың турниріне еліміздің түпкір-түпкірінен келген таңдаулы спортшылар қатысты. Айтулы турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Дербісәлі батырдың тікелей ұрпақтары бабадан мұра боп қалған қылышын көпшілік алдына алып шықты. Сондай-ақ, батыр туралы театрландырылған қойылымды ел назарына ұсынды.
Батырдың ұрпағы Төлепберген Әбеу­ұлы: «Біз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен осынау ұлан-байтақ даламызды, ұрпақтарына аманат етіп кеткен батыр бабаларымыздың өр рухына әрқашан тағзым етуге тиіспіз. Ар-намысты ту еткен хас батырларымыз қан майданда дүлей дұшпанмен жекпе-жекке шығып, ел мен жердің тұтастығын қорғап қалды. Сондықтан, Абылайханның оң қолы болған батыр Дербісәлі Айдаболұлы бабамыздың рухына бағышталған турнирдің басты мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, ержүректілікке, намысқойлыққа баулу, ұлттық спорт мәртебесін көтеру. Ұлт мүддесі үшін күресетін өр рухты азаматтарды тәрбиелеу. Батыр бабамыздай ел қорғайтын хас батыр болыңдар», – деп тілек айтты. Турнирді ұйымдастырушы Байқабыл Рахымжан елінің азаттығы үшін жан аямай күресіп, бар саналы ғұмырын сарп еткен бабамыздың тұңғыш турнирі жоғары деңгейде өткендігін тілге тиек етті. Бұл турнирдің ауқымын халықаралық деңгейге көтеруді ойластырып жатқандығын айтты.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды Қарағанды облысының командасы жеңіп алса, екінші орын Астана командасына бұйырды. Ал, Қостанай командасы үшінші орынды қанағат тұтты.
16-18 жас аралығында 50 келі салмақта Әділ Назикеев, 55 келі салмақта Еркебұлан Есентай чемпион атанды. 60 келі салмақта Никита Воронин, 65 келі салмақта Талғат Гуламназиров бірінші орын тұғырына көтерілді. 70 келі салмақта Анвар Эшметов, 75 келі салмақта Жанбота Журкаба, 75+ келі салмақта Мадияр Оспанов қарсыластарын ойсырата жеңді. Сондай-ақ, 19-дан жоғары жастағы бәсекеде түрлі деңгейдегі халықаралық жарыстарда олжа салған шебер – Айтуған Шүлембай қарсыластарынан басым түсті. 60 келі салмақта Мерей Жұбанов, 65 келіде Темірлан Әбенбаев, 70 келіде Нұрбек Жанұзақов батыр атындағы турнирдің алғашқы жеңімпазы атанды. 75 келі салмақта Ерасыл Уәлиев, 80 келі салмақта Бауыржан Мыңжасов үздік шықты. 85 келі салмақта Дарын Қойшыбаев қарсылас шақ келтірмеді. 85+ келі салмақта Данияр Орынбектің мерейі үстем болды. Жеңімпаздар арнайы чемпиондық белбеуді иеленді. Бірінші орын иеленген спортшылар спорт шебері атағын ие болып, демеушілер тағайындаған қомақты сыйақымен және үздік техникасы үшін арнайы дипломдармен марапатталды.

Нұрдос Кәрім.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button