Жаңалықтар

Батылдық пен нәзіктік үйлесімі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді», – деп атап өтті.
Қазіргі таңда қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер жоғары бағалануда. «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі», – дейтін Тоқтар ауылының тумасы Гүлнұр Кенжебаева – мұнаралы биік кранды басқарады. Кран тізгіндеген келіншек осылайша нағыз батылдық пен нәзіктіктің үйлесімін аңғартты.

Гүлнұрдың әкесі дәнекерлеу­ші әрі механизатор болып жұмыс істеген. Өзі нәзік жанды әрі үйінің кенжесі бола тұра даланың тірлігіне араласқан. Әртүрлі салаға қызығып, арман қуған ару ойламаған жерден кран басқарушы қызметіне ауысқан. Өзі де бұл жағдайды таңданыспен еске алады.

– Кран басқарудан бұрын әртүрлі салада жұмыс істедім, көңілімнен шықпады. 2010 жылы өнеркәсіптік ғимараттардың қаңқаларын, эстакадаларды дайындаумен айналысатын Қарағанды металл конструкциялары зауыты оқушы ретінде жұмысқа шақырды. Алты ай бойы кран басқаруды оқыдым. Қысқамерзімді оқу курсынан өткен соң, батыл шешім қабылдап, осы салаға бет бұрдым. Қазіргі таңда «АльянсЛогистик» компаниясы әрі «Жилой фонд» фирмасында мұнаралы биік кранды басқарамын, – дейді Гүлнұр Кенжебаева.

Ол кейінгі жылдары жұмысшы мамандықтарына ерекше көңіл бөлініп жүргенін айтады. Оны күнделікті өмірде сезініп жүр. Осы орайда өзімен қызмет атқаратын азаматтардың ерекше қолдауы мен қамқорлығына алғысын білдірді.

– Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру қоғамда еңбек адамының қадірін арттырады. Кәсіби біліктілігін шыңдау – жұмысшылардың қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Әрине, кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту маңызды. Мамандық таңдағалы отырған жас буынға техникалық білім алуға жағдай жасау керек. Оларға кәсіби бағдар беріп, заман талабына сай мамандықты таңдауға жөн сілтеу қажет.
Кран басқарушының жалақысы көңілімнен шығады. Ұжымда басқарушымыз – мықты әрі командасын ойлайтын адам. Темір болған соң кран сынбай тұрмайды. Сол уақытта электриктер және дәнекерлеушілер жедел көмекке асық. Жұмыста да азаматтардың қолдауын сезінемін, – дейді ол.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button